Қазақстанда кім банкроттыққа өтініш бере алады және қандай талаптары бар

12.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Банкроттық деген не?

Банкроттық - бұл борышкердің қарызын төлеуге қабілетсіз екенін ресми түрде мойындау рәсімі. Банкрот деп танылған жағдайда адамның проблемалық қарыздарының басым бөлігі есептен шығарылады.

Бірақ кейбір міндеттемелер кешірілмейді. Оның ішінде:
- алименттер;
- адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін өтемақы;
- салық берешегі;
- қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан келтірілген залал;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығы рәсімін жүргізген қаржы басқарушысының сыйақысы бар.

Фото: inkaraganda.kz

Банкроттық рәсімінің түрлері

Қазақстанда жеке тұлғалар үшін банкроттықтың екі негізгі түрі бар, олар: соттан тыс банкроттық және сот арқылы банкроттық.

Соттан тыс банкроттық

Егер Қазақстан азаматы сотқа жүгінбей-ақ банкрот болғысы келсе, ол уәкілетті органға өтініш бере алады. Бұл жағдайда борыш көлемі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл сома 6 920 000 теңге шамасында.

Соттан тыс банкроттықты қолдану үшін бірнеше шарт сақталуы қажет:

- азаматтың меншігінде ешқандай мүлік болмауы керек, ортақ меншіктегі мүлік те есепке алынады;
- кредиторларға қарыз өтініш бергенге дейін 12 ай бойы төленбеген болуы тиіс;
- банк немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу немесе өндіріп алу рәсімдері жүргізілген болуы керек;
- соңғы 7 жыл ішінде борышкерге соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсім қолданылмаған болуы қажет.

Өтінішті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті қабылдайды. Оны халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе онлайн түрде eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Онлайн өтініш беру үшін азаматтың және оның жұбайының телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.

Егер рәсімді тоқтатуға негіз болмаса, борышкер туралы ақпарат электрондық үкімет порталында жарияланып, 6 ай өткен соң уәкілетті орган банкроттық рәсімін аяқтау туралы шешім шығарады. Осы сәттен бастап кредиттік бюроларда көрсетілген қарыздар тоқтатылған болып есептеледі.

Банкроттықтың салдары қандай?

Банкрот деп танылған азаматқа белгілі бір шектеулер қойылады. Атап айтқанда, 5 жыл ішінде оған банктерден немесе микроқаржы ұйымдарынан несие берілмейді. Тек ломбард арқылы ғана микрокредиттер ала алады. Сондай-ақ ол несие шарттары бойынша кепіл, кепілгер бола алмайды.

Фото: pexels

Сот арқылы банкроттық

Егер азаматтың мүлкі болса немесе қарызы 1600 АЕК асып кетсе, ол сот арқылы ғана банкроттық рәсімін жүргізе алады. Сонымен қатар оның тек банктер мен микроқаржы ұйымдарына ғана емес, жеке тұлғаларға да борышы болуы мүмкін.

Сот арқылы банкроттыққа жүгіну үшін:

- кредиторлар алдындағы қарыз 1600 АЕК жоғары болуы керек, биыл ол 6 920 000 теңгеден артық;
- басқа кредиторлар алдында міндеттемелердің болуы, яғни қарыз беруші жеке тұлғалар болуы мүмкін;
- қарыздың 12 ай бойы төленбеуі;
- соңғы 7 жыл ішінде оған банкроттық рәсімнің қолданылмауы;
- банк немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу әрекеттері жүргізілуі керек.

Сотқа қандай құжаттар жинау қажет?

Сотқа өтініш азаматтың тұрғылықты жері бойынша беріледі. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет және Сот кабинеті жүйесінде тіркелу керек.

Сотқа берілетін құжаттар:
- банкроттық туралы өтініш;
- барлық кредиторлардың тізімі (мекенжайы, байланыс деректері, қарыз сомасы және мерзімі көрсетіледі);
- кредитормен қарызды реттеуге тырысқанын растайтын құжаттар;
- соңғы үш жылдағы барлық қаржылық міндеттемелердің толық тізімі;
- мүлік болған жағдайда оның толық сипаттамасы және өтініш беруден кемінде алты ай бұрын жасалған бағалау есебі.

Өтініш электронды түрде сотқа жолданады. Сот 10 жұмыс күні ішінде өтінішті қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешім шығарады. Өтініш қабылданғаннан кейін сот қаржы басқарушысын тағайындайды.

Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы

Сот өтінішті қабылдаған сәттен бастап борышкерге Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуға тыйым салынады. Бұл шектеу тек емделу, жақын туысын емдеуге алып бару немесе жерлеу рәсіміне қатысу сияқты ерекше жағдайларда ғана алынуы мүмкін.

Сот банкроттығы рәсімі сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.

Маңызды жайт

Банкроттық - кредиторларды алдау тәсілі емес. Бұл тек қарызды өтеу мүмкіндігі болмаған жағдайда қолданылатын соңғы шара. Сондықтан азаматтар бұл рәсімге жүгінбес бұрын өздерінің қаржылық жағдайын мұқият бағалап, барлық мүмкіндіктерді қарастырғаны жөн.
Бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдан бастап жаңартылған салықтық шегерімдер жүйесі енгізілетінін жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью