Қазақстанда күн сайын балаларға қарсы 5 қылмыс тіркеледі Закиева

09.02.2026

Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Қазақстанда күн сайын балаларға қатысты 5 қылмыс фактісі тіркеледі. Өкініштісі, олардың көбі өз жақындары тарапынан жасалады. Қылмыстардың алдын алу қиын болып отырғаны да осыдан. Бұл жайында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева «24KZ» телеарнасындағы «Түйін» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Өкінішке қарай, елімізде күн сайын балаларға қарсы 5 қылмыс фактісі тіркеледі. Бұл қылмыстардың 60-70%-ы өз ата-аналары немесе бірге тұратын адамдар тарапынан жасалады. Осы қылмыстар үйде жасалуының себебінен олардың алдын алу мен анықтау өте қиын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заңдарға сәйкес, профилактикаға қатысты бірнеше механизмдер енгізілді. Әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылды», - деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Алдын алу жұмыстарының аясында былтыр елде 29 мың ата-ана жауапкершілікке тартылған. 1126 ата-ана құқығынан айырылып, 661-інің ата-ана болу құқықтары шектелген. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде балаларға қарсы жасалатын аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны азайған. Мысалы, 99-бап бойынша 10%-ға, 106-баптың 3-бөлімі бойынша қылмыстардың саны 54%-ға азайды. Алайда, былтыр Қазақстанда балалар арасындағы қылмыстардың саны 30%-ға өскен.

«Олардың 70%-ы қаржы мәселелеріне қатысты, 20%-ы жеке тұлғаға қатысты жасалған қылмыстар. Осы қылмыстар буллингтен басталады. Буллингтің алдын алу үшін мектептерде «ДосболLIKE», «Адал азамат» бағдарламалары енгізілді», - деді Динара Закиева

2025 жылы Қазақстанда бала құқығын бұзуға қатысты 171 дерек тіркелді. «111» сенім телефонына 124 600 қоңырау түсті. Былтыр ЮНИСЕФ ұйымы жүргізген сараптамалық зерттеуде елімізде бала құқығы ресми деректе көрсетілгеннен әлдеқайда жиі бұзылатыны анықталды.

«Әрине, бұл бағытта жұмысты жүргізіп, механизмді жетілдіру керек. Сол себептен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында осы механизмдерді жетілдіру үшін мамандарды оқыту, қолдау сонымен қатар олардың жұмысына стандарттарды енгізу үшін нақты шаралар көзделген. Мысалы, қамқоршы мамандар мен психологтардың жалақысы өседі», - деп қорытындылады омбудсмен.
 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью