Қазақстандық үш боксшы әлем кубогында жарысты жалғастырады

23.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Ел құрамасынан әлем чемпионатының жүлдегері Виктория Графеева (60 келі) 1/8 финалда Емили Рзаевамен (Әзербайжан) жолықты.

Бұл жекпе-жекте шеберлік жағынан қос боксшының деңгейі едәуір білінді. Отандасымыз алғашқы минуттан толықтай басымдыққа ие болып, нәтижесінде төреші 2-раундтың бел ортасында айқасты тоқтатты. Виктория қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Ал Даниал Сәбит (50 келі) 1/8 финалда Мажарстан өкілі Иштван Шзакамен кездесті.

Алғашқы раундта қарсылас жылдам әрі дәл соққыларымен көзге түсіп, төрешілердің шешімін өзіне аударған еді. Әйтсе де отандасымыз қалған уақытта қарқынын арттырып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.

Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов аустралиялық Марлон Севехонды 4:1 есебімен жеңіп, ширек финалға өтті

Ал Әлем чемпионы Наталья Богданова (70 келіде) 1/8 финалда Олимпиада чемпионы, жоғары салмаққа ауысқан Бусеназ Сюрменелимен (Түркия) қолғап түйістірді.

Қос боксшы да дамылсыз соққыларымен алға ұмтылумен болды. Нәтижесінде спортшылар алма-кезек басымдыққа ие болды. Ал шешуші раундта Бусеназ Сюрменели қарсыласты күтіп алу, аяқпен шебер жұмыс істеу секілді компоненттерде басымдық танытып, 4:0 есебімен жеңімпаз деп танылды.

Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Фарух Тоқтасынов (70 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алса, Назым Қызайбай (54 келі) жарыс жолын аяқтады.

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіліп жатыр.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью