Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қазақстанда көше вандализміне қарсы күресті күшейту, соның ішінде бейнесараптама мен бет-әлпетті тану технологияларын қолдану ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов Бас прокурор мен ішкі істер министрінің атына жолдаған сауалында көтерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Көше вандалдары зиян келтіріп жатыр"
Депутаттың айтуынша, ғимарат қасбеттері, аялдамалар, жерасты өткелдері және басқа да қоғамдық орындарға заңсыз граффитилер әлі де салынып жатады.
Кемалов басты мәселелердің бірі - тәртіпбұзушыларды ізін суытпай ұстаудың қиындығында екенін атап өтті. Көбінесе граффитилер түнде және өте жылдам салынады. Сонымен қатар, олардың авторлары бет-жүзін бетперде немесе капюшонмен жасырып алады.
Депутат тағы бір себеп ретінде суретшілердің стрит-артпен заңды түрде айналысуына арналған орындардың тапшылығын атады.
Депутат не ұсынды?"Қатаң әкімшілік қамауға алу (20-дан 30 тәулікке дейін) енгізілгеніне және қылмыстық жауапкершілік күшейтілгеніне қарамастан, көше вандалдары ортақ пайдаланылатын орындарға зиян келтіріп жатыр", – деді ол.
Мейрамбай Кемалов Үкімет пен Бас прокуратураға ғимараттардың қасбеттері мен қоғамдық орындарда граффити және басқа да кескіндерді салуға толықтай тыйым салуды ұсынды.
Сондай-ақ депутат қалалық инфрақұрылым жиі бүлінетін жерлер нақты уақыт режимінде белгіленіп отыратын "вандализм қаупі бар аймақтар картасын" жасауды ұсынды.
"Құқықбұзушылықтардың жолын жедел кесу үшін басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Сергек" жүйесін қоса алғанда, қолданыстағы цифрлық жүйелер базасында бейнесараптама мен бет-әлпетті тану алгоритмдерін интеграциялау қажет", – деп жалғастырды ол.
Бұдан бөлек, депутат жастар арасында вандализмнің салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне заңды стрит-арт үшін ережелер бекітуді ұсынды.
Әкімдіктерге заңсыз граффитилерді жедел бояп тастау және бүлінген жерлерді қалпына келтіру, сондай-ақ көше суретшілері үшін арнайы қабырғалар мен алаңдар бөлу ұсынылды.
Бұған дейін біз Қазақстанда қоғамдық ғимараттар мен нысандарға жазулар мен суреттер салуға тыйым салу көзделіп отырғанын жазған едік. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жаңа тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына граффити салуға әрекеттенетін адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу