​Қазақстанда Қытайға экспортталатын түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығарады

13.07.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Арал қаласында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың ресми ашылу рәсімі өтті. 

Шараға аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі бұл бастама өңірдің өндірістік қуатын нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін жеткізді.

«Баршаңызды аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – түйе сүтінен ұнтақ шығару зауытының ресми ашылуымен құттықтаймын! Бұл өңір экономикасының дамуына тың серпін, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақта іске асқан ірі инвестициялық жобалардың бірі — құны 3 млрд теңге болатын «Қазақ Кэмел» компаниясының зауыты. Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорынға индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілген. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылды.

Жаңа өндіріс орнының негізгі көрсеткіштері мен мүмкіндіктері:

Жылына шамамен 400 тонна дайын өнім өндіріледі;

23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады;

Сүтті өңдеу үшін күніне 20 мың литр шикізат қажет, бұл жергілікті тұрғындардың сүт өткізіп, тұрақты табыс табуына жол ашады;

Дайын өнім арнайы келісімшарт негізінде алдағы 10 жыл бойы Қытай нарығына экспортталады.

Рәсім барысында облыс прокуроры Ризабек Ожаров, ел ағалары Айтбай Көшербай, Әділбек Айымбетов сөз сөйлеп, зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жалпы өңірде экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Ал биылдың өзінде 100 млрд теңгеге бағаланған 21 жоба іске қосылады деп жоспарланған.

Бүгін, 17:07

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью