Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Лара Зёльднер бір аптаға жуық Бейнеу кентінен шыға алмай қалды. Оның пойызға велосипедпен міну әрекеті жанжалмен аяқталып, бұл оқиға туралы Instagram-дағы видео 5,3 миллионнан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не болды?
Саяхатшы Лара Зёльднер Қазақстаннан Өзбекстанға өтуді жоспарлаған.
"Маған Қазақстаннан пойызбен кетуге тура келді, өйткені Өзбекстанмен арадағы шекара жеке тұлғалар үшін жабық - тек жүк көліктері өткізіледі. Барлық пойызға билет толық брондалған, бос орын болмады. Маған біреудің орны босап қалар деген үмітпен вокзалда күтуге тура келуі мүмкін екенін айтты. Бірақ жолым болмады. Сондықтан шекарадан сол жақтан өтермін деген үмітпен Шымкентке дейін билет сатып алдым", - дейді ол.
Туристің айтуынша, ол кету мүмкіндігін бес күн бойы күткен.
"Бес күн бойы қолымдағы билетпен кетуге тырысып, шекара арқылы өтетін лық толы пойыздардың біріне ілігуді күттім. Бірақ тағы да сәті түспеді", - деп бөлісті ол.
Жексенбіде Лараның қолына ақыры билет тиді.
"Маған велосипедке қатысты ешқандай мәселе туындамайтынын айтқан еді. Бірақ пойызға мінбек болғанда, велосипед күтпеген жерден үлкен мәселеге айналды. Мені шығарып жіберді. Қатты болмаса да, расында ашуландым. Бір аптаға жуық күткенімде, ақыр соңында мені пойызға кіргізбеді, билеттің толық құнын да қайтарған жоқ", - деді Лара.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Лара бұл оқиға туралы видеоны Instagram-да жариялады. Видео 5,3 миллион қаралым жинады.
"Ұлыбританияда пойызға велосипедпен мінуге тырысқандай қиын естіледі екен", "Бұл шынымен де ақылға сыймайды. Әрбір еуропалық елдің велосипед тасымалдау ережелері бар және оларды пойызбен әрдайым тасуға болмайды. Бұл ережелердің сізге қатысы жоқ деп неге шештіңіз?", "Мен полициядан көмек сұрап, сізді пойызға дейін шығарып салуды өтінуге кеңес берер едім. Бірде досым Қазақстан визасының соңғы күнінде осындай жағдайға тап болды, полиция оған велосипедімен пойызға жетуге көмектесті", - деп жазды видео астындағы пікір қалдырушылар.
Лара қазір қайда?Оның айтуынша, ол әлі де Бейнеуде және баратын жеріне қалай жетерін білмейді. Нұсқалардың ішінде:
тағы бір билет сатып алып, дәл осы мәселеге қайта тап болу тәуекеліне бару; жолсеріктермен келісуге тырысу; екі мың шақырымдай жолды автостоппен жүріп өту.Лара жағдайды түсінуге көмектесуге тырысқан кездейсоқ өтіп бара жатқан әйелге ерекше алғысын білдірді.
Оны пойызға неге өткізбеді?"Күтпеген жерден пайда болып, осы қиын жағдайдан шығуыма көмектеспек болған әйелге көп рахмет. Ол неміс, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді екен", - деді Лара.
"Жолаушылар тасымалы" компаниясы болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын келтірді. Компания мәселе велосипедте емес, оны бөлшектелмеген күйде тасымалдамақ болуында екенін мәлімдеді.
"Осы жағдай бойынша жүргізілген тексеру барысында пойыз бригадасының белгіленген жолаушыларды тасымалдау қағидаларына сәйкес әрекет еткені анықталды. Жолаушыларға жеке заттарымен вагонға кіруге рұқсат берілген, алайда олар велосипедтерді бөлшектемей алып жүруге әрекет жасаған", - делінген тасымалдаушы хабарламасында.
Скриншот: Threads
Сонымен қатар компания өкілдері қолданыстағы ережелер туралы айтып берді.
"Қозғалтқышы жоқ велосипед қол жүгі ретінде тек бөлшектеліп, тиісті түрде қапталған күйде тасымалданады. Жолаушылар вагонында габариттен тыс және қапталмаған велосипедтерді тасымалдауға жол берілмейді", - деп атап өтілген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, жолсеріктер басқа нұсқа ұсынған: велосипедті жүк ретінде рәсімдеп, арнайы жүк вагонында жеткізу.
"Пойыз жолсеріктері жолаушыларға велосипедтерді тасымалдау тәртібін түсіндіріп, аталған пойыз құрамында тіркемелі жүк вагоны бар екенін айтты. Велосипедтерді сол вагонға багаж ретінде рәсімдеуді ұсынған. Алайда пойыздың жөнелтілуіне аз уақыт қалғандықтан, жолаушылар багажды уақытында рәсімдеп үлгермей, станцияда қалу туралы шешім қабылдаған", - деп толықтырды компания.
Сондай-ақ тасымалдаушы билет ақшасы жолаушыларға ішінара - қайтару ережелеріне сәйкес ұсталымдарды ескер отырып қайтарылатынын хабарлады.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу