Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Петропавлда блогер Маңғыстау облысында 14 әскери қызметшінің қаза табуына байланысты жарияланған 25 қыркүйектегі аза тұту күні тікелей эфирде арандатушылық сипаттағы сөздер айтып, билегені үшін 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны өзін блогер ретінде таныстырып жүр. Оның аккаунттарына 100 мыңға жуық адам жазылған. Ол билерімен, сондай-ақ "Давай поженимся" танымал бағдарламасына қатысуымен белгілі болған.
25 қыркүйекте, Маңғыстауда қаза тапқан әскерилерге байланысты Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған кезде блогер тікелей эфирге шығып, ән айтып, би билеген. Ол бұл әрекетін іші пысқандықтан, көңіл көтергісі келгенімен түсіндірді. Көрермендердің ескертуінен кейін ол бұл оқиға оның жеке қайғысы емес екенін және қаралы болып көрінуге ниеті жоқ екенін мәлімдеген.
"Менің өз өмірім бар, мен өз өмірімді сүріп жатырмын. Біреуге қайғыруым үшін ол кем дегенде менің ұлым немесе күйеуім, болмаса жақын достарым болуы керек. Ал мен оларды мүлдем танымаймын", - деді блогер.
Бұдан кейін наразы солтүстікқазақстандықтар блогерді жазалауды талап ете бастады. Бірнеше адам полицияға арыз түсірген. Тәртіп сақшылары бұл дерекке қатысты тиісті шаралар қабылдады.
"Полиция Петропавлдың 42 жастағы тұрғыны А. есімді азаматты анықтады, ол 25 қыркүйектегі жалпыұлттық аза тұту күні, әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде құқықтық баға берілген әрекеттер жасаған. Аталған факт бойынша полиция тексеріс жүргізіп, материалдар жиналып, сотқа жіберілді. 29 қыркүйекте сот әйелге ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Фото: СҚО ПД
Петропавлдың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысына сәйкес, блогер кінәсін мойындап, 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын білмегенін түсіндірді.
"Ол бұл сөздерді айтқанын жоққа шығармайды, бірақ оның айтуынша, ол қаза тапқан әскери қызметшілерді емес, жалпы әлемде болып жатқан жағдайларды меңзеген. Жасаған ісіне өкінеді, қателескенін түсінеді. Сот мәлімдемелердің мазмұны, бейнежазбаларды орналастыру және тікелей эфирді жүргізу жағдайлары мен уақыты өзгелерге, соның ішінде бейнежазбаларды көруге мүмкіндігі болған адамдарға құрметсіздікті білдіреді деп санайды", - деп атап өтілген сот қаулысында.
Tengrinews.kz тілшісіне даудан кейін әйел жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүр болғаны белгілі болды. Ол қаладағы ауруханалардың бірінде санитар болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, бұл әйел даулы жағдайға бірінші рет тап болған жоқ. Биыл жазда ол серіктесімен бірге әлеуметтік желіге клип түсіру кезінде жол қозғалысы ережесінің бірнеше тармағын бұзғаны үшін айыппұл арқалаған.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кетті. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Бастапқыда 19 әскери қызметші туралы хабарланып, кейін әкімдік 17 адам екенін нақтылады. Төтенше оқиға салдарынан 14 адам қаза тауып, үшеуі аман қалды.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу