Қазақстанда жиі салынатын айыппұл қандай: көпшілік біле бермейтін ережелер

19.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, осындай «ұсақ» көрінетін құқықбұзушылықтар іс жүзінде жиі тіркеледі.

Ең қымбат айыппұлдардың бірі — арнайы қызметтерді себепсіз шақыру. Полицияны, жедел жәрдемді немесе өрт сөндірушілерді негізсіз мазаласаңыз, 60 АЕК (259 500 теңге) айыппұл төлеуге тура келеді.

Қоқысты кез келген жерге тастау да жауапсыз қалмайды. Кіреберіс, аула немесе басқа да ортақ кеңістіктерді ластағаныңыз үшін 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуыңыз мүмкін.

Жалпы абаттандыру ережелерін бұзу деген тек қоқыс тастаумен шектелмейді. Көпшілік мән бермейтін қарапайым әрекеттердің өзі осы санатқа кіреді.

Мысалы:

* үйдің маңына қоқыс жинап қою,
* көпқабатты үй ауласында көлік жуу,
* кіреберісте велосипед не балалар арбасын қалдыру,
* ортақ орындарға рұқсатсыз зат қою.

Мұндай жағдайлар арнайы тексерулер кезінде де, тұрғындардың шағымы арқылы да анықталады. Ол үшін ескерту берілуі немесе 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Айта кету керек, нақты талаптар әр өңірде әртүрлі болуы ықтимал.

Көліктен қоқыс лақтыру да жиі кездесетін, бірақ еленбейтін әрекеттердің бірі. Алайда бұл үшін де ескерту немесе 3 АЕК (12 975 теңге) айыппұл қарастырылған.

Үй жануарларына қатысты талаптар да бар. Итті дұрыс серуендетпеу, артынан тазаламау немесе қаладағы ережелерді сақтамау — тұрғындардың жиі шағымданатын мәселесі. Мұндай жағдайда 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл салынады.

Ал көршілер арасындағы ең көп дау тудыратын мәселе — шу. Қатты музыка, жөндеу жұмыстары немесе айқай-шу белгіленген уақыттан кейін заң бұзушылыққа жатады.

Шуға тыйым салынады:

* жұмыс күндері: 22:00–ден 09:00–ге дейін,
* демалыс күндері: 23:00–тен 10:00–ге дейін.

Бұл талап бұзылса, 5 АЕК (21 625 теңге), қайталанса — 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл қарастырылған. Көп жағдайда мұндай құқықбұзушылықтар көршілердің шағымы негізінде тіркеледі.

Ақтоты Боранова атап өткендей, кейбір құқықбұзушылықтар камералар арқылы автоматты түрде анықталады. Олардың ішінде жылдамдықты асыру, белдік тақпау, автобус жолағына шығу, қызыл жарықтан өту және сақтандырусыз жүру бар.

Сонымен қатар көптеген жағдай тұрғындардың өз шағымдары арқылы белгілі болады. Ең жиі көтерілетін мәселелер:

* шу,
* аулада дұрыс тұрақ қоймау,
* қоқыс,
* агрессивті мінез-құлық,
* ит серуендету ережесін бұзу.

Полицейлердің айтуынша, күнделікті өмірде елеусіз көрінетін әрекеттердің өзі айыппұлға себеп болуы мүмкін. Әсіресе, ол басқа адамдардың тыныштығы мен жайлылығына әсер етсе шағым жасаушылар да табылады.

Бұдан бұрын Алматыда 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью