Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Құжатта қолданылатын негізгі ұғымдар нақтыланған. Атап айтқанда, жер және құқықтық кадастр деректерін біріктіретін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының цифрлық жүйесі енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер мен заңнамалық ақпаратқа қол жеткізуге арналған бірыңғай алаң әрі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін «электрондық үкімет» веб-порталының түсінігі айқындалды.
Жер телімдерін сауда-саттыққа дайындау тәртібі де жаңартылды. Енді аукционға шығарылар алдында уәкілетті органның қызметкері бос жер телімдері туралы мәліметтерді енгізіп, кадастрлық құн актісін, сондай-ақ сатып алу-сату немесе жалдау шартының жобасын электронды форматта жүктеуге міндетті.
Жер телімдері туралы ақпарат өңірлік геоақпараттық жүйелер арқылы қалыптастырылып, кейін бірыңғай мемлекеттік кадастр жүйесіне жолданады. Осыдан кейін әр учаскеге аукцион өткізуге қажетті шартты сәйкестендіру нөмірі беріледі. Мәліметтер жария кадастрлық картада да көрсетіледі.
Сауда-саттықты өткізу рәсімі де өзгерген. Саудаға шығарылатын жер телімі дайын болғаннан кейін портал аукцион өтетін күн мен уақытты, сондай-ақ өтінім қабылдау мәртебесін автоматты түрде белгілейді. Бұл ақпарат кадастрлық картада жарияланады.
Егер мемлекеттік дерекқорлардан мәліметтер автоматты түрде жүктелмесе, қатысушылар қажетті ақпаратты өздері енгізіп, растайтын құжаттарды қоса ұсынуы тиіс.
Сауда қорытындысы бойынша жүйе жеңімпазға хаттама, шарт және төлем жасау деректерін жібереді. Қалған қатысушыларға тек хаттама жолданады. Егер аукцион өтпей қалса, жер телімі қайта саудаға қойылып, бұрынғы сәйкестендіру нөмірі сақталады, ал саудаға жаңа нөмір беріледі.
Құжатта техникалық ақау туындаған кездегі тәртіп те айқындалған. Егер мәселе қатысушы тарапынан болса, аукцион жалғаса береді. Ал портал жұмысында ақау шықса, сауда кейінге шегеріліп, мәселе жойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қайта жалғасады. Бұл жөнінде барлық қатысушыға хабарланады.
Жеңімпаз жүйе автоматты түрде қалыптастыратын хаттама негізінде анықталады. Сатып алу-сату немесе жалдау шарты электронды түрде жасалып, екі жұмыс күні ішінде тараптардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен бекітіледі.
Жеңімпаз екі жұмыс күні ішінде жер құнының 50 пайызын алдын ала төлем ретінде төлеу қажет. Қалған сома 30 күнтізбелік күн ішінде өтеледі. Егер төлем көлемі 10 мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, қаражат «электрондық үкімет» арқылы аударылады. Ал бұл сомадан асқан жағдайда түбіртек қоса тіркелуі қажет.
Бұйрық 2026 жылғы 11 шілдеден бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеу сапасын бақылаудың жаңа тәртібі енгізілгені хабарланған еді.