Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. Шілдеде Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер тарапынан 141,2 мың түйіндеме орналастырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлауынша, маусым айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайса, түйіндемелер 11,5%-ға өсті. Мамандар мұндай өзгерісті жаз мезгіліндегі еңбек нарығының маусымдық ерекшелігімен байланыстырып отыр.
"Осы уақытта оқу орындарының түлектері еңбек нарығына белсенді шығып, жұмыс іздеушілер саны артады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің ұсынысы сұранысқа қарағанда жылдамырақ өседі", - дейді министрлікте.
Салалар бөлінісінде жұмыс күшіне ең жоғары сұраныс білім беру саласында (23,4 мың бос жұмыс орны тіркелді). Сондай-ақ өзге қызметтер көрсету саласында (16,0 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (10,3 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында (8,2 мың), өңдеу өнеркәсібінде (6,8 мың), құрылыс саласында (5,7 мың) бос жұмыс орны ұсынылды.
Өңірлер бөлінісінде ең көп бос жұмыс орнының тіркелуі мынадай:
Астана - 8,8 мың;
Түркістан облысы - 7,6 мың;
Павлодар облысы - 7,1 мың;
Алматы қаласы - 7,0 мың;
Ақмола облысы - 6,9 мың.
Ұсынылған жалақы мөлшері бойынша шілде айындағы ең жоғары еңбекақы бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы лауазымына (шамамен 1,12 млн теңге), ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспекторға (шамамен 0,91 млн теңге) және маркетинг пен өнімді өткізу бөлімінің бастығының орынбасарына (шамамен 0,90 млн теңге) ұсынылды.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткендер – ұшқыштар (шамамен 2,39 млн теңге), стюардессалар (шамамен 1,43 млн теңге) және электр станциясының бастығы лауазымына үміткерлер (шамамен 1,32 млн теңге) болды.