Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр амандасу мәдениетін мектептегі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруды ұсынды. Оның пікірінше, бір-біріне құрметпен қарау бір реттік тәрбиелік шара емес, балалардың тұрақты әдеті болуы тиіс, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұндай ұсынысты Ерлан Сайыр мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басты міндет - халқымыздың баға жетпес қазынасы - ұлттық мұраны сақтау екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысының амандасу мәдениетін ұлттық құндылықтарға сай дамыту жөніндегі бастамасы да осы саясаттың нақты көрінісі", - деді депутат.
Депутат мәдениет тек концерттермен, театрлармен және мұражайлармен шектелмейтінін атап өтті. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан, әдебінен, айналасындағыларға деген қарым-қатынасынан және қоғамдық этика нормаларын сақтауынан көрінеді.
Сайырдың пікірінше, амандасу мәдениеті - ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі айқын элементтерінің бірі. Қазақ қоғамында сәлемдесу дәстүрі ежелден үлкенге құрмет, кішіге ізет және туыстық қатынастарды сақтауға негізделген.
"Қазақы сәлемдесудің басты ерекшелігі - ұстамдылық. Амандасу - осы мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ сонымен бірге терең мағыналы элементтерінің бірі", - деп атап өтті депутат.
Ол сәлемдесу ерекшеліктері әр халықтың мәдени өзіндік ерекшелігінің бір бөлігі екенін айтты. Жаһандану жағдайында оларды сақтап қалу - ұлттық мәдени болмысты қорғаудың бір жолы болмақ.
Депутат амандасу мәдениетін бөлек бір реттік акция немесе тек тәрбие жұмысының бір бағыты ретінде қарастырмау керек деп санайды. Оның пайымдауынша, бұл ұлттық бірегейлікті нығайту жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.
ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР
306 заңбұзушылық: Астанада жүргізуші жазаланды
Кеше 18:00 1
"Мәдени код аспандаған ұрандардан емес, күнделікті әдеттерден басталады", - деп түйіндеді Сайыр.
Осыған байланысты депутат амандасу мәдениетін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ ол амандасу мәдениетін мектептердегі күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементіне айналдыру қажет деп санайды. Ол үшін сынып сағаттарын, мектеп ережелерін, тәлімгерлікті, ата-аналармен жұмысты, педагогтердің жеке үлгісін және мектептің жалпы мәдени ортасын пайдалану ұсынылады.
Бұдан бөлек, Сайыр мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.
Депутаттың пікірінше, мұндай тәсіл балаларда сыпайы қарым-қатынас мәдениетін жекелеген сабақтар немесе іс-шаралар арқылы ғана емес, күнделікті әдеттер арқылы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауы кезінде БАҚ өкілдеріне арналған брифингте қазақстандықтар үшін "жаңа әдеп" туралы айтқан болатын.
"Жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек", - деген еді Президент.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу