Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Федерация өкілінің айтуынша, бастама – мектеп оқушылары арасында ұлттық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Бүгінде «Бала-Толағай» жобасына қатысушы балалардың қатары артып келеді.
– Ыстанбұлда ұлттық ойындарымызды таныстырдық. Оның ішінде асық ату, садақ ату, бес асық секілді ойындар қамтылды. Қазақ спортын, қазақ балаларының өнерін тамашалауға келген жұрт залға сыймай қалды, – деді федерацияның президенті Шолпан Шаймарданқызы.
Сапар жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналған.
– Түркиядағы қазақтар қатты қуанды. Басында қатты қобалжыдық, кейін ұлттық спортты насихаттауға барымызды салдық, – дейді қатысушы Меруерт Замалиева.
Сонымен қатар шара барысында оқушылар тек спорттық ойындармен шектелмей, ұлттық мәдениетті жан-жақты дәріптеуге де ерекше мән берген.
– Шарада өлең оқып, ұлттық код пен дәстүрімізді дәріптеуге атсалыстық, – дейді тағы бір қатысушы Өркен Жаңабай.
Федерация өкілінің айтуынша, мұндай халықаралық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі жас ұрпақтың бойында ұлттық спортқа деген қызығушылық пен жанашырлықты қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
Еске салайық, Түркістан қаласында көкпардан әлем чемпионаты өтіп жатыр.