Қазақстанда самокатқа қатысты жаңа ереже күшіне енді

25.08.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. 2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты жаңа ереже күшіне енді.

Осыған байланысты Бас прокуратура жолдағы жаңа ережелер мен жауапкершілікті еске салды. Енді электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады. Велосипед жолы немесе велосипед жолағы болса, тек солар арқылы жүру керек. Ал олар болмаған жағдайда жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.

"Жүріс бөлігінде электрсамокатпен тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға жүруге рұқсат етіледі. Мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны қасынан жетектеп өтуге тиіс. Жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады", – деп ескертті Бас прокуратура.

Қадағалау органы бұл көлік түрінің танымалдығы артқан сайын жол апаттарының саны да көбейіп келе жатқанын атап өтті.

"Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол апаты тіркеліп, онда 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол апаты болды. Осы оқиғалардың барлығында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапты", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Сонымен қатар көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол апатынан жиі зардап шегеді.

"Электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кету салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы 300-ге жуық адам түрлі жарақат алды", – деп хабарлады қадағалау органы.

Адамдар көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен жүру ерекше қауіп төндіреді.

Автокөлік жүргізушілері де барынша мұқият болуға тиіс. Қиылыстардан, аулалардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және самокаттар мен велосипед пайдаланушылары шыға келуі мүмкін жерлерден өткен кезде жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайының күтпеген жерден өзгеруіне дайын болу қажет.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью