Қазақстанда көміртекті егіншілік топырақты қалпына келтірудің жаңа бағытына айналып келеді

24.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Салалық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және ғылыми қауымдастықтың өкілдері жердің тозуына қарсы күрес шараларын және ауыл шаруашылығына экологиялық жауапты тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылады.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов құттықтау сөзінде жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында жер ресурстарын ұтымды пайдалану стратегиялық мәнге ие болып отырғанын атап өтті.

Фото: АШМ

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында (272,5 млн га), оның 65 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы аумағы 219 млн гектарды құрайды, бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде алтыншы орында. Жайылымдық жерлер 183 млн гектардан асады — осы көрсеткішпен Қазақстан әлемдегі алғашқы бестікке кіреді.

— Бүгінгі таңда жердің тозуы Орталық Азия үшін жаһандық сын-қатерге айналған жағдайда, топырақ құнарлылығын сақтау және шөлейттенудің алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Осыған байланысты министрлік тарапынан жерді тиімді пайдалану, оның сапасын сақтау және одан әрі тозуына жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жер ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуге, мониторингті дамытуға және тұрақты жер пайдалану модельдеріне көшуге ерекше назар аударылуда, — деді Азат Сұлтанов.

Сондай-қа сессия қорытындысында жер ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар мен бастамалар әзірленетініне сенім білдірді.

Жиында перспективалы бағыттардың бірі ретінде көміртекті егіншілікті дамытуға назар аударылып отырғаны айтылды. Министрлік бұл құралды топырақты қалпына келтірудің және инвестиция тартудың, сондай-ақ халықаралық климаттық бастамаларға қатысудың тиімді жолы ретінде қарастырады.

Фото: АШМ

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов жердің тозуы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселе екенін атап өтті.

— Бұл сын-қатерлерге қарсы тұру мақсатында «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» базасында жердің жай-күйін есепке алу және мониторингтеудің орталықтандырылған жүйесі құрылды. Қазіргі таңда 53,5 млн гектар аумақ бойынша деректер жаңартылды, — деп хабарлады ведомстводан.

Саланы цифрландыру және электрондық ауыл шаруашылығы карталарын енгізу нақты деректерге сәйкес жер ресурстарын басқарудың негізіне айналды. Зерттеу нәтижелерін бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіру проблемалық аймақтарды жедел анықтауға ғана емес, өнімділікті болжауға және басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Климаттың өзгеруі жағдайында агроландшафтардың тұрақтылығын арттыруға бағытталған климатқа бейімделген және топырақты қорғаушы тәжірибелерді енгізу ерекше маңызға ие. Мұндай тәсілдер климаттық тәуекелдердің кері әсерін азайтып, жердің ұзақ мерзімді өнімділігін сақтауға мүмкіндік береді.

Фото: АШМ

Тақырыптық сессия барысында халықаралық сарапшылар, оның ішінде БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясы хатшылығының, Германияның UFU институтының және GIZ бағдарламасының өкілдері көміртекті егіншілікке көшу және топырақтың тозуын цифрлық мониторингтеу стратегияларын таныстырды.

Сессия қатысушылары топырақты қорғау әдістерін және климатқа төзімді модельдерді енгізу аграрлық сектордың ұзақ мерзімді өнімділігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы деген ортақ пікір аясында тоғысты.

Бұл салада бірыңғай саясат қалыптастыру фермерлерге құрғақшылыққа бейімделуге, экономикалық шығындарды азайтуға және қазақстандық өнімдердің халықаралық экологиялық нарықтарға шығуына мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстан Эстонияның биотехнология, органикалық егіншілік тәжірибесіне қызығушылық танытқанын жаздық.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью