Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
– Біз 2018 жылдан бері геология және жер қойнауын пайдалану саласында реформаларды белсенді жүргізіп келеміз. Бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазір геологиялық барлауға жеке инвестициялар бірнеше есе артқанын көріп отырмыз. Нақты сандармен айтсақ, бүгінде елімізде шамамен 3 мың жер қойнауын пайдаланушы субъект бар, олар негізінен бұрын барлау жүргізілмеген аумақтарда жұмыс істеп жатыр, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, реформаның алғашқы нәтижелері геологиялық барлауға салынған инвестициялардың 2,5 есеге өскенін көрсетті – 2019-2024 жылдары бұл көрсеткіш 1 млрд АҚШ долларын құраған.
Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанның минералдық-шикізат базасы шамамен 10 мың кен орнын қамтиды, оның ішінде: 1 009 – қатты пайдалы қазбалар, 359 – көмірсутектер, 3 700 – жалпы таралған пайдалы қазбалар және 4 931-ы – жерасты сулары.
Негізгі пайдалы қазбалар қорына келсек, елде 2,3 мың тонна алтын, 4,3 млрд тонна мұнай, 3,8 трлн текше метр газ, 33,5 млрд тонна көмір және 26,7 млрд тонна темір бар.
2025 жылы жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде қорлар қайта қаралып, алғаш рет 17 кен орны мемлекеттік есепке алынды. Ең ірі кен орындары арасында Көкжон, Алтыншоқы және Сәмембет бар.
Осылайша қор көлемі ұлғайып, алтын – 136 тоннаға, күміс – 152 тоннаға, мыс – 75 мың тоннаға және фосфорит – 1,3 млн тоннаға ұлғайған.
Қазіргі таңда қатты пайдалы қазбаларды барлауға шамамен 3 мың лицензия берілген. Сонымен қатар Cove Capital (АҚШ), Rio Tinto (Аустралия), Teck (Канада), Fortescue (Аустралия), Barrick Gold (Канада), First Quantum (Канада), Ivanhoe (Канада) сияқты шетелдік тау-кен компаниялары тартылған.
Айта кетейік, желтоқсан айында депутаттар көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалану жүйесін жетілдіруге қатысты «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексіне енгізілген түзетулерді мақұлдады.