Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
- Жасанды интеллект саласына келуіңізге не түрткі болды? Бұл қызығушылық қалай қалыптасты?
- Шынымды айтсам, менің жасанды интеллект саласына келуіме ЖИ-дегі қазақ мазмұнына деген аштық себеп болды. Бұл қызығушылық шамамен ChatGPT және Midjourney сияқты ірі нейрожелілердің дүмпуі басталған кезде, яғни осыдан 2-3 жыл бұрын нақты қалыптасты. Мен негізі ақпараттық салаға, медиаға жақын адаммын ғой. Күнделікті жаңалықтар легімен, сайттарды басқарумен айналысып жүріп, бір нәрсені түсіндім: біз рутиналық жұмыстарға тым көп уақыт жоғалтады екенбіз. Жаңалықты жазу, оны өңдеу, сурет іздеу – осының бәрі шығармашылық қуатты сарқып тастайды. «Осыны автоматтандыруға болмай ма?» деген сұрақ мені ЖИ құралдарын терең зерттеуге алып келді.
Екінші, әрі маңыздырақ себеп – мәдени мұра. Маған ескі тарихи фотосуреттерді қалпына келтіру, оларды заманауи сапада «сөйлету» қатты ұнайтын. Қазақтың батырларын, тарихи тұлғаларын дәл қазіргідей анық етіп көрсету үшін кәдімгі фотошоп аздық етеді. Ал жасанды интеллектің бұл тұрғыдағы мүмкіндігі шексіз екенін көргенде, қатты шабыттандым.
Кейін келе, бұл жай ғана хобби емес, үлкен құрал екенін ұқтым. Қазір мен үшін ЖИ – тек код немесе бағдарлама емес, ол – қазақ тілін цифрлық әлемде трендке айналдырудың, медианы автоматтандырудың және кәсіпкерлер мен журналистерге жаңа мүмкіндіктер ашудың кілті. Қысқаша айтқанда, мені осы салаға жетелеген – техникаға деген махаббаттан бұрын, жұмысты жеңілдету және ұлттық құндылықты жаңғырту ниеті болды.
- «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітабыңыз арқылы оқырманға не бергіңіз келді?
- «Жасанды интеллект әліппесі» – бұл жай ғана нұсқаулық емес, бұл менің замандастарыма деген жанайқайым және көмегім десем болады. Ең алдымен, оқырманның бойындағы үрейді жеңгім келді. Қазір қоғамда «Жасанды интеллект бізді жаулап алады, жұмыссыз қалдырады» деген қорқыныш басым ғой. Мен осы кітап арқылы ЖИ – бұл құбыжық емес, сіздің күнделікті жұмысыңызды жеңілдететін, уақытыңызды үнемдейтін өте қарапайым әрі пайдалы құрал екенін дәлелдегім келді.
Екіншіден, кітаптың аты айтып тұрғандай, бұл – «Әліппе». Яғни, мен күрделі IT терминдерін қолданбай, қарапайым мұғалімнен бастап, кәсіпкерге дейін түсінікті болатын тілмен жаздым. Мақсатым – технологияны тек IT мамандарының меншігі емес, жалпы халықтың игілігіне айналдыру болды.
Үшіншіден, қазақтілді контентті қолдау. Жасанды интеллект туралы ақпараттың 90%-ы ағылшын немесе орыс тілінде. Мен өз қандастарымның, қазақ тілді аудиторияның әлемдік прогрестен қалыс қалмауын, ақпаратты ана тілінде тұтынуын қатты қаладым. Бұл кітап арқылы оқырманға: «Қорықпа, үйрен, қолдан және заман көшінің алдында бол!» дегенді жеткізгім келді. Тағы бір айта кететін жайт, кітаптың шыққанына жыл толмаса да, ішіндегі ақпарат қазірдің өзінде ескіріп қалды. Себебі ЖИ әр күн сайын дамып жатыр.
Фото: Мейіржан Әуелханұлының жеке мұрағатынан
- Қоғамда жасанды интеллектке қатысты ең көп тараған қате түсінік қайсы?
- Меніңше, қоғамдағы ең үлкен және ең зиянды қате түсінік – «Жасанды интеллект адамды толық алмастырады, біз жұмыссыз қаламыз» деген қорқыныш. Бұл – түбірімен қате пікір және мен мұнымен үнемі күресіп келемін.
Мен семинарларымда да жиі айтамын. Жасанды интеллект сенің орныңды баспайды, сенің жұмысыңды тартып алмайды. Бірақ жасанды интеллектіні меңгерген маман оны меңгермеген маманды нарықтан ығыстырып шығарады. Айырмашылығын сезіп тұрсыз ба? Мәселе «роботтардың шабуылында» емес, мәселе заманға бейімделе алуда.
Тағы бір кең тараған қателік – «ЖИ – сиқырлы таяқша» деп ойлау. Көп адамдар «бір батырманы бассам болды, нейрожелі маған дайын мақала жазып береді немесе бизнесімді жүргізіп береді» деп күтеді. Олай емес. ЖИ – ол тек қуатты құрал ғана, мысалы, өте ақылды қаламсап немесе жүйрік көлік сияқты. Оның «жаны» жоқ, өмірлік тәжірибесі жоқ. Ол сіз қандай бұйрық берсеңіз, соны ғана орындайды. Егер сіз оған нашар тапсырма берсеңіз, ол нашар нәтиже шығарады. Яғни, тізгін әрқашан адамның қолында, ал ЖИ – тек сол тізгінді ұстаған адамның көмекшісі ғана.
- Қазір көп адам ChatGPT сынды ЖИ түрлерін жиі қолдана бастады. Бірақ олар ЖИ-ді шынымен дұрыс қолданып жүр ме?
- Өте орынды сұрақ. Шынымды айтсам, менің бақылауымша, қолданушылардың басым бөлігі – шамамен 80-90 пайызы – оның мүмкіндігінің тек шет жағасын, әрі кетсе 5-10 пайызын ғана пайдаланып жүр.
Ең басты қателік – адамдар ChatGPT-ге «ақылды Google» деп қарайды. Яғни, олар одан жай ғана ақпарат сұрайды. Мысалы, «Абай Құнанбайұлы кім?» немесе «Бешбармақты қалай әзірлейді?» деп жазады. Әрине, ол бұған жауап береді, бірақ бұл – микроскоппен шеге қаққанмен бірдей. Оны іздеу жүйесі ретінде емес, креативті серіктес ретінде пайдалану керек.
Дұрыс қолданбай жүргендердің тағы бір белгісі – контекст бермеу. Олар нейрожеліге: «Маған мақала жазып берші» деп қысқа қайырады. Нәтижесінде «су» болып шыққан, жалпылама мәтін алады да, «ой, мынауың дұрыс жазбайды екен» деп көңілдері қалады. Ал дұрыс қолданушы оған рөл береді: «Сен 20 жылдық тәжірибесі бар маркетологсың. Маған мына тауарды жастарға сату үшін, Instagram-ға арналған қызықты, эмоцияға толы жазба дайындап бер» десе, нәтиже мүлде басқаша, әлдеқайда сапалы болады.
Үшінші мәселе – «диалог құрмау». Көп адам алғашқы жауапты алады да, сонымен тоқтайды. Негізі ЖИ-мен сөйлесу керек: «Мына жерін түзе», «мына жерін қысқарт», «мысалды көбірек қос» деп, онымен бірге жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, көпшілік оны бір реттік сұрақ-жауап машинасы деп қана қабылдайды. Сондықтан мен үнемі «Сұрақты дұрыс қою – жарты жауапты алу деген сөз» деп айтып жүремін.
- 2026 жыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы деп жарияланды. Бұл шешімді қалай бағалайсыз? Бұдан қандай нәтиже, өзгеріс күтеміз?
- Бұл шешімді өте жоғары бағалаймын және мұны «уақыт талабынан туған стратегиялық қадам» деп есептеймін. Тіпті, кешігіңкіреп қалмадық па деген де ой жоқ емес. Өйткені әлемде ЖИ дамуы сағат сайын емес, секунд санап өсіп жатыр. Мемлекеттің мұны ресми түрде мойындап, басымдық беруі – біздің «цифрлық отарға» айналып кетпеуіміздің кепілі.
Бұл жылдан мен нақты үш үлкен өзгерісті күтемін және үміттенемін. Біріншіден, Ұлттық ЖИ моделінің толыққанды іске қосылуы. Біз қазір ChatGPT немесе Google Gemini сияқты шетелдік өнімдерге тәуелдіміз. Олар қазақ тілін біледі, бірақ біздің менталитетті, тарихты, салт-дәстүрді терең түсінбейді. 2026 жыл – қазақ тілінің цифрлық әлемдегі «тәуелсіздік алатын» жылы болуы керек. Біздің өз дерекқорларымызға негізделген, мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін отандық нейрожелінің нарыққа шығуын күтемін.
Екіншіден, білім беру жүйесінің түбегейлі трансформациясы. «Жасанды интеллект жылы» деген тек IT мамандарын даярлау деген сөз емес. Бұл – ауылдағы мұғалімнен бастап, қаладағы дәрігерге дейін ЖИ құралдарын күнделікті жұмыста қолдануды үйрету. Мен мектептер мен университеттерде «ЖИ сауаттылығы» пәнінің енгізілуін немесе тым құрығанда базалық курстардың міндетті болуын күтемін. Өйткені кадрсыз технология – темір үйіндісі ғана.
Үшіншіден, бюрократияның азаюы. Цифрландыру министрлігінің жұмысы жаман емес, бірақ біз әлі де қағазбастылықтан арыла алмай келеміз. ЖИ мемлекеттік қызметтердегі «адами факторды» жоюы тиіс. Шешім қабылдау процесі, анықтама алу, кезекке тұру – осының бәрі секундтар ішінде, автоматты түрде жүзеге асуы керек.
Ең бастысы, бұл жыл жай ғана әдемі форумдар мен есеп беретін жиналыстардың жылы болып қалмаса екен деймін. Бізге «ЖИ туралы сөйлесу» емес, «ЖИ-ді нақты енгізу» керек. Егер біз бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, 2026 жыл Қазақстанның технологиялық секіріс жасаған жылы ретінде тарихта қалады.
- Қазақстан ЖИ саласында қай бағыттарға басымдық беруі керек?
- Мемлекеттің ресурсы шектеулі ғой, сондықтан бәрін бірдей бір сәтте қамту мүмкін емес. Егер маған «тек үш бағытты таңда» десе, мен мыналарды атап көрсетер едім:
Бірінші және ең маңыздысы – білім беру. Неге? Себебі біз – жастары көп мемлекетпіз. Егер біз қазір мектеп оқушысы мен студентті ЖИ-мен дұрыс жұмыс істеуге үйретпесек, ертең олар бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Менің арманым – әрбір қазақстандық оқушының жеке «ЖИ-тюторы» болса деймін. Ол баланың қабілетіне қарай тапсырма беріп, түсінбеген жерін қайталап түсіндіріп отыратын жүйе. Бұл әсіресе ауылдық жерлердегі білім сапасын көтеруге орасан зор мүмкіндік берер еді.
Екіншісі – мемлекеттік басқару және қауіпсіздік. Бірақ мен мұны «камера қойып, айыппұл салу» деп емес, «болжау және алдын алу» деп түсінемін. Біз көп жағдайда қандай да бір оқиға болғаннан кейін ғана қимылдаймыз ғой. ЖИ деректерді талдау арқылы табиғи апаттарды, қылмысты немесе экономикалық дағдарысты алдын ала болжай алады. Бізге «реактивті» емес, «проактивті» басқару керек.
Үшіншісі – қазақ тілі және ұлттық контент. Бұл – менің жеке жанайқайым десем де болады. Медицина да, өндіріс те маңызды, бірақ біздің «цифрлық егемендігіміз» тілде жатыр. Егер біз қазақ тілін, заңнамамызды, тарихымызды жақсы түсінетін отандық модельдерді дамытпасақ, біз мәңгілікке шетелдік технологияның тұтынушысы болып қаламыз.
Ал медицина саласы онсыз да дамып жатыр, оған жеке сектор да қатты қызығушылық танытуда. Сондықтан мемлекет ең алдымен бизнестің қолы жетпейтін немесе табыс көзі аз, бірақ стратегиялық маңызы бар осы үш бағытқа күш салуы керек деп есептеймін.
- Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға қандай кедергілер мен мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз?
- Бұл сұраққа келгенде мен реалист болуды жөн көремін. Жағдайды «екі жағы бар медаль» деп қарастырсақ болады. Алдымен, бізді аяқтан шалып тұрған кедергілерді ашық айтайын. Ол – есептеу қуатының жетіспеушілігі. Жасанды интеллект, әсіресе үлкен тілдік модельдер – өте қомақты компьютерлік ресурсты талап етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бізде әзірге «ЖИ-дің миын» жылдам жұмыс істететін қуатты серверлер мен видеокарталар жеткіліксіз. Біз көбіне шетелдік бұлттық сервистерге жүгінуге мәжбүрміз, ал бұл – қымбат және деректер қауіпсіздігі жағынан тәуекел.
Келесі кедергі – сапалы қазақша деректердің аздығы. ЖИ ауадан ақпарат алмайды, оны үйрету керек. Ағылшын немесе орыс тілінде терабайттаған кітап, мақала, видео дайын тұр. Ал қазақ тіліндегі контенттің цифрлық қоры әлі де жұтаң. Сапалы дерек болмаса – сапалы ұлттық нейрожелі де болмайды. Тағы бір мәселе – халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүрген біздің талантты жігіттер мен қыздардың көбі шетелдік алпауыт компанияларға кетіп қалуда. Өйткені ол жақта жалақы да, мүмкіндік те, ғылыми база да жоғары. Оларды елде ұстап қалуымыз қажет.
Дегенмен, еңсені түсіруге болмайды. Бізде басқаларда жоқ керемет мүмкіндіктер бар:
1. Халықтың цифрлық сауаттылығы мен бейімделгіштігі. Байқасаңыз, қазақстандықтар жаңалыққа өте тез үйренеді. Kaspi.kz, eGov сияқты сервистер арқылы біз «цифрлық өмірге» дайынбыз. Халық жаңа технологиядан қорықпайды, керісінше, оны тұрмысқа тез енгізеді. Бұл – ЖИ өнімдерін нарыққа шығару үшін таптырмас орта.
2. Мемлекеттік қолдау және «еркіндік». Кейбір Еуропа елдерінде ЖИ-ді реттеу тым қатал, заңдары дамуға кедергі келтіріп жатады. Қазақстанда әзірге «SandBox» (құмсалғыш) режимі бар, яғни стартаптарға эксперимент жасауға мүмкіндік мол. Astana Hub-тың салықтық жеңілдіктері де – үлкен көмек.
3. Орталық Азиядағы көшбасшылық. Қазақстан бүкіл түркі әлемі мен Орталық Азия үшін IT-хаб бола алады. Біз тек өзімізге емес, 80-100 миллиондық нарыққа қызмет ететін ЖИ шешімдерін жасай аламыз. Біздің банк жүйеміз бен мемлекеттік сервистеріміз – көршілеріміз үшін үлгі.
Қорыта айтқанда, бізде инфрақұрылым жағынан қиындықтар бар шығар, бірақ адами капитал және «ниет» жағынан мүмкіндігіміз өте жоғары. Егер қазір дұрыс стратегия ұстансақ, кемшіліктерді артықшылыққа айналдыра аламыз.
- Алдағы уақытта оқушылар мен студенттерге қандай дағдылар ең қажет болады. Ал қай мамандықтар жойылуы мүмкін?
- Бұл – маған ата-аналар мен студенттер тарапынан қойылатын ең жиі және ең ауыр сұрақ. Болашақты дөп басып айту қиын, бірақ тенденцияны анық көруге болады. Алдымен, «қауіпті аймақтағы» мамандықтардан бастайық. Ашығын айту керек, рутиналық, қайталанатын ақыл-ой еңбегі жойылуға немесе қатты қысқаруға жақын тұр.
1. Колл-орталық операторлары мен қарапайым кеңесшілер: Олардың орнын қазірдің өзінде тынымсыз, ұйықтамайтын және бірден 10 тілде сөйлейтін AI-боттар басып жатыр.
2. Техникалық аудармашылар мен ортаңқол копирайтерлер: Егер сіз жай ғана мәтінді бір тілден екінші тілге аударсаңыз немесе шаблонмен мәтін жазсаңыз, сіздің бәсекелесіңіз – тегін істейтін ChatGPT. Тіпті қазірдің өзінде ақпараттық сайттардың лентасын жаңарту жұмысын ЖИ атқарып отыр десек болады.
3. Кіші буын заңгерлері мен бухгалтерлер: Құжаттарды сұрыптау, есеп шығару, келісімшарт тексеру сияқты «қағазбастылықты» ЖИ адамнан жүз есе тез жасайды.
Бірақ бұл мамандықтар түбегейлі жойылады деген сөз емес, олар трансформацияланады. Мысалы, аудармашы енді «мәдени редакторға» айналуы керек.
Ал енді болашақ дағдыларына келсек. Меніңше, студенттерге қазір дипломнан гөрі мына 4 қабілетті дамыту ауадай қажет:
1. AI-сауаттылық. Бұл – жаңа ағылшын тілі. Болашақта дәрігер болсаңыз да, мұғалім болсаңыз да, нейрожелімен «тіл табыса алу», оған дұрыс тапсырма беру – ең басты кәсіби талап болады.
2. Сыни ойлау. Ақпарат ағыны мен фейктер көбейген заманда шындықты жалғаннан ажырата білу, деректерді тексеру – алтынға бергісіз қасиет. ЖИ қателесуі мүмкін, ал оны түзететін – адам.
3. Эмоционалды интеллект және эмпатия: Роботтар есептей алады, бірақ олар жаны аши алмайды, адамды жігерлендіре алмайды, күрделі келіссөз жүргізе алмайды. Психология, педагогика, креативті басқару, қызмет көрсету саласы – ЖИ толық алмастыра алмайтын «адами» аралдар.
4. Үздіксіз үйрену. Бұрынғыдай «университетті бітірдім, болды» деген заман өтті. Қазір технология 2-3 жылда жаңарады. Сондықтан ескіні тез ұмытып, жаңаны тез меңгеру қабілеті – бәсекеге қабілеттіліктің басты кілті.
Мен жастарға: «Мамандық таңдамаңдар, проблема шешуді таңдаңдар» деп айтар едім. Егер сіз бір мәселені ЖИ көмегімен шеше алатын маман болсаңыз, сіз ешқашан жұмыссыз қалмайсыз.
- Жалған ақпарат, цифрлық манипуляция дәуірінде журналистика қалай өзгеруі тиіс?
- Бұл – мен үшін өте жақын әрі ауыр тақырып. Себебі менің бір аяғым IT-де болса, бір аяғым медиа саласында тұр. Ашығын айту керек, «Кім бірінші хабарлайды?» деген жарыс бітті. Бұл жарыста журналистер жеңілді. Өйткені жасанды интеллект пен боттар кез келген ақпаратты адамнан мың есе жылдам жазып, таратып жібере алады. Егер журналистика тек «ақпарат тасушы» болып қалса, онда оның болашағы бұлыңғыр.
Сондықтан цифрлық манипуляция дәуірінде журналистика мынадай үш үлкен трансформациядан өтуі тиіс деп санаймын:
1. «Хабарлаушыдан» — «зерттеушіге» ауысу. Бұрын журналистің басты міндеті оқиға орнынан ақпарат беру болса, ендігі басты міндеті – ақпаратты сүзгіден өткізу. Қазір интернет қоқысқа толы. Дипфейк видеолар, жалған дауыстар, өтірік жаңалықтар қаптап кетті. Журналист енді «шындық лабораториясының қызметкері» болуы керек. Ол видеоның монтаж екенін, фотоның нейрожелімен жасалғанын анықтай алатын техникалық құралдарды меңгеруі тиіс. Халық журналиске жаңалық іздеп емес, «мынау рас па?» деген сұрақтың жауабын іздеп келетін болады.
2. Контент емес, контекст ұсыну. Жасанды интеллект тамаша мәтін жаза алады, бірақ ол «жанды» сезбейді және терең контексті түсінбейді. Робот «Мұнай бағасы өсті» деп жазады. Ал журналист «Мұнай бағасының өсуі ауылдағы қарапайым Айдар ағаның қалтасына қалай әсер етеді?» деген адами, әлеуметтік астарды ашып беруі керек. Журналистика цифрлар мен фактілерден — адам тағдырына, эмоцияға және терең талдауға көшуі тиіс. Бұл – ЖИ-дің тісі батпайтын сала.
3. Цифрлық этика және жеке бренд. Фейк ақпараттар көбейген сайын, адамдар ақпарат көзіне емес, тұлғаға сене бастайды. «Qaznews жазды» дегеннен гөрі, «Пәленшеев деген беделді журналист зерттепті» деген сөз маңыздырақ болады. Журналистер өздерінің репутациясын «цифрлық гигиена» арқылы қорғауы керек. Егер журналист мақала жазуға ЖИ қолданса, ол туралы ашық жазуы тиіс. Ашықтық – жаңа валюта.
Қысқасы, болашақ журналист – ол қолында диктофоны бар тілші емес, ол – қолында қуатты аналитикалық құралдары бар, деректерді тексере алатын, IT-сауатты цифрлық тергеуші. Журналистика өлмейді, ол күрделенеді және «қоғамның иммундық жүйесі» ретінде бұрынғыдан да маңызды бола түседі.
Еске салсақ, осыған дейін жасанды интеллект туралы заң күшіне енгені жайлы жазғанбыз.