Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Құжат тапсырудың жаңа тәртібі офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламаларына конкурсқа қатысу процесін жеңілдетіп, еліміздің барлық өңіріндегі студенттер үшін оны ашық әрі қолжетімді етеді.
Әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі біліммен қатар қосымша кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік береді. Оқу курсын аяқтағаннан кейін түлектерге «запастағы лейтенант» немесе «запастағы кіші сержант» әскери атағы беріледі.
eGov.kz порталы арқылы өтінішті күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері тапсыра алады. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Бұрын студенттер құжаттарды тікелей жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр болатын. Біз азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету және офлайн жүгінуді азайту үшін сұранысқа ие қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіруді жалғастырып келеміз. Әскери кафедраларға онлайн өтініш қабылдау – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – деді Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.
Өтініш берудің жаңа форматы тек ыңғайлылықты арттырып қана қоймай, тексеру процестерін де автоматтандыруға мүмкіндік береді. Өтінім жіберілер алдында жүйе үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлері бойынша мәліметтерді, сондай-ақ мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады. Байланыс телефоны Мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда автоматты түрде толтырылады, ал тіркелмеген болса қолмен енгізіледі.
Қызметті пайдалану үшін студент eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Басты бет» – «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөлімдері арқылы «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау» қызметін таңдап, онлайн сұрау жолдайды. Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат ұсынылады, ал бас тартылған жағдайда себептері көрсетілген дәлелді хабарлама жіберіледі.
Өтінішті қарау мерзімі оны тапсырған сәттен бастап бес жұмыс күнінен аспайды.
Қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен ҚР Қорғаныс министрлігі бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.
Айта кетейік, Қарулы күштер бөлімшелерінің үйлестіру жаттығуларына 7 мыңға жуық әскери қызметші қатысты.