Қазақстандық шектен тыс стресс үшін өтемақы өндіріп алды

22.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Петропавл тұрғыны төрт тәулік бойы заңсыз қамауда болғаны үшін өтемақы өндіріп алды. Талап арызында ер адам " шектен тыс психоэмоционалдық күйзеліске" түскенін көрсеткен, деп хабарлайды Tengrinews.kz Солтүстік Қазақстан облыстық сотына сілтеме жасап.

Қазақстандық не үшін қамауға алынды?

Бұған дейін Петропавл тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша іс қозғалған. Оған қатысты жаза қолданылып, ер адам төрт тәулік қамауда отырған.

Кейін Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтатты. Сондай-ақ ер адамның келтірілген зиянды өтеп алу құқығы танылды.

Осыдан кейін ол Қаржы министрлігі мен Полиция департаментіне қатысты сотқа шағым түсірді.

"Заңсыз қамаққа алу мен оқшаулаудың шектен тыс психоэмоционалдық күйзеліске және денсаулығының нашарлауына әкеп соққанын (талап қоюшы III дәрежелі артериялық гипертониямен ауырады) көрсеткен С. жауапкерлерден моральдық зиянды өтеуді талап етіп, сотқа жүгінді", - деп хабарлады сот.

Қазақстандық қанша ақша өндіріп алды?

Петропавл қаласының № 2 соты ер адамның талап арызын ішінара қанағаттандырды. Оның пайдасына 200 мың теңге моральдық зиян өтемақысы және өкілдік қызметі үшін тағы 300 мың теңге шығын өндірілді.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда үш сағат жұмысқа келмегені үшін жұмыстан шығарылған қазақстандық 2,3 миллион теңге өндіріп алған. Сот жұмыстан шығаруды заңсыз деп тапты, себебі жұмыс беруші тәртіптік жаза қолданар алдында қызметкерден жазбаша түсініктеме сұрамаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью