Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Министрлік ЕАЭО елдерімен, Еуропа мемлекеттерімен, Орталық Азия және Таяу Шығыс өңірлерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып отыр. Өткен жылы Иранда, Венгрияда, Ауғанстанда, Қытайда, оның ішінде Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларына, Малайзияда, Өзбекстанда, Беларусьте және Пәкістанда 10 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды. Оларға 300-ден астам қазақстандық компания қатысты. Миссия қорытындысы бойынша 477,8 млн АҚШ доллары сомасына экспорттық келісімшарттар жасалды. Сонымен қатар 109 компанияның 6,26 млрд теңге көлеміндегі шығындары өтелді.
— Сыртқы инфрақұрылымдық бағыттар да дамып жатыр. Uz-Qaztrade кеңсесі, Qaztrade-тің Тәжікстандағы, Дубайдағы, Термездегі, Будапешттегі, Тегерандағы, Үрімшідегі және Нанкиндегі өкілдіктері жұмыс істейді. Қазақстан Gulfood көрмесі, China Import Expo, Берлиндегі Жасыл апта, GITEX және Шанхайдағы көрмелерді қоса алғанда сегіз ірі халықаралық көрмеге қатысты, — делінген хабарламада.
Экспорттаушыларды Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы қаржылай қолдау көлемі 653,7 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге артты. Сауда және экспорт алдындағы қаржыландыру 92,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсті. 121 экспорттаушыға қолдау көрсетілді.
Агенттік 50 млрд теңгеге докапитализацияланды, сондай-ақ 250 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдіктер берілді. 2026 жылдың соңына қарай сақтандыру сыйымдылығын 1,1 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Былтыр Қазақстан преференциялық сауда келісімдерінің желісін кеңейтті. ЕАЭО мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында экономикалық әріптестік туралы келісімге, Моңғолиямен уақытша сауда келісіміне және Индонезиямен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Біріккен Араб Әмірліктерімен қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім жасасу жұмыстары аяқталуға жақын. Үндістанмен келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті.
Халықаралық ынтымақтастық көпжақты алаңдар арқылы да ілгерілетілуде. Мамыр айында Астанада «Орталық Азия — Қытай» форматындағы экономика және сауда министрлерінің екінші кездесуі өтті, оның қорытындысы бойынша меморандум мен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Маусым айында Астанада Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы сауда конфигурациясындағы ынтымақтастық комитетінің сегізінші отырысы өтті.
— Отандық өндірушілерді қорғау және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында кедендік-тарифтік реттеу шаралары қабылданды. 2025 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия импорттық баж мөлшерлемелерін өзгертуге қатысты 15 шешім қабылдады. 2028 жылғы 31 мамырға дейін терілерді экспорттауға салынатын баж салығы алынып тасталды. Жекелеген тауарлар импортына отандық өндірушілерді қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шектеулер енгізілді. Сонымен қатар төрт демпингке қарсы шара қабылданып, жекелеген өнім түрлері бойынша он жаңа тергеу басталды, — делінген ведомство хабарламасында.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, экспорттық саясатты кеңейту, компанияларды қаржылай қолдау және сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша кешенді жұмыс қазақстандық экспорттың тұрақты өсуіне негіз қалайды, отандық өндірушілердің халықаралық нарықтардағы позициясын нығайтады және елдің жаһандық экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Айта кетейік, ішкі саудадағы 460 жобаға 4,3 млрд теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді.