Қазақстанда Оксфорд университетінің зерттеу институты жұмыс істейтін болады

22.01.2026

24.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Шетелде өкілдіктерін аша бермейтін әйгілі оқу орны еліміздің академиялық ортасымен тығыз байланыс орнатып, ғылыми жобаларды бірге жүзеге асырмақ. 

Биыл Қазақстанда Оксфорд хаб ашылады. Алдағы уақытта төрткүл дүниеге танымал білім ордасының 32 колледжі және 100-ге жуық институтымен бірге ғылыми жобаларды қолға алуға мүмкіндік берілмек.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Астанада тәжірибе алмасу, оқыту, консалтинг, ғылыми жобаларды бірге жүзеге асыруға мүмкіндік береміз. Бұл енді, міне, осы 3,5 жылдың ең үлкен нәтижесі. Оксфордтың тарихында тұңғыш рет! Олар ешқашан шетелге ешқашан шықпаған. Филиал, осындай өкілдіктерді, орталықтарды ашпаған.

Бұдан бөлек, халықаралық Coursera онлайн оқыту платформасымен байланыс тереңдей түседі. Оксфордтың «Саид онлайн» бизнес мектебімен бірлескен жоба аясында жасанды интеллект, технология менеджменті және блокчейн, яғни мәліметтерді желіде тізбектеп сақтау технологиясы салаларындағы соңғы курстар қазақстандық 95 университеттің студенттеріне қолжетімді болмақ.

Кэролайн Уильямс, Oxford Said Online атқарушы директоры:

- Біз Қазақстанда нақты нәтиже көрсетуге тырысамыз. Студенттерді білім алу жолында қолдап, аймақтың академиялық базасын толықтыратын түрлі материалдар, қосымша білім, инсайттар және зерттеулер ұсынғымыз келеді. Жұмыстың басталуын асыға күтеміз.

Самғат Ермекбаев, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры:

- Оскфорд университетімен біз бұған дейін көптеген жұмыстар жүзеге асырған болатынбыз. Мынау нақты іс-шаралардың, іс-жобаның біреусі болады деген сенімдеміз.

Кездесуде студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға арналған отандық AI-Sana бағдарламасы аясында ынтымақтастық орнату мәселесі де талқыға түсті. «Болашақ» бағдарламасымен білім алатын қазақстандық ғалымдарды Оксфорд университетіне ғылыми зерттеулер жүргізу үшін тағылымдамаға жіберу тақырыбына да мән берілді.

Қайсар Еркінбаев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Ақ басқарма төрағасының орынбасары:

- Республикалық комиссияның шешімімен жаңа квота қосылды. Ол жасанды интеллект және де атом саласының мамандары. Сондықтан біз осы жылы арнайы бөлінген квота арқылы біз ғылыми тағылымдамаларға жіберетін боламыз.

Оксфорд – іргетасы ХІ ғасырда қаланған ең көне жоғарғы оқу орындарының бірі. Ол – білім ордасы ғана емес, ғылыми-зерттеу университеті де. Соның арқасында университет жыл сайын жаһанның ең озық жоғары оқу орындарының рейтингісінде көш бастап жүр. Болашақта қазақстандық университеттердің де әлемдік деңгейде үздік нәтижелер көрсетеді деген сенім бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью