Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті адам тартылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу жиындары резервтегілердің даярлық деңгейін жетілдіріп, практикалық дағдыларды жаңарту үшін өткізіледі. Олар заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгереді.
"Қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары тарапынан армияның нақты әскери-есептік мамандықтары бойынша қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар ескеріледі", - делінген ресми хабарламада.
Запастағы әскери міндетті азаматтарға арнайы шақырту жіберіледі. Шақыртуды алғаннан кейін тиісті орынға белгіленген мерзімде келу керек. Адам келмеген жағдайда 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Заңнамаға сәйкес, бұл іс-шараларға тартылмайтын азаматтар санаты айқындалған. Олар:
оқу жылы кезеңіндегі педагогтар;
күндізгі бөлімде білім алушылар;
кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар;
әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңда көрсетілген өзге де санаттар;
"Дайындық мерзімі бір айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады", - дейді министрлік мамандары.
Оқу-жиындарына барған адамның жұмыс орны мен атқарған қызметі сақталады. Орташа жалақы да төленеді, ал жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Жиын уақыты жалпы еңбек өтіліне есептеліп жазылады.