Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Кездесу барысында мемлекеттердің End TB жаһандық стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуі және туберкулезбен күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды.
Министр өз сөзінде адам денсаулығын қорғау үшін әлемдік қауымдастық күштерін біріктірудің маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазақстан End TB жаһандық стратегиясы шеңберінде туберкулездің алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеу бағытында жүйелі шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары елімізде туберкулезге қарсы қызмет айтарлықтай жаңғыртылды», – деді Ақмарал Әлназарова.
Бүгінде Қазақстанда заманауи молекулалық-генетикалық диагностика әдістері енгізілген. Бұл технологиялар бірнеше сағат ішінде аурудың бар-жоғын анықтап қана қоймай, қоздырғыштың дәрілік препараттарға сезімталдығын да дәл анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі зертханалық диагностика әдістері фтизиопульмонологияның барлық өңірлік орталықтарында қолжетімді.
Министрдің айтуынша, қысқа мерзімді және толықтай пероральдық емдеу режимдерін қоса алғанда, инновациялық тәсілдерді енгізу емдеу ұзақтығын қысқартып, оның тиімділігін арттыруға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Алдын алу шаралары да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Қазақстанда БЦЖ вакцинациясымен қамту деңгейі жоғары, туберкулез инфекциясының профилактикалық емі кеңейтіліп, заманауи скрининг тәсілдері енгізілуде.
Кешенді шаралардың нәтижесінде елімізде негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер тұрақты түрде төмендеп келеді.
«Соңғы үш жыл ішінде туберкулезбен сырқаттанушылық 13,3%-ға, өлім-жітім 25%-ға, ал таралу деңгейі 17,2%-ға азайды. Дәріге сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі 90,5%, ал дәріге төзімді түрінде 85,3% құрап отыр. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», – деп атап өтті министр.
Ведомство басшысы қол жеткізілген нәтижелер жүйелі мемлекеттік саясаттың, туберкулезге қарсы іс-шараларды тұрақты қаржыландырудың және халықаралық ұйымдармен белсенді әріптестіктің арқасында мүмкін болғанын айтты.
«Қазақстан End TB жаһандық стратегиясын іске асыруға берік бейілді болып қала береді және ортақ мақсат – туберкулезсіз әлемге қол жеткізу үшін халықаралық ынтымақтастықты жалғастыра береді», – деді Ақмарал Әлназарова.
Айта кетейік, елордада былтыр 500 адам туберкулезге шалдыққан.