Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қазақстандық мұғалімдер «Орталық Азия STEM мұғалімдерінің инновациялық әлеуетін арттыру» халықаралық жобасының алғашқы қатысушылары атанды.
Беделді Шэньси педагогикалық университетінің қабырғасында информатика пәнінің оқытушылары Қытайдың интеграцияланған STEM білім беру тәжірибесімен танысты. Бүгінде Қытай Халық Республикасының орта білімді цифрландырудағы жетістіктері бүкіл әлемді тәнті етуде. Аспан асты еліндегі STEM тек мектептердің бастамасына ғана сүйенбейді. Бірыңғай пәнаралық модель аясындағы сұранысқа ие оқыту мемлекеттік деңгейдегі басымдыққа айналып, жасанды интеллект саласындағы ұлттық саясаттың міндетті бөлігі болып отыр.
Әрбір мектепте STEM зертханалар ашылған. Онда оқушылар бастауыш сыныптардан бастап робототехникамен, инженерлік жобалармен, жасанды интеллектпен интеграцияланған креативті пәндік бағдарламалармен айналысады. Хакатондар, олимпиадалар, чемпионаттар оқу үдерісінің заңды жалғасы ретінде қабылданып, кейін қосымша платформаларға – музейлерге (Шэньси провинциясында бұл – Ғылым және технологиялар музейі), университеттік зертханаларға және табысты технологиялық компанияларға ұласады.
– Біз Қазақстанмен ынтымақтастыққа қуаныштымыз, себебі орта білім беру сапасының жоғары стандарттарына көз жеткіздік және жаңа буынның цифрлық серпілісіне бірдей мүдделіміз. Мектептерімізде жасанды интеллектіні бірлесе меңгеріп, енгізуге дайынбыз, – деді Шэньси педагогикалық университетінің ректоры Чэнь Синьбин.
Сиань қаласында қазақстандық мұғалімдер STEM білім берудің стратегиялық және практикалық бағыттарын – тұжырымдамалық басымдықтардан бастап техникалық қамтамасыз етуге дейін жан-жақты пысықтады. Отандық педагогтерді жасанды интеллект пен мыңжылдық дәстүрлердің үйлесімді, қисынды әрі табысты интеграциясы ерекше әсерге бөледі. Бүгінде елдің барлық өңірлерінде, оның ішінде бес тірек ауыл мектебінде жаңа жобалар ауқымды түрде енгізілуде.
Қытай тарапы білім берудің өзекті бағыттары және педагогтердің кәсіби дамуына арналған халықаралық жобаларда ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.
– Қазақстан, Қытай және Малайзияны алғашқы қатысушылар ретінде біріктіретін ауқымды STEM-альянс құру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Бұл жасанды интеллект трендтеріне бағытталған жаңа білім беру хабы болады, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Қабдықаримова.
Наурыз айында Сиань қаласында STEM білім беру бойынша халықаралық жобаның жалғасы жоспарланып отыр.
– Халықаралық тәжірибе, шетелдік әріптестермен кәсіби қарым-қатынас және әлемдік жетістіктерге интеграция екі ел педагогтері үшін де аса қажет екеніне көз жеткіздік. Қазір әлемдегі STEM мұғалімдер цифрлық дәуірдің негізгі сын-қатерлеріне сай білім беруді қамтамасыз ету үшін күш біріктіруде, – деп атап өтті қазақстандық тараптан сианьдық жобаның жетекшісі Арман Ақбердиев.
STEM-жоба Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлы Жібек жолындағы Білім беру және ғылыми-зерттеулер жылы аясындағы ауқымды бағдарламаның бастамасы болып отыр.
Мира АЛИПИНОВА, Сиань