24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақстанда соңғы жылдары 118 жатырішілік операция жасалған.
Оның нәтижесінде 99 бала дені сау болып дүниеге келген. Бұл көрсеткіш еліміздің медициналық қауымдастығы үшін үлкен жетістік. Бұрын тәуекелі жоғары деп саналған операциялар, қазір оң нәтиже беріп, жоспарлы түрде жасалатын емге айналды.
Замануаи медицина мүмкіндіктері күн сайын кеңейіп келеді. Мәселен, Астанадағы “Ана мен бала” орталығында жатырда жатқан балаға да операция жасай алады. Фетальді хирургияның дамуы 100-ден астам сәбидің өмірін сақтап қалды. Өткен жылдың өзінде елде 92 жатырішілік операция жасалды. Олардың дені егіз құрсақты аналарға жүргізіледі.
Гүлмира Мағзұмова, UMC “Ана мен бала орталығында” ҰҒО ұрық медицинасы бағдарламасының меңгерушісі:
- Кейде егіздерде жүктілік кезінде түрлі ақау анықталады. Мысалы, фетофетальды монохорионды синдром. Яғни бір ұрық донор, ал екіншісі реципиент ретінде дами бастайды. Одан екеуі де зардап шегеді. Салдарынан екі ұрық та өліп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда біздің міндетіміз - кіндік тамырларын лазерлік коагуляциялау, яғни шартты түрде бөлу. Осылайша екі ұрықтың да аман қалуына көмектесу.
Осындай сырқатпен жүктілік кезінде операция жасатқан алғашқы пациент Атырауда тұрады. Дидар Мұратоваға жүктіліктің 20-шы аптасында фето-фетальды трансфузиялық синдром деген диагноз қойылып, астанадағы Ана мен бала орталығына жіберілген.
Дидар Мұратова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Біздер 19 аптасында УЗИ-ге түстік қой. Узиге түскен кезде бізге ужебіреуі 350 грамм, біреуі 450 грамм уже кешігіп жатыр. Фето-фетальный синдром деген қойып берді бізге. Біреуінде көп су, біреуінде аз су. И потом мына жақтағылар 20 аптаға қарай уже квота дайындады. “Біз Атырау ештеңе істей алмаймыз” деді. Содан квота дайындап, 20 апталарына қарай Астанаға бардым. Бірінші операцияны сәтті аяқтады. Екеуі де тірі болған. Бір айдан кейін 10 сәуір күні екінші операция жасалды. Біреуін сақтап қалдық, біреуін сақтай алмай қалдық. Қазір 7 аймыз ғой. Неврапотологтарға апарып жүрмін. Бәрі уақытымен дамып жатыр.
Бұдан бөлек отандық дәрігерлер құрсақта жатқан ұрықтың плацента тамырларына лазерлік операциядан бастап донорлық қан құя алады. Астананың өзінде соңғы бір жылда осындай 29 операция, ал басқа да ақауларды емдеу бойынша 13 жатыр ішілік хирургия іске асты.
Гүлмира Мағзұмова, UMC “Ана мен бала орталығында” ұрық медицинасы бағдарламасының меңгерушісі:
- Біздің орталықта 2013 жылдан бастап құрсақтағы сәбиге донорлық қан құю операциялары жасалады. Мұндай ем резус факторы теріс пациенттерге жүргізіледі. Ондайда жүктілік кезінде жатырдағы балада анемия пайда болады. Ең кішкентай мерзімді алсақ, біз жүктіліктің 18-аптасында ұрыққа жатыр ішінде донорлық қан құю операциясын жасадық. Сол арқылы сәбилерді аман алып қалдық. Қазір бұл бағытта бәраз тәжірибеміз бар деп айта аламыз. Бұл операциялар квота бойынша тегін жүргізіледі.
Ана мен бала орталығының ұжымы жақын арада жатырішілік операциялардың басқа да түрлерін меңгеруге ниетті. Мамандар болашақта диафрагмалық грыжалар мен зәр шығару жүйесінің туа біткен ақауларын емдейтін жаңа операция жасауды жоспарлап отыр.
Ғазиза Мұхамеджанова, Жарқын Өрден