Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, соңғы екі жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі жыл сайын шамамен 150 мың гектарға артып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың жалпы көлемі 543,5 мың гектар болған.
Егіс алқаптарын лазерлік тегістеу - 62,6 мың га
Бұл технологияда егіс алқабының беті лазерлік жабдықтың көмегімен сантиметрлік дәлдікпен тегістеледі. Соның нәтижесінде су бүкіл алқапқа біркелкі таралады, артық жиналу мен ысыраптың алдын алады. Бұл әдіс әсіресе жерүсті суару кезінде тиімді және Қызылорда облысындағы күріш шаруашылықтарында кеңінен қолданылады. Лазерлік тегістеу су шығынын кемінде 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігіТамшылатып суару - 165,8 мың га
Бұл технологияда су өсімдіктің тамыр жүйесіне тікелей, нақты мөлшерде жеткізіледі. Осылайша суару тиімділігі айтарлықтай артады. Тамшылатып суару әсіресе Түркістан облысында мақта, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде, Алматы және Жамбыл облыстарында картоп, көкөніс, бақша және көпжылдық егінді суаруда кеңінен қолданылады. Бұл әдіс суару суын шамамен 30%-ға дейін үнемдеуге, ал өнімділікті 1,5-2 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігіЖаңбырлатып суару - 315,1 мың га
Бұл - Қазақстанда ең кең таралған суару тәсілі. Мұнда су қысым арқылы құбыр жүйесімен беріліп, алқап үстіне шашыратылады. Соның арқасында егістік біркелкі ылғалдандырылады. Бұл технология Ақмола облысында, Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай облысында және Павлодар облысында кеңінен қолданылады. Ол негізінен жүгері, дәнді дақылдар, мал азығы дақылдарын суару үшін пайдаланылады. Солтүстік өңірлерде жаңбырлатып суару жүйелері мал азығы дақылдарын суаруда белсенді қолданылып, мал шаруашылығы үшін жем-шөп базасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда суға ұқыпты қарау мәдениеті күшейтіліп жатыр.