Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру талқыланып жатыр. Бұл кімге тиімді, кімге тиімсіз?

11.06.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Ең төменгі жалақы 150 мың теңге.

Ең төменгі жалақы 150 мың теңге.

Бұл айтарлықтай әсерлі естілмегенімен, көптеген қазақстандық мұндай мөлшерлемені асыға күтіп отыр: олар қазір бұдан екі есе аз алады. Қазіргі уақытта ең төменгі жалақы (ЕТЖ) - 85 мың теңге. Елде бұл экономикалық көрсеткішті арттыру қажеттілігі туралы айтылып жүргеніне біраз болды. Жақында бұл идея тағы да күн тәртібіне оралды.

Шешім қабылдайтын тұлғалар бұл мәселені әлі де таразылап жатқанда, Tengrinews.kz редакциясы ЕТЖ неге маңызды көрсеткіш екенін және оны бірнеше рет қалай көтермек болғанын еске алады. Сондай-ақ сарапшылармен қазіргі экономикалық жағдайда мұндай реформаны жүзеге асыру қаншалықты шынайы екенін, персоналға жұмсалатын шығынды күрт көтеруге мәжбүр болатын шағын бизнес банкротқа ұшырамай ма және бұл "үстеме" инфляцияға қалай әсер ететінін талқылайды.

Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы - 85 мың теңге. Бұл елдегі кез келген жұмыста толық бір ай үшін берілетін "кепілдендірілген" ақша. Осы лимиттен аз төлеуге ешкімнің құқығы жоқ. Кем дегенде, қағаз жүзінде бәрі солай болуы тиіс. Яғни, мәніне үңілсек, ЕТЖ - бұл күнкөрістің "ресми минимумы".

Айта кететін жайт, елдегі күнкөріс деңгейі бұдан да төмен - шамамен 50–60 мың теңге, нақты сома өңірге байланысты өзгереді.

Сонымен қатар ЕТЖ тек жалақыға ғана қатысты емес. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін маңызды төлемдер осыған байланысты. Егер адам ресми түрде жұмыс істесе, қиын немесе маңызды өмірлік жағдайларда қанша ақша алатыны тікелей ЕТЖ көлеміне байланысты болады. Міне, бірнеше мысал:

Декреттік төлемдер. Бұл бір жолғы төлем әйелдің кейінгі жылдағы ресми табысы бойынша есептеледі. ЕТЖ өскен кезде бұл табыстың ең төменгі шегі де автоматты түрде көтеріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, жалақысы аз жұмыс істейтін әйелдер "минимум" өскеннен кейін қомақтырақ декреттік төлем алады. Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша жәрдемақы. Декретке дейін жұмыс істеген аналар кейінгі екі жылдағы орташа жалақысының 40 пайызын алады. ЕТЖ өскенде бұл орташа көрсеткіш те жоғарылайды, демек, балаға ай сайын төленетін сома да көбейеді. Жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда берілетін төлемдер. Егер адам уақытша табыссыз қалса немесе ауыр сырқаттанып қалса, оның жәрдемақысы ресми әлеуметтік аударымдар негізінде есептеледі. ЕТЖ неғұрлым жоғары болса, мұндай қолдаудың көлемі де соғұрлым жоғары болады.

Түйіндей келгенде, ЕТЖ - бұл жай ғана табыс деңгейінің декларативті көрсеткіші немесе шартты минимум емес. Бұл - өзгерген жағдайда елдің бүкіл қаржы жүйесінде тізбекті реакцияны автоматты түрде іске қосатын айтарлықтай үлкен макроэкономикалық тетік. Егер ең төменгі жалақы 150 мыңға дейін көтерілсе, бұл бірден бірнеше деңгейдегі шығындар мен төлемдерге әсер етеді. 

ЕТЖ-ны екі рет көтеруден қалай бас тартты және соңында неге көтеруге бел буды?

Енді бір жыл бұрын не болғанын еске түсірейік.

2025 жылдың тамызы. Бұл уақытта Қазақстанда әрдайым келер жылға арналған бюджет бекітіледі (жалпы, Бюджет кодексіне сәйкес үш жылға алдын ала бекітіледі) және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы болжанады. Дәл осы сәтте айыппұлдар, жәрдемақылар және көптеген төлемнің сомасы тәуелді болатын барлық "негізгі көрсеткіш" - АЕК, ЕТЖ және тағы басқалары бекітіледі.

Сонымен, 2025 жылғы тамызда бұл көрсеткішті өзгерту туралы идея айтылды, бірақ үкімет одан бас тартты. Вице-премьер және ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сол кезде былай деді:

"Әзірге бізде ЕТЖ-ны көтеру туралы мұндай жоспарлар жоқ. Бүгінде - 85 мың, әзірге ЕТЖ-ны ұлғайтуды қарастырып жатқан жоқпыз".

Үкіметтің баспасөз қызметі

Екі айдан соң ЕТЖ туралы тағы да сөз қозғалды, бірақ бұл жолы Парламентте. Депутаттар оны 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

Сол күні брифингте журналистер Серік Жұманғариннен бюджетте  ЕТЖ-ны көтеруге қаражат қарастырыла ма деп сұрады. Шенеунік қазір негізгі назар мемлекетті тұрақтандыруға аударылып отырғанын айтты:

"Меніңше, қазір базаны қалыптастыру керек. Ең төменгі жалақыны көтеру - алыс емес деп ойлаймын. Алыс емес. Бұл мәселелер әрдайым қарастырылады. Әрине, әрбір қазақстандыққа бірден жақсы жаңалық жеткізгіміз келеді. Бірақ сәл кідіріс жасайық, өйткені қазіргі уақыт өте мазасыз".

2026 жылдың сәуірінде ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин кулуарда билік ең төменгі жалақыны қазіргі 85 мың теңгеден екі есеге жуық өсіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты:

"Біздің міндетіміз - жақын арада ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу. (...) Қазір кірістер бойынша жылдың қалай қорытындыланатынын көреміз. Егер бұл динамика сақталса, онда бізде мұны істеуге қаржылық мүмкіндік туады".

Азамат Әмрин. Фото: Gov.kz

Шенеуніктің айтқаны мұнай нарығындағы жағдайға сілтеме болса керек. Әлемдік мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты (ал бұл Қазақстанның негізгі экспорттық тауары) мемлекеттік бюджетке қазір бастапқы болжамдардан айтарлықтай асатын түсімдер түсіп жатыр.

Қарапайым тілмен айтқанда: қазір мемлекетте "артық ақша" пайда болып жатқан сияқты. Егер шикізаттың жоғары бағасы мен осы бір таңғаларлық қарқын сақталса - үкіметте расымен де "артық" ақша болады. Шамасы, бұл қаражатты ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) уәде етілген 150 мың теңгеге дейін көтеруге бағыттау жоспарланып отырған көрінеді.

Бұл жерде шикізат нарығында кез келген сәтте қайтадан құбылмалылық орнауы мүмкін екенін түсіну маңызды. Бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ - мемлекет әлі де ой үстінде, ал сарапшылар ЕТЖ-ны көтеру туралы мәселенің неге қайта көтерілгені жайлы пікірлері және бұл қадамның инфляцияға, бизнеске, халыққа және мемлекеттің өзіне қалай әсер ететіні туралы болжамдарын бөлісуге дайын.

Жалақыны көтеру туралы бұрыннан келе жатқан сұраныс

ЕТЖ-ны көтеру идеясы жаңа емес. Бірақ бұл мәселеге неге дәл қазір оралдық? Бұл туралы экономист Жанат Нұрғалиевпен әңгімелестік. Мұнай бағасының өсуіне байланысты жоғарыда аталған жаңа мүмкіндіктерден бөлек, экономист тағы бір болжамын бөлісті.

Оның айтуынша, бағаның қымбаттауы мен инфляцияға байланысты халық арасында жалақыны өсіру туралы сұраныс баяғыдан бар. Өйткені кейбір азаматтар шынымен де ең төменгі төлем алып отыр. Бірақ бұған тек олар емес, қазақстандықтардың айтарлықтай кең тобы мүдделі.

"Қазір ЕТЖ-ны көтеру мәселесін азаматтық қызметшілер де белсенді түрде көтеріп жатыр, өйткені көптеген лауазымдық жалақы мен коэффициент дәл осы ең төменгі жалақыға байланған, - деді Жанат Нұрғалиев. - Сондықтан олар да өсімді күтеді. Қазіргі жағдайды, қоғамдық сұранысты және танымал емес реформаларды - ҚҚС-тың өсуін, баға мен тарифтердің қымбаттауын ескерсек, бұл халық тарапынан оң қабылданатын шара болуы мүмкін".

Жанат Нұрғалиев. Спикер ұсынған сурет

Сонымен қатар, экономист пікірінше, мемлекет осылайша қазынаға түсетін аударымдар көлемін арттыруды жоспарлап отыр:

"Егер ЕТЖ-ны, айталық, 85 мыңнан 140–150 мың теңгеге дейін көтерсе, онда ЖК мен жұмыс берушілер салық пен аударымдарды осы сомадан төлеуге міндетті болады. Тиісінше, бұл мемлекет үшін бюджетке түсетін қосымша табыс. Өйткені қазір көбісі дәл осы ең төменгі жалақыны негізге алады".

Бізде бұған ақша бар ма?

Экономист, халықаралық брокер Арман Бейсембаев ЕТЖ-ны көтеру туралы әңгіменің бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқанын еске салды.

"Бұл бір бітпейтін тақырыпқа айналды. Шын мәнінде, ЕТЖ-ны көтеру мәселесі, менің білуімше, шамамен 23-жылдан бері қозғалып келеді".

Неге шешім қабылдау соншалықты ұзаққа созылды? Спикердің пайымдауы бойынша, бұл бюджетте жыл сайын бұған қаражаттың жетіспеуінен болып отыр.

Арман Бейсембаев. Сурет: жеке мұрағаттан

Назар аударатын жайт: ЕТЖ-ны көтеру - бұл жай ғана бизнеске қызметкерлерге "көбірек төле" деген нұсқау беру емес. Қазынаның өзі үшін 150 мың теңгелік меже шығындарды екі есе арттырады. Ең төменгі жалақы көтеріле салысымен, қатардағы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің (шамамен миллионға жуық адам) жалақысы автоматты түрде өседі, ал олардың соңынан әлеуметтік аударымдар мен қазір ЕТЖ негізінде есептелетін барлық төлем артады.

Сонымен, елімізде бұған ақша бар ма? Экономист Жанат Нұрғалиев жалақыны көтеру үшін мүмкіндік бар деп есептейді, бірақ ол шығындарды оңтайландыру есебінен жүзеге асуы тиіс:

"Бірінші кезеңде бұл Еңбек министрлігінің бюджетін оңтайландыру, жекелеген төлемдерді қысқарту, резервтерді пайдалану, Ұлттық қордан берілетін трансферттер немесе қарыз алу есебінен жасалуы мүмкін".

Ал Арман Бейсембаев басқа пікірде. Ол қазір елде мұндай манипуляциялар үшін резервтер жеткіліксіз деп санайды - тіпті мұнай бағасының күрт өсуін ескергеннің өзінде.

"Қымбат мұнай" тұзағы: неге шикізаттан түсетін артық табыс - ЕТЖ үшін нашар іргетас

Халықаралық брокер Қазақстан бюджеті табысының қазіргі өсімі уақытша құбылыс екенін түсіндіреді. Қазір қазына мұнай бағасының шарықтауына (барреліне 95–110 доллар) байланысты толығып жатыр, бірақ оның әлемдік нарықтағы қазіргі тапшылығы, оның айтуынша, жасанды сипатқа ие.

Іс жүзінде нарықта мұнай жеткілікті, деп толықтырды ол, тек Иран төңірегіндегі қақтығыстар мен басқа да геосаяси оқиғаларға байланысты үйреншікті логистикалық бағыттар (мысалы, Ормуз бұғазы) жабылып, шикізат сатып алушыларға жете алмай жатыр.

"Бұл ұзаққа созылатын жағдай, бірақ ол мәңгілік емес, - деп жалғастырды сарапшы. - Бұл жағдай осы жылдың аяғына дейін созылуы мүмкін. Немесе келесі жылға ауысуы ықтимал. Оны ешкім білмейді. Бірақ жағдай тұрақтала салысымен, Иранмен соғыс басталғанға дейін болған нарықтағы мұнайдың созылмалы артықшылығы қайта оралады. Қазір барреліне 95–110 доллар шамасында тұрған мұнай бағасы алдымен 60-қа, сосын 50-ге түседі, ал кейін 40-қа дейін құлдырауы мүмкін. Міне, осы тұста мемлекет үлкен таңдау жасауы керек болады".

Фото: Depositphotos.com

Сондықтан Арман Бейсембаев ЕТЖ-ны мұншалықты күрт көтеру үшін қазір ең қолайлы уақыт екеніне күмән келтіреді. Ол экономикадағы қатаң ережені еске салады: мемлекеттің табысы қалай құбылса да, әлеуметтік шығыстар мәңгілікке бекітіледі.

"Мұнай бағасы ерте ме, кеш пе түседі, оның үстіне күрт төмендеуі мүмкін, бұл өте ауыр тиеді. Мәселе мынада: табысыңыз азайғанымен, шығыстарды бұрынғы қалпына келтіру мүмкін болмайды. Табысыңыздың бұрынғы деңгейде қалатынына ешқандай кепілдік бере алмайсыз. Ал оларды қамтамасыз ету керек, бұл - әлеуметтік міндеттемелер. Олар: "Әттең, кешіріңіздер, мұнай арзандап кетті. Сондықтан ЕТЖ-ны қайтадан 85 мыңға түсіреміз" деп айта алмайды. Бұған кім келіседі? Қазіргі жағдайда, шыны керек, ондай ресурстар да жоқ", - дейді сарапшы.

ЕТЖ-ның көтерілуі бизнестің жағдайын жақсарта ма, әлде нашарлата ма?

Келесі маңызды сауал: ЕТЖ-ны көтеру (егер ол жүзеге асса) бизнес пен экономикаға қалай әсер етеді?

Экономист Жанат Нұрғалиев ықтимал әсерді екі негізгі тезиспен сипаттайды:

Қазынаны толтыру. Мемлекет үшін бұл тек пайда әкеледі. Ресми жалақының өсуі салық салынатын базаны автоматты түрде ұлғайтады - бюджетке қосымша қаражат түседі. "Көлеңкелі" экономиканың ашыққа шығуы. Ал еңбек нарығында табыстарды амалсыз жария ету процесі басталады. Егер бұрын кейбір жұмыс берушілер есепте ресми ең төменгі жалақыны (85 мың теңге) көрсетіп, қалғанын "конвертпен" беріп келсе, енді оларға кем дегенде 140–150 мың теңгені заңдастыруға тура келеді.

Нұрғалиевтің пікірінше, бұл шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін кішігірім стресс-тест болуы мүмкін. Жаңа ең төменгі көрсеткіш салықтар мен әлеуметтік аударымдар шығынын автоматты түрде арттырады.

Ал екінші экономист Арман Бейсембаев кәсіпкерлердің көпшілігі үшін ЕТЖ-ның екі есе өсуі айтарлықтай соққы болмайды деп есептейді. Тек қызметкерлеріне шын мәнінде таза 85 мың теңге төлеп келгендерге қиын соғады - олар заңды орындау үшін өзге шығындарын қысқартуға немесе штатты оңтайландыруға мәжбүр болады.

Сарапшының пікірінше, ШОБ-тың басым бөлігі үшін жағдай басқаша болады - бұл қызметкерлеріне онсыз да ең төменгі жалақыдан артық төлеп жүрген, бірақ айырмасын "конвертпен" беретіндерге қатысты.

Қазіргі сызба мынадай: адамды іс жүзінде 200 мың теңгеге жұмысқа алады, бірақ салықтар мен аударымдардан (зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру, МӘМС) үнемдеу үшін келісімшартта 85 мың теңге көлеміндегі "жалаң" ЕТЖ-ны көрсетеді. Қалғаны қолма-қол беріледі.

Ал болашақта былай болуы мүмкін: егер ЕТЖ 150 мыңға дейін көтерілсе, жұмысшының қолына алатын жалпы сомасы өзгермейді - сол 200 мың теңге күйінде қалады, дейді экономист. Бірақ жұмыс берушілер бұл арақатынасты қайта бөледі: ресми "ақ" бөлігі 150 мың болады да, "конвертке" небәрі 50 мың теңге кетеді.

Сондықтан экономист компаниялардың жаппай жабылуын күтпейді - тіпті керісінше нәтиже болуы мүмкін.

"Бұл жерде жалақының осы бөлігі, керісінше, көлеңкеден шығады, - деп түсіндіреді Бейсембаев. - Қазір ол ЕТЖ 85 мың болғандықтан көлеңкеде қалып отыр, ал егер ол шартты түрде 150 мың болса, жұмыс берушілер: "Жақсы, міне саған 150 мың. Бірақ жұмысшының атына аударылатын жарналарды да енді 150 мыңнан есептеп төлейміз" дейтін болады".

Жаңа ЕТЖ инфляцияны өршіте ме?

ЕТЖ-ның күрт өсуі қазақстандықтардың әмиянына міндетті түрде әсер етеді. Шамамен миллионға жуық адам "байи түседі" делік. Бұл нарық үшін анық белгі - экономикаға ақша "құйылды", адамдардың шығын шығару мүмкіндігі артты.

Осыған байланысты бизнес бағаны көтере ме? Инфляциялық қысым күшейе ме?

Бұл мәселеде экономист Нұрғалиев сабырлы - баға өсімі толқынынан қорқудың қажеті жоқ дейді. Иә, ЕТЖ-ның өсуі инфляцияға серпін береді, бірақ ол оның әсері шектен тыс болады деп есептемейді.

"Қазірдің өзінде экономикада инфляциялық қысым байқалып отыр, мемлекет оны базалық мөлшерлеме және басқа да тетіктер арқылы тежеуге тырысып жатыр", - дейді Жанат Нұрғалиев.

Арман Бейсембаев бағаның бір мәнді түрде өсетінін айтады, өйткені экономикада ақша массасы нақты көбейеді. Миллион адамның сатып алу қабілетінің күрт артуы - Қазақстан ауқымында үлкен күш.

Сарапшының айтуынша, бұл жерде классикалық экономикалық "көшкін" әсері іске қосылады:

"Нарық үшін сигналдың өзі маңызды. Егер тізбектің бір басында адамдардың табысы екі есе өссе, демек, олар екі есе көп жұмсай алады деген сөз. Сәйкесінше, тізбектегі келесі буын - сатушы да екі есе көп табыс табады. Нәтижесінде экономикадағы ақша массасы күрт артады. Егер отандық өнімділік пен ұсыныс деңгейі оған ілесе алмаса, бұл бағаның тікелей өсуіне әкеледі. Нарық сатып алушыларда ақша көбейгенін түсініп, жаңа баға тепе-теңдігін табады".

Фото: Depositphotos.com

Сонымен қатар, бүкіл ел бойынша бағаның шарықтауы болмайды деп сендіреді сарапшы, бірақ кейбір өңірлер соққыны бірінші болып қабылдайды. Бұл әсіресе ең төменгі жалақы алушылар көп шоғырланған аймақтарда - Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігінде қатты сезіледі.

"Елімізде жалақы деңгейі дәстүрлі түрде жоғары Алматы, Астана қалалары мен батыс өңірлер бар. Қазақстанның қалған бөлігі әлдеқайда кедей тұрады. Мәселен, теріскейде ауыл шаруашылығы дамыған - бұл табысы аз, өнімділігі төмен еңбек, онда халықтың басым бөлігі ең төменгі жалақыға қарап отыр. Оңтүстіктегі Түркістан облысы мен Шымкентте де жағдай осыған ұқсас. Жергілікті бизнес сатып алушылардың қолындағы ақша екі есе көбейгенін тез түсініп, бағаны айтарлықтай көтеріп жібереді. Сондықтан бұл өңірлерде қымбатшылық қатты сезіледі", - деп түйіндеді экономист.

Түйін орнына. ЕТЖ таңдау алдында

Ең төменгі жалақы төңірегіндегі пікірталас кезекті рет мынаны көрсетті: ЕТЖ - бұл бюджеттегі жай ғана цифр немесе "халыққа көп төлеу" туралы құр уәде емес. Бұл - артында жұмысшылардың табысы, бизнестің шығындары, әлеуметтік төлемдер, салықтар, бюджеттік міндеттемелер мен инфляциялық тәуекелдер тұрған көрсеткіш.

Бір жағынан, жалақыны өсіру қажеттілігі айдан анық. Қазіргі бағалармен 85 мың теңгені еңбекақының шынайы төменгі шегі деп айту қиын. ЕТЖ-ны көтеру табысы ең төмен азаматтарды қолдауға, жалақының бір бөлігін көлеңкеден шығаруға және әлеуметтік аударымдарды арттыруға септігін тигізер еді.

Екінші жағынан, ең төменгі жалақыны бірден 150 мыңға дейін өсіру - мұнайдың қымбаттығынан түскен уақытша артық табыстарға сүйеніп қана қабылдана салатын шешім емес. Бюджет кірісі азаюы мүмкін, ал жаңа әлеуметтік міндеттемелер қалып қояды.

Сондықтан мәселе ЕТЖ-ны көтеру-көтермеуде емес, оны нақты қалай жүзеге асыруда болса керек: бірден бе әлде кезең-кезеңімен бе, қандай қаржы көздері есебінен, осал бизнеске қандай қолдау көрсетіледі және ең төменгі жалақы жиі кездесетін өңірлер үшін оның салдары қалай есептелген? Бұл еңбекақы төлеудің әділетті жүйесіне жасалған маңызды қадам болуы мүмкін. Бірақ ол қоғамға жақсы жаңалықты тезірек жеткізу мақсатында емес, жан-жақты экономикалық есепке негізделген жағдайда ғана жүзеге асады.

Аударған: Дина Шәріпхан

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Жоғары базалық мөлшерлеме көпшіліктің мүддесі үшін: сарапшы Қазақстанның экономикасы туралы айтты

“Несие мен ипотеканы бұдан былай төлей алмаймын“. Қарызы бар қазақстандықтар не істеуі керек?

Курьерлер экономикаға қауіп төндіре ме: жастар еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр?

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью