Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Даму стратегияларының іске асырылуына мониторинг жүргізу олардың орындалу барысын бағалау, көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткізу деңгейін анықтау және стратегияларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүзеге асырылады.
Алғашқы мониторинг ғылым қаласы мен ғылыми-технологиялық парк мәртебесі берілген күннен бастап бір жыл өткен соң, даму стратегияларының орындалу қорытындысы бойынша жүргізіледі. Кейінгі мониторинг жыл сайын өткізіледі.
Даму стратегияларының орындалу барысын жыл сайын бағалау кезінде мониторинг субъектісінің сұрауы бойынша ғылым қаласы мен ғылыми-технологиялық парктің басқарушы компаниялары сұрауда белгіленген мерзімде, бірақ оны алған күннен бастап кемінде 15 жұмыс күні ішінде мынадай құжаттарды ұсынуға тиіс:
даму стратегияларының іске асырылуы туралы есеп;даму стратегияларының орындалу барысы туралы мәліметтер.Ұсынылған құжаттар мен мәліметтер мемлекеттік цифрлық жүйелердің деректерімен, статистикалық есептілікпен, сондай-ақ берілген ақпараттың дұрыстығы мен даму стратегияларының нақты нәтижелеріне сәйкестігін растайтын құжаттармен негізделуі керек.
Мониторинг субъектісі ұсынылған құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде қарайды.
Қосымша мәліметтер сұрату қажет болған жағдайда басқарушы компанияларға хабарлама жіберу арқылы мониторинг жүргізу мерзімі 15 жұмыс күнінен аспайтын уақытқа ұзартылады.
Мониторинг қорытындысы бойынша субъект ұсынылған құжаттарды қарау аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қорытынды әзірлейді. Онда даму стратегияларындағы іс-шаралардың орындалу нәтижелері, нысаналы индикаторларға қол жеткізу деңгейі, анықталған ауытқулар және стратегиялардың іске асырылу дәрежесі көрсетіледі.
Даму стратегияларының іске асырылу деңгейі іс-шаралардың орындалуы мен нысаналы индикаторларға қол жеткізу нәтижелері негізінде мынадай өлшемшарттар бойынша анықталады:
жоғары деңгей – даму стратегияларындағы іс-шаралардың кемінде 80%-ы орындалып, нысаналы индикаторлардың кемінде 80%-ына қол жеткізілген;жеткілікті деңгей – іс-шаралардың 60-79%-ы орындалып, нысаналы индикаторлардың 60-79%-ына қол жеткізілген;қанағаттанарлық деңгей – іс-шаралардың 40-59%-ы орындалып, нысаналы индикаторлардың 40-59%-ына қол жеткізілген;қанағаттанарлықсыз деңгей – іс-шаралардың 40%-дан азы орындалған немесе нысаналы индикаторлардың 40%-дан азына қол жеткізілген.Даму стратегияларының іске асырылу деңгейін анықтау кезінде мониторингтің есепті кезеңінде қол жеткізілген нәтижелер ескеріледі.
Мониторинг қорытындысы бойынша әзірленген қорытынды құжат рәсімделген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ғылым саласындағы уәкілетті органға, ғылым қаласы немесе ғылыми-технологиялық парк қызметіне қатысты салалық уәкілетті органға және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына жіберіледі.
Мониторинг нәтижелері туралы ақпарат ғылым саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады. Алайда мемлекеттік құпияны, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер жарияланбайды.
Сонымен қатар мониторинг қорытындысы бойынша даму стратегияларын іске асыру деңгейінің қанағаттанарлықсыз деп танылуы, сондай-ақ бес жыл ішінде даму стратегиясында көзделген нәтижелерге қол жеткізілмеуі ғылым қаласы мен ғылыми-технологиялық парк мәртебесінен мерзімінен бұрын айыруға негіз болады.
Бұйрық 2026 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.