Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 11 әскери қызметшісі Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері (UNIFIL) миссиясының құрамында бітімгерлік қызмет атқару үшін Ливанға келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес, атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, жауапкершілік аймағындағы жағдайды бақылауда ұстау, жергілікті билік органдарымен және тұрғындармен байланыс орнату, гуманитарлық іс-шараларды сүйемелдеу, патрульдеу, БҰҰ нысандарын күзету және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға жәрдемдесу секілді міндеттерді орындайды.
Барлық әскери қызметшілер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына сәйкес халықаралық стандарттар бойынша жан-жақты дайындықтан өтті. Оның аясында халықаралық гуманитарлық құқық нормалары, күш қолдану ережелері, бейбіт тұрғындармен қарым-қатынас жасау ерекшеліктері зерделеніп, тілдік дайындық жүргізілді. Сондай-ақ қазіргі заманғы бітімгерлік операциялар жағдайындағы іс-қимылдар бойынша практикалық жаттығулар ұйымдастырылды.
Қазақстандық әскери қызметшілердің Ливандағы бітімгерлік миссиясындағы тәжірибесі мол. Бүгінгі күні жауапкершілік аймағына ұлттық контингенттің 11-ші құрамы жіберіліп отыр. Бұған дейін де қазақстандық бітімгерлер UNIFIL миссиясындағы үнді контингентінің құрамында міндеттерін сәтті атқарған болатын. Қызмет барысында олар жоғары кәсіби дайындығын, темірдей тәртібін және көпұлтты ортада тапсырмаларды орындауға әзірлігін көрсетіп, миссия қолбасшылығы мен халықаралық серіктестер тарапынан жоғары баға алған.
Қазақстанның БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуы – еліміздің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастығының маңызды бөлігі болып табылады. Бұл қадам Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтау жолындағы жауапты мемлекет ретіндегі беделін арттыруға септігін тигізеді, сондай-ақ әскери қызметшілердің көпұлтты контингенттер құрамында қызмет етіп, бірегей іс-тәжірибе жинақтауына жол ашады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.