Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Марапаттау рәсімі Бакудегі ADA университетінде БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын 26 қаңтарда аталып өтетін Халықаралық таза энергия күніне арналған іс-шаралар аясында өтті.
CECECO жобалық үйлестірушісі Нигяр Шукюрованың айтуынша, хакатонға Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Пәкістаннан келген 16 мен 35 жас аралығындағы жас мамандар мен студенттер қатысты.
Барлығы 207 өтінім берілді, жобалар цифрлық хабардарлыққа, энергия тиімділігіне және энергетикалық саясатты қалыптастыруға арналған аналитикалық құралдарды әзірлеуге бағытталған.
Үшінші орынды «Орталық Азияда күн энергиясын енгізуді жеделдету» атты Sol-Scout Pro жобасымен Қазақстан өкілі – Nazarbayev University студенті Досбол Ерлан алды. Екінші орынды Әзербайжан өкілі Гюляй Назарова (Баку жоғары мұнай мектебі) CleanAxis жобасымен жеңіп алды. Хакатон жеңімпаздары EcoSense жобасымен Өзбекстаннан келген команда – Ташкент ақпараттық технологиялар университетінен Ферузбек Бакоев пен Бобир Абдуллаев атанды, - деп атап өтті CECECO үйлестірушісі.
- Байқау туралы қараша айында білдім, бірақ емтихандарға байланысты қатысуды ұзақ уақытқа кейінге қалдырдым. Ұйымдастырушылар әзірлеуге шамамен бір жарым ай уақыт бөлгеніне қарамастан жобамен жұмысты дедлайнға бір тәулік қалғанда бастап, оны шамамен 24 сағат ішінде аяқтадым, - деп баяндады Ерлан Досбол.
Оның жобасында спутниктік суреттерді талдау үшін машиналық оқыту және компьютерлік көру әдістері қолданылады. Шешім Жерді қашықтан зондтау деректеріне негізделген күн панельдерін орнату үшін ең қолайлы ғимарат шатырларын анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
- Хакатондар мен машиналық оқыту жарыстарына қатысу тәжірибеме қарамастан жеңісім туралы жаңалық мен үшін тосынсый болды. Бұл үлкен шабыт және Қазақстан мен аймақтағы мамандарды даярлаудың жоғары деңгейінің дәлелі, - деп атап өтті Досбол.
Ол «электротехникалық және компьютерлік инженерия» мамандығы бойынша оқуы және ЖИ саласына белсенді мамандануы оған Жи-жүйелеріне арналған инфрақұрылымы саласында болашақ дамуын жоспарлауға көмектесетінін қосып өтті.
Байқау ұйымдастырушылары жобаларды тек техникалық артықшылықтары бойынша ғана емес, олардың практикалық қолданылуы мен таза энергия мен тұрақты дамуды ілгерілету миссиясына сәйкестігі бойынша да бағалады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілді, сондай-ақ әуе билеттері мен Бакудегі тұру орны төленді.
- Халықаралық байқауға қатысу және жеңіске жету бізді таза энергия мен ЖИ саласындағы инновацияларды әзірлеуді және енгізуді жалғастыруға ынталандырады, - деп атап өтті Досбол.
Іс-шара барысында Әзербайжан мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, академиялық қауымдастық және дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен дөңгелек үстел және панельдік талқылау өтті. Қатысушылар энергияның жаңартылатын көздеріне көшу, аймақтық ынтымақтастықты дамыту және инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Хакатонды ECO және UNIDO құрған, штаб-пәтері Бакуде орналасқан аймақтық ұйым – ECO Clean Energy Center (CECECO) ұйымдастырды. CECECO таза энергия саласындағы жобаларды насихаттайды, жастар бастамаларын қолдайды және халықаралық ынтымақтастықты нығайтады.
Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан бір жылдағы ынтымақтастық нәтижелерін қорытындылағанын жазған болатынбыз.