Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Министрлік дерегінше, тәуелсіздік жылдарында елдегі орман қоры 6,9 млн гектарға көбейіп, бүгінде 31,4 млн гектарға жетті. Орманмен көмкерілген жер көлемі 14 млн гектарды құрап, елдегі орман үлесі 3,8%-дан 5,1%-ға дейін артқан.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта да орман алқаптарын кеңейтуді жалғастырады. 2030 жылға қарай орманмен көмкерілген жер көлемін 14,5 млн гектарға жеткізу жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу жұмысы жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан бері 1,6 млрд-тан астам көшет отырғызылған.
Сонымен қатар, Арал өңіріндегі экологиялық жағдайға ерекше назар аударылып отыр.
— Тиімді тәсілдердің бірі — құрғаған теңіз табанын жергілікті өсімдіктермен, әсіресе сексеуілмен көгалдандыру. Бұл топырақты бекітіп, құм көшуі мен шаң-тозаңның таралуын азайтады. 2021 жылдан бері 1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Өзбекстанмен бірлескен жұмыстар да жалғасып жатыр, — деді Нұрлан Құрмалаев.
Тағы бір маңызды қадам — Қазақстан ұсынған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы. Бұл бастама жердің тозуын азайтып, құмның көшуін тоқтатуға және өңірдің ауа райын жақсартуға көмектесетін орман алқаптарын көбейтуді көздейді.
Айта кетейік, бұған дейін жердің тозуы мен шөлейттенуге қарсы Қазақстан қалай күресіп жатқанын жазғанбыз.