Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Жалған құжатпен жұмыс жасаған қылмыстық топ жарты миллиард теңге пайда тапқан.
Тергеу мәліметі бойынша, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету желеуімен коммерциялық ұйымдар үшін құрылыс жұмыстары тәжірибесін жасанды түрде қалыптастыру схемасын ұйымдастырған. «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған. Бұл клиент-компанияларға мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде негізсіз артықшылықтар берген. Схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы белсенді түрде жарнамаланған.
"Қылмыстық топ құрамына 11 адам кірген. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталды" - деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, олар арқылы ақша қаражаты жинақталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асты.
Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. Тексеру жүргізу үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды.
Үш күдікті қамауға алынды, тағы сегіз тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Мұндай қылмыстар адал емес компанияларға мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп атап өтті агенттік мамандары. Бұл сапасыз жобалардың жүзеге асу тәуекелін арттырып, адал бизнес субъектілерін тең емес жағдайға қояды.
Бүгін, 09:51