Қазақстанда түсірілетін фильмде басты рөлді Джеки Чан сомдайды

06.04.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Алматы облысы Қаскелең қаласында әлемдік деңгейдегі  Dala Stage  кинопавильонының құрылысы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімде Голлиивуд жұлдызы, әйгілі актер Джеки Чан жіберген символикалық уақыт капсуласы құрылыс алаңына тікұшақпен жеткізілді. Оны осы павильон аумағында түсірілетін алғашқы жоба – «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» (Доспехи бога 4: Ультиматум) фильмінің режиссері Роберт Кун қабылдап алды.

Айтулы іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Аймақ басшысы Джеки Чанның продюсері Ли Чиу Ва және  DALA EDGE креативті және технологиялық индустриялар паркі,  Salem Entertainment  компаниясы басшыларымен меморандумға қол қойды.

Марат Елеусізұлы құттықтау сөзінде бұл нысан еліміздің мәдениеті мен экономикасы үшін аса маңызды жоба екенін айтты.

«Қазіргі заман – ақыл-ой мен таланттың, озық технология мен жаңа идеялардың дәуірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті экономиканы ілгерілету арқылы ел дамуының жаңа көкжиегін ашуды стратегиялық міндет ретінде айқындаған болатын. Осы бағыттағы игі шараға бәріміз бірге куә болудамыз.

 Dala Stage Creative Tech Park сияқты кәсіби павильондардың салынуы – жай ғана ғимарат тұрғызу емес. Біз ұлттық кодты соңғы цифрлық технологиялар жетістігімен үйлестіретін жаңа индустрияның іргетасын қалап жатырмыз. Жоба әлемге танымал мектептер, студиялармен бірлесе отырып іске асырылады. Бұл өзара тәжірибе алмасуға және кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Алматы облысына еліміздің барлық өңірінен талантты жастар топтасып, шығармашылық орта қалыптасады.

Қазіргі таңда кино саласы ауқымды декорация мен жоғары технологияны талап етеді.  Dala Stage Creative Tech Park біздің мамандарға әлемнің үздік студияларымен тең дәрежеде сынға түсуге жағдай жасайды», – деді облыс әкімі. Сонымен қатар кинопавильонда түсірілген әрбір фильм мен жоба ұлттық құндылығымызды дәріптеп, еліміздің абыройын асқақтата берсін деген тілегін арнады.

Жаңа нысанда түсірілетін «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» кинотуындысында басты рөлді экшн жанрының жұлдызы Джеки Чан сомдайтын болады. Актердің продюсері Ли Чиу Ва өз сөзінде мұндай ауқымды шараға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді.

«Жарты жыл бұрын ғана біз осы жобаны жоспарлап, талқылаған едік.  Ал бүгін сол келіссөздер шындыққа айнала бастады. Біз павильон құрылысының ауқымды түрде бастау алғанын көріп отырмыз, бұл, әрине, қуантады. Джеки Чан барша қазақстандықтарға жалынды сәлем жолдап, осы жобаға өркендеу тілейді», – деді ол.

Айта кетейік, нысанның жалпы аумағы – 15 гектар. Ал ауданы 3 000 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Заманауи павильон еліміздегі кино саласын дамытуға, кәсіби кадрларды даярлауға, инвестиция тартуға және бәсекеге қабілетті контент әзірлеуге зор ықпалын тигізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью