Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Әлемнің 419-ракеткасы, Нагпур ITF W15 жарысының 2-ракеткасы Ж.Құламбаева жекелей сында ширек финалға шықты.
Жібек алдымен үндістандық Немха Сара Киспоттаны айқын басымдылықпен ұтты – 6:1, 6:2. Содан кейін екінші айналымда тағы бір корт иесі, рейтингіде 1 432-орындағы Пуджа Ингалені камбэкпен тізе бүктірді – 6:7 (5:7), 6:2, 6:1.
Ж.Құламбаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 666-ракеткасы, ресейлік Екатерина Яшинамен таласады. Бір қызығы, Жібек нақ осы Е.Яшинамен бірге жұптық сында жартылай финалға жолдама алды. Қазақстандық-ресейлік жұп ширек финалда үндістандықтар Кашиш Бхатия – Лакшмисири Дандуға тап келді. Бірінші партияда Құламбаева – Яшина бет қаратпады – 6:1. Екінші сетте корт иелері матчты жалғастырудан бас тартты.
Ж.Құламбаева – Е.Яшина финалға шығу үшін үндістандықтар Соха Садик – Мадхурима Савантпен таласады.
Жібек Құламбаеваның 10-11 сәуірде Астанада Билли Джин Кинг кубогы аясында Канада құрамасымен өтетін матчқа ұлттық құрама мүшесі ретінде шақырту алғаны белгілі.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 933-ракеткасы Григорий Ломакин Ахмедабад ITF M15 турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатыр. Ол алғашқы айналымда рейтингіде 929-сатыдағы үндістандық Дев Жавиямен шеберлік байқасты. Бірінші сетте 7:5 есебі тіркелді. Екіншісінде Ломакин 4:1 есебімен алда тұрғанда, қарсыласы бәсекені тоқтатуды жөн көрді.
Г.Ломакин екінші айналымда үндістандық Пранав Картиктен 7:5, 6:3 есебімен қапы қалдырып, ширек финалға жолдама алды. Григорийдің келесі қарсыласы – әлемнің 468-інші, жарыстың 1-ракеткасы, италиялық Александр Бинда.
Қазақстандық теннисші сонымен қатар үндістандық Ишак Экбалмен бірге жұптық сында жартылай финалға өтті. Доданың 1-ракеткасы болып тіркелген Ломакин – Экбал ширек финалда жергілікті спортшылар Рагхав Джайсингхани – Удит Камбодждан айласын асырды – 6:2, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінен кейін ерекше нәтижеге қол жеткізгенін жазғанбыз.