Қазақстандық оқытушылар Лу Бань шеберханасында жасанды интеллектті меңгерді

27.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Қазақстан мен Қытай басшыларының қатысуымен ашылған бұл орталық бүгінде отандық ғылымның нағыз технологиялық алаңына айналып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жобаның сәтті жүзеге асуына 2025 жылдың маусым-шілде айларында Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы кәсіптік техникалық институтында бір айлық ғылыми тағылымдамадан өткен 15 оқытушының еңбегі зор. Олар Қытайда меңгерген білімдері мен тәжірибесін қазір қазақстандық әріптестері мен студенттерімен бөлісіп жүр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біз Қытайда бір ай бойы төрт басты модуль бойынша білім алдық. Олар: робот және автоматтандыру жүйесі, LLM, дрондар жүйесі және қауіпсіздік жүйелері. LLM — қарапайым тілмен айтқанда, мәтінді түсініп, жауап бере алатын тілдік модель. Оқудан соң өз факультетіміздегі профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді үйреттік. Қазір студенттер практика жүзінде нәтиже көрсетіп жатыр. Ал бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен келген 28 профессорға осы бағыттар бойынша сертификат тапсырылды, — дейді ақпараттық жүйелер кафедрасының PhD докторы Мансия Хантөреева.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманованың айтуынша, бұл шеберхана — екі ел арасындағы серіктестіктің жемісі. 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Президенті Си Цзиньпиннің қатысуымен ашылған бұл база жасанды интеллект саласындағы білімді тереңдетуге арналған. Шеберханадағы жабдықтардың барлығы — Тяньцзинь қаласынан келген соңғы үлгідегі технологиялар.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жас ғалымдар мен студенттердің де бұл бағытқа деген құлшынысы жоғары. Ақпараттық технологиялар факультетінің 3-курс студенттері сабақтан тыс уақыттарын осы шеберханада өткізуді әдетке айналдырған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Бұл жер өте қызықты. Біз роботтарға код жазып, олардың түрлі салаларда көмектесуін зерттейміз. Мұнда робот-сұрыптаушылар мен манипуляторлар бар. Менің жобам — автоматты сұрыптау жұмысына арналған. Тауардың үстіндегі QR-кодты оқу арқылы робот оны Қарағанды, Алматы немесе Астана қалаларының қоймасына жіберу керектігін өзі анықтайды, — дейді факультет студенттері Олжас Еркінұлы мен Арлан Тәжібаев.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Алдағы уақытта «Лу Бань» шеберханасының жұмысын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Жаңа үлкен кабинеттер ашылып, студенттер мен оқытушылардың заманауи жабдықтармен еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік туады.

Айта кетейік, ЖИ мамандарын даярлау үшін 12 шетелдік ЖОО тартылғанын жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью