Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстан дамудың жаңа кезеңге қадам басуда. Бұл кезеңде ілгерілеудің негізгі факторы тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік институттардың сапасы болмақ. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов «Қазақстанның жаңа конституциялық моделі: орнықты әрі заманауи мемлекет жолында» атты халықаралық сараптамалық дөңгелек үстелде мәлімдеді. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Maqsut Narikbayev University (MNU) бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан ауқымды трансформациядан өтіп, заманауи мемлекет пен нарықтық экономиканың негізін қалыптастырды. Бүгінде ел экономикасы жаңа деңгейге жетті: ЖІӨ шамамен 306 млрд долларды құрайды, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллардан асты. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды Дүниежүзілік банк жіктемесі бойынша жоғары табысты елдер тобына жақындатады.
Алайда Ж. Шаймарданов атап өткендей, дамудың белгілі бір кезеңінде шешуші фактор экономикалық өсім емес, басқару институттары мен құқықтық жүйенің тиімділігіне айналады.
«Қазақстан дамудың жаңа – сандық өсімнен сапалы дамуға көшу кезеңіне қадам басып отыр. Бұл кезеңді қамтамасыз ету үшін неғұрлым мықты әрі бейімделгіш институттар қажет»,– деді Ж. Шаймарданов.
Спикердің айтуынша, қазақстандық қоғамның трансформациясы мемлекетке деген жаңа талаптарды қалыптастыруда. Жедел урбанизация, цифрландыру және білімге қолжетімділіктің артуы қоғамды белсенді әрі қоғамдық үдерістерге көбірек қатысатын етті. Азаматтар ашық әрі есеп беретін басқаруды, құқықтардың тиімді қорғалуын және шешім қабылдауға кеңірек қатысу мүмкіндігін жиі талап етуде.
Ж. Шаймардановтың айтуынша, конституциялық реформа 2019 жылдан бері Қазақстанда жүзеге асырылып келе жатқан саяси жаңғыртудың заңды жалғасы болды.
Атап айтқанда, осы кезеңде қоғамдық диалогтың жаңа тетіктері құрылды, соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, саяси қатысуды кеңейтетін заңнамалық өзгерістер қабылданды, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ парламенттік оппозицияның рөлі күшейтілді.
Кейін реформалар жергілікті басқару деңгейіне де таралды: азаматтар ауыл әкімдерін тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы маңызды қадам болды.
Өзгерістердің жаңа кезеңі 2022 жылы басталды. Бұл кезде ауқымды конституциялық өзгерістер жүзеге асырылып, парламенттің рөлі күшейтілді, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі нығайтылды және Конституциялық сот құрылды.
Ж. Шаймардановтың айтуынша, реформалардың басты ерекшелігі – институционалдық жаңғыртудың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы.
«Қазақстан саяси жаңғыртуды біртіндеп жүзеге асыру стратегиясын ұстануда. Бұл ретте реформалар дәйекті түрде жүргізіліп, әрбір жаңа кезең алдыңғы нәтижелерді бекітеді»,– деді ол.
Оның пікірінше, мұндай тәсіл қоғамның өзгеріп жатқан сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді және сонымен қатар институционалдық тұрақтылықты сақтайды.
Осы тұрғыда қазіргі конституциялық реформа дәйекті институционалдық дамудың заңды кезеңі болып табылады және саяси институттар мен мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған.