Қазақстанда емханаларға тіркелу науқаны тоқтатылды: нені білу маңызды?

02.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Қазақстанда әдетте 1 қыркүйектен басталатын емханаларға тіркелу науқаны жойылды.

Бұл ақпаратты бізге Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде растады. Tengri Health медициналық ұйымды енді қалай және қашан таңдауға болатынын, тіркеуден бас тарту себептерін және жақын маңдағы клиникада бос орын болмаған жағдайда не істеу керек екенін түсіндіреді.

Тіркелу науқаны - мерзімдері мен ықтимал өзгерістер

Мамырда "Ашық НҚА" порталында емханаларға тіркелу ережелеріне енгізілетін өзгерістер туралы бұйрық жобасы жарияланды.

Енгізу ұсынылған басты жаңалықтардың бірі - жыл сайынғы тіркелу науқанын алып тастау.

"Бұл ретте медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы және тұрғылықты жері ауысқанда немесе емделушінің қалауы бойынша емхананы ауыстыру мүмкіндігі сақталады", - делінген құжатта.

Сол кезде біз бұл туралы егжей-тегжейлі жазған едік. Денсаулық сақтау министрлігі бұйрық күшіне енгеннен кейін адам жыл ішінде бір рет кез келген уақытта басқа медициналық ұйымға ауыса алатынын түсіндірді. Ол үшін нақты мерзімдерге байланудың немесе клиниканы ауыстыру себебін көрсетудің қажеті болмайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы (ҰҒДСДО) аталған бұйрықтың өткен аптада бекітілгенін хабарлады. Ондағы басты жаңалықтың бірі - еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқанның тоқтатылуы.

"Енді емхананы жыл ішінде бір рет кез келген уақытта таңдауға болады. Денсаулық сақтау министрлігі емханаларға тіркелу жүйесін ретке келтіруді ұсынды. Бұл өзгерістер алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыруға тиіс", - деп түсіндірді Ұлттық орталық өкілдері.

Бұл маңызды, бірақ жалғыз өзгеріс емес. Атап айтқанда, қолданыстағы тіркелу тәртібіне басқа да нақтылаулар енгізіледі:

меншік нысанына қарамастан, бір емханаға тіркелу принципі бекітіледі; емхананың қызмет көрсету аумақтық шекаралары айқындалады; халықтың жекелеген санаттарын, соның ішінде студенттерді, курсанттар мен әскери қызметшілерді тіркеу тәртібі нақтыланады; отбасына бағытталған қағидатты сақтау және патронажды қамтамасыз ету үшін балалар мен жүкті әйелдерді тіркеу тәртібі егжей-тегжейлі баяндалады; елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды тіркеуден шығару механизмі және тағы басқа бірқатар толықтыру енгізіледі.

Жаңартылған ережелер жарияланып, мәліметтер толық белгілі болғанда, біз осы мәселелерге қайта ораламыз.

Бүгін тек емханаларға тіркелу туралы сөйлесеміз. Бұл тақырыпқа келгенде тұрғындарда көптеген сұрақ туындайды. Біз олардың ең жиі қойылатындарын талдаймыз.

Емханаға қалай тіркелуге болады?

Бұрынғыдай кез келген медициналық ұйымға - мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан тіркелуге болады. Басты шарт - клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен (ӘМСҚ) алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша келісімшарт жасасуы керек.

Қандай емханаларға тіркелуге болады?

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2026 жылы қормен МСАК (Медициналық-санитариялық алғашқы көмек) бойынша 687 медициналық ұйым келісімшарт жасасты: 355 мемлекеттік және 332 жекеменшік клиника.

Таңдауды осы ұйымдардың арасынан жасауға болады. Емхананың қормен жұмыс істейтінін анықтау үшін тіркеу бөліміне қоңырау шалып білуге болады.

Тіркелудің қандай жолдары бар?

Емханаға тіркелу, бұрынғыдай, екі жолмен жүзеге асады - eGov порталы арқылы онлайн немесе медициналық ұйымға жеке бару арқылы.

Егер онлайн жасасаңыз:

"Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметін таңдаңыз; емхананы таңдаңыз; өтінімге электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойыңыз.

Келесі жұмыс күні сіз сәтті тіркелгеніңіз туралы немесе себебі көрсетілген бас тарту туралы хабарлама алуыңыз керек.

Егер сізде ЭЦҚ болмаса, таңдалған емханаға жеке куәлігіңізбен тікелей барып, өтініш бере аласыз. Ол да бір жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.

Емханада нақты бір дәрігерді таңдауға бола ма?

Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының МСАК республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нұргүл Аждарова Қазақстанда әрбір дәрігерлік учаске үшін жүктеме нормасы белгіленгенін түсіндіреді.

Сондықтан жаңа емделушіні тіркеген кезде емхана учаскелердің қаншалықты бос емес екенін және жаңа адамдарға қызмет көрсету мүмкіндігін ескереді.

Бір учаскедегі жүктеме нормалары: орта есеппен бір жалпы практикалық дәрігер 1700-ден 2000-ға дейінгі адамға қызмет көрсетеді, учаскелік терапевт - 2200-ге дейін ересек пациентке, учаскелік педиатр - 900-ге жуық балаға қызмет етеді.

"Егер адамның нақты бір дәрігерге қаралуға ниеті болса, бұл мәселені медициналық ұйымның әкімшілігімен талқылауға болады. Басты шарт - учаскеде бос орындардың болуы. Мұны тікелей емхананың өзінен анықтауға болады", - деп түсіндіреді Аждарова.

Сарапшының айтуынша, емхана пациенттерді учаскелерге бөлуді өз бетінше жүзеге асырады және оны емхана басшысы бекітеді.

Өз ауданыңнан тыс жердегі емханаға тіркелуге бола ма?

Заңнамада медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы қарастырылған, дейді Нұргүл Аждарова. Бірақ қызмет көрсетудің отбасылық қағидаты мен аумақтық қолжетімділікті ескеру маңызды.

Әрбір қалалық аудан шартты түрде учаскелерге бөлінген, олардың ішіндегі үйлер белгілі бір емханаға тиесілі болады. Бұл ретте маңайда бірнеше МСАК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) ұйымы орналасуы мүмкін және теориялық тұрғыда олардың кез келгеніне тіркелуге болады. Спикердің айтуынша, адам осы ұйымдардың ішінен қалағанын таңдауға құқылы.

"Ең басты шарт - емхана адам тұратын ауданда орналасуы тиіс. Бұл аумақтық қолжетімділік қағидатын қамтамасыз ету үшін қажет. Әйтпесе кейбір медициналық қызметтерді алуда, мысалы, дәрігерді үйге шақыруда қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан біз жүкті әйелдер мен 17 жасқа дейінгі балаларға нақты тұрғылықты жері бойынша МСАК ұйымына тіркелуге кеңес береміз", - деп түсіндіреді сарапшы.

Ол емхананың жақын маңда болуы тиіс екенін айтады.

Облыс тұрғыны Алматы немесе Астана емханасына тіркеле ала ма?

Егер адам қала маңында, мысалы, Алматы облысының Талғар қаласында тұрып, өзі жұмыс істейтін Алматы қаласындағы емханаға тіркелгісі келсе, бұл мүмкін бе?

"Бұл бізге ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Бұл жағдайда аумақтық қолжетімділік қағидатын орындау мүмкін емес, сондықтан қаладағы медициналық ұйымға тіркелуге де болмайды", - дейді МСАК орталығының басшысы.

Тіркелу мүмкіндігі нақты тұрғылықты жеріне байланысты: егер адам Талғарда тұрса, ол емхананы да сол қаладан таңдауы тиіс.

"Азамат жұмысының жанындағы емханада тек бір ауданда тұрып, әрі сол жерде жұмыс істеген жағдайда ғана қызмет ала алады", - деп түсіндіреді спикер.

Қандай жағдайда емханаға тіркеуден бас тартылуы мүмкін?

Бас тартуға негіз болатын себептер аз емес және олардың барлығы ережемен айқындалған:

адам eGov арқылы өтінім берген, бірақ қате мәліметтер көрсеткен; басқа аумаққа қызмет көрсететін емхананы таңдаған; адам тіркелгісі келетін емханадағы учаскелерге түсетін жүктеме тым жоғары болса.

"Егер нормативтермен белгіленген тіркелген халық саны асып кетсе және ол жерде қосымша учаскелер ұйымдастыру мүмкіндігі болмаса, емхана жақын маңдағы басқа МСАК ұйымына тіркелу туралы ұсыныспен дәлелді бас тарту жауабын беруі тиіс", - дейді спикер.

Адамды тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркемесе не істеу керек?

Мынадай жағдайды елестетейік: отбасы жаңа тұрғын үй кешеніне көшіп келіп, жақын маңдағы емханаға жүгінді, бірақ учаскелердің толып кеткені туралы жауап алды. Көршілес медициналық ұйымда да дәл осындай жағдай. Не істеу керек?

Нұргүл Аждарованың сөзінше, ереже бойынша емхана әкімшілігі адамды тұрғылықты жері бойынша тіркеу үшін шаралар қолдануға міндетті. Мұны қосымша учаске ұйымдастыру арқылы шешуге болады. Егер қандай да бір себептермен бұл жүзеге аспаса, пациент клиника әкімшілігінен ресми жазбаша жауап талап етуі маңызды.

"Егер мәселе шешілмесе, денсаулық сақтау басқармасына жүгінуге болады. Тәжірибе көрсеткендей, мәселені шешудің нұсқалары әрдайым табылады. Бұл учаскелер бойынша қайта бөлу немесе жақын маңдағы басқа медициналық ұйымға тіркеу болуы мүмкін", - деп сендіреді спикер.

Әрбір адамның алғашқы медициналық көмек алуға құқығы бар екенін түсіну маңызды, сондықтан мұндай өтініштер міндетті түрде қаралады.

Адамды өз келісімінсіз бір емханадан шығарып, екіншісіне тіркеп жіберуі мүмкін бе?

Жоқ, заңды негізсіз мұндай жағдай болмауы тиіс деп нақты жауап берді сұхбаттасушымыз.

Әдетте, тіркеуден шығару тек азамат басқа емханаға өз бетінше ауысқан кезде ғана автоматты түрде жүреді. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, ең алдымен eGov арқылы тіркелу мәртебеңізді тексеруіңіз керек. Содан кейін екі медициналық ұйымға да барып, мән-жайды анықтау қажет.

"Азаматтың өтінішінсіз тіркеуді өзгертуге жол берілмейтінін түсіну маңызды, бұған тек медициналық ұйымды қайта ұйымдастыру немесе тарату сияқты жекелеген жағдайлар ғана жатады. Егер заңбұзушылық белгілері болса, денсаулық сақтау басқармасына хабарласу немесе eOtinish сервисі арқылы өтініш беру қажет", - деп кеңес береді маман.

Бұрын адамдардың көпшілігі дәрігер мен емхана таңдау құқығын 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығындағы науқан кезінде пайдаланатын, енді нақты мерзім жоқ. Тіркелу қызметі тегін көрсетіледі.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 34 мыңнан аса адам ешбір емханаға тіркелмеген деп есептелді.

ӘМСҚ мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада МСАК клиникаларына барлығы 20 миллионнан аса адам тіркелген. Оның ішінде 9,4 миллион ересек және 4,8 миллион бала - мемлекеттік, ал 4 миллион ересек және 1,8 миллион бала жекеменшік емханаларға бекітілген.

Авторы: Оксана Акулова

Аударған: Дина Шәріпхан

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Қазақстанда емханалардың жұмыс істеу ережелері жаңартылды: бұл пациенттерге қалай әсер етеді?

Қазақстанда балаларды кім емдейді? Денсаумин емханалар жұмысына өзгерістерді дайындап жатыр

Қазақстанда емханаға тіркелу ережелері қалай өзгереді - толығырақ

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қазақстан

тіркеу

Денсаулық

емдеу

ережелер

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью