Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдегі 2 млн 71 мың жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісінің 1 млн 24 мыңын (49,5%) әйелдер басқарады. Жұмыспен қамтудағы үлесі де айтарлықтай – ШОБ секторында 4,5 млн адам жұмыспен қамтылса, оның шамамен 1,54 миллионы (34%) әйелдер басқаратын кәсіпорындарда еңбек етеді.
– Кәсіпкер-әйелдер саны көп болғанымен, 2024 жылы олар жеке кәсіпкерлік пен шағын бизнес аясында шоғырланыпты. Ал тұрақты әрі ауқымды компаниялардағы орны шектеулі күйде қалып отыр. Басшылық қызметте де осындай ерекшелік байқалады: орта кәсіпорындардағы әйел басшылардың үлесі – 34,3%, шағын кәсіпорындарда – 29%, ал ірі бизнесте небәрі – 19,1%, – деп жазылған институт хабарламасында.
Әйелдер басқаратын кәсіпорындардың басым бөлігі сауда (438,3 мың), өзге қызмет түрлері (179,8 мың) және ауыл, орман және балық шаруашылығы (81,9 мың) саласында тіркелген.
Салаларға бөліп қарастырсақ әйелдер сауда, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларында көбірек шоғырланса, ал ерлер – құрылыс, көлік, өнеркәсіп және ақпараттық-коммуникациялық секторларда басым. Технологиялық тұрғыдан күрделі, ауқымы кең, капиталды көп қажет ететін салаларда әйелдер өте аз. Елімізде кәсіпкер әйелдер жеткілікті, бірақ олар ауқымды бизнесте азырақ.
Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат 2000-жылдардың басында қалыптаса бастады. 2000 жылы Үкімет қаулысымен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға қаржы бөлу алғаш рет институционалдық деңгейде бекітілді.
Бүгінде елімізде кешенді қолдау жүйесі қалыптасқан. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Кәсіпкер әйел» бастамасы консультациялық, ақпараттық және сервистік қолдау көрсетеді.
Халықаралық әріптестік те маңызды рөл атқарады. 2021 жылдан бастап Visa мен Halyk Bank әйелдер бизнесін дамытуға бағытталған «She’s Next» бағдарламасын жүзеге асырады. 2025 жылы бағдарламаға IT-бизнес бағыты қосылып, цифрлық секторға қолдау арта түсті.
Гранттармен қатар бизнестегі әйелдер үлесі 50%-дан жоғары қатысушылар 30 млн теңгеге дейін 9% мөлшерлемемен 60 айға дейін жеңілдетілген несие ала алады. 2018 жылдан бері бұл мүмкіндікті 630-дан астам кәсіпкер әйел пайдаланған.
2024 жылдан бастап «Даму» қоры «Үміт» бағдарламасын жүргізіп, әйелдерге ұзақ мерзімді қаржыландыруды қолжетімді етуге және шикізаттық емес секторларда бизнесті дамытуға жағдай жасап келеді.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің де қолдауы орасан зор. Оның бағдарламалары қаржыландырумен қатар, консультациялық және техникалық көмекті көрсетіп, саладағы мәселелерді еңсеруге бағытталған. 2023-2025 жылдары бұл қолдау айтарлықтай кеңейді. 2023 жылы «Women in Business Kazakhstan» II бағдарламасына 35 млн долларға дейін қаражат бөлінді, оның кемінде 10%-ы «жасыл» жобаларға бағытталды. 2024 жылы қосымша 15 млн доллар, ал 2025 жылы тағы 25 млн долларға дейін қаржы қарастырылған.
Осылайша, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі экономиканың маңызды әрі тұрақты дамып келе жатқан сегментіне айналды. Әйелдер ШОБ субъектілерінің жартысына жуығын басқарып, сектордағы жұмыспен қамтудың үштен бірінен астамын қамтамасыз етеді.
– Десек те саладағы мәселелерді шешу үшін әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуын арттырумен қатар, олардың бизнесінің өсуіне жағдай жасау керек. Қаржы бөлетін ресурстардың қолжетімділігін арттыру, білім беру мен кеңес беруді дамыту, әйелдердің технологиялық және ауқымды салаларға шығуына жағдай жасау қажет. Мұндай тәсіл әйелдер кәсіпкерлігінің экономикадағы рөлін күшейтіп, экономиканы әртараптандыруға және гендерлік теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Экономикалық зерттеулер институты.
Айта кетейік, Астанада әйел кәсіпкерлердің үлесі артып келеді.