Қазақстандықтар депрессияны шаршаумен шатастырады: қашан психиатрға жүгіну керек?

17.03.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар өздерінің депрессияға түскенін, әлде жай шаршағанын түсіне алмай жүргенін жиі жазады. Дәрігерге қашан жүгіну керек, ал қай кезде жақсы демалып алған жеткілікті екенін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар өздерінің депрессияға түскенін, әлде жай шаршағанын түсіне алмай жүргенін жиі жазады. Дәрігерге қашан жүгіну керек, ал қай кезде жақсы демалып алған жеткілікті екенін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.

Депрессия немесе апатия: қандай белгілерге назар аудару керек?

Countrycassette халықаралық тәуелсіз онлайн-журналы мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан 180 елдің ішінде депрессияның таралуы бойынша 93-орында тұрды. Депрессияға шалдыққан қазақстандықтардың үлесі 4,4 пайыз, бұл әлемдік көрсеткіштен (3,9 пайыз) жоғары.

Зерттеу авторлары науқастарды нақты есептеу - қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселе екенін айтты. Апатия немесе тұрақты көңілсіз жағдайда жүрген адамдардың көпшілігі медициналық көмекке жүгінбейді. Бұл Қазақстанға да тән үрдіс.

Алматы психикалық денсаулық орталығы ересектер диспансерлік бөлімінің дәрігер-психиатры Ксения Запунидидің айтуынша, депрессия белгілері айқын емес, сондықтан жиі еленбей қалады. 

Депрессия белгілері: ашушаңдық;  тез шаршау: адам күні бойы көп күш жұмсамағанымен, өзін бәрібір шаршағандай сезінеді; ұйқының бұзылуы: тым ерте ояну, ұйқыдан кейін сергектіктің болмауы; зейіннің төмендеуі: бұрынғы қарапайым істердің өзі көбірек күш талап етеді.

"Яғни депрессия апатия мен күштің азаюын қамтуы мүмкін. Сондықтан қарапайым адамға созылмалы шаршауды маман көмегін қажет ететін психикалық бұзылыстан ажырату қиын", - дейді Ксения Запуниди.

Мұндай кезде дәрігер бұл жағдайдың қанша уақытқа созылғанына және өмірге қаншалықты әсер етіп жатқанына назар аударуға кеңес береді. 

Дәрігердің айтуынша, қарапайым шаршау көбіне жұмыстағы стресс, физикалық жүктеме немесе ұйқы режимінің бұзылуымен байланысты.

"Әдетте мұндай жағдай бір-екі апта ішінде кетеді. Бірақ көңілсіздік ұзаққа созылып, демалғаннан кейін де басылмаса, бұл депрессия болуы мүмкін және маманға жүгінген жөн", - дейді дәрігер-психиатр Ксения Запуниди. 

Кейбір соматикалық аурулар депрессияға ұқсас болуы мүмкін. Мысалы, темір тапшылығы немесе гипотиреоз сияқты қалқанша без аурулары ұқсас симптомдар тудырады. Сондықтан физиологиялық мәселелерге байланысты шаршау себептерін тексеру маңызды.

Ксения Запуниди "депрессивті үштікке" назар аударуды ұсынады - бұл осы синдромды біріктіретін бірнеше симптом:

екі аптадан ұзақ көңіл-күйдің болмауы; ойлау процесінің баяулауы; қимыл-қозғалыстың баяулауы - қимыл-қозғалыс пен белсенділіктің төмендеуі, ешқайда барғың келмейді, ештеңе істегісі келмейді, айналада не болып жатқанына бәрібір. Депрессия және тұлғалық ерекшеліктер

Депрессияның мінез ерекшеліктерінен басты айырмашылығы - адамның өмір сүру сапасы айтарлықтай төмендейді. Оған күнделікті істермен айналысу қиынға соғады, айналада болып жатқан нәрселерге қызығушылығын жоғалтады және бұрын қуаныш сыйлаған дүниелерден ләззат алмайды.

"Консультация кезінде дәрігер пациенттің тұлғалық ерекшеліктерін анықтауға тырысады - ол бұрын қандай болған, бұл симптомдар пайда болғанға дейін өзін қалай сезінген. Кейбір адамдар табиғатынан меланхолик болады, сондықтан олардың апатиясы мінез ерекшелігінің көрінісі болуы мүмкін", - деп түсіндірді спикер.

Алайда мінез ерекшеліктері өмір сапасының күрт төмендеуіне әкелмейді. Мұндай тұрақты өзгерістер әдетте депрессивті бұзылыстың белгісі, дейді дәрігер. 

Фото: depositphotos.com

Психиатрияда депрессияның бірнеше түрі бар:

стресске жедел реакциядан туындайтын қысқа мерзімді түрі;

Мұнда адамның тұлғалық ерекшелігі маңызды болады. Мысалы, меланхолик адамдар стресстік жағдайларда қысқа мерзімді депрессивті реакцияға ұшырайды.

ұзаққа созылатын түрі - созылмалы бұзылыс.

Психиатрдың сөзінше, егер адам өзін-өзі төмен бағаласа, өзін іштей тұрақты кінәлап, өзін-өзі төмендетсе, ол адамдардан қашқақтап, өмірін бағаламаса бұл классикалық депрессияның белгісі болуы мүмкін.

Депрессия қанша уақытқа созылады?

Ксения Запунидидің айтуынша, аурудың ұзақтығы оның түрі мен себептеріне байланысты.

Мысалы, рекуррентті депрессивті бұзылыс өршу және ремиссия кезеңдерімен өмір бойы жалғасуы мүмкін. 

Мұндай депрессия сыртқы факторларға тәуелді емес, көбіне генетика және биполярлық бұзылыс механизмдеріне ұқсас мидағы нейрохимиялық процестермен байланысты.

"Мұндай жағдайда дұрыс ем мен дәрі-дәрмек таңдау өте маңызды, кейде оларды жылдар бойы қабылдау қажет болады. Ал нақты стресс немесе бейімделумен байланысты депрессивті эпизодтар қысқа уақытқа созылады", - психиатр. 

Әдетте терапия жарты жылдан бір жылға дейін жалғасады. Белгілер жойылғаннан кейін де нәтижені бекіту үшін дәрі қабылдауды жалғастыру ұсынылады.

"Емдеу әдісі симптомдардың ауырлығына байланысты. Жеңіл депрессивті эпизодты психотерапиямен реттеуге болады, бірақ бұған энергия мен уақытты қажет. Егер депрессия орташа дәрежеде болып, екі айдан ұзақ созылса, антидепрессанттар тағайындалады".

Қазақстандықтар депрессия туралы ашық айтады ма?

Эмоциялық және психикалық мәселелер көп жағдайда жабық күйінде қалады. Адамдар көбіне проблемалар туралы айтпайды, психикалық бұзылыстарды ұят нәрсе деп санайды. 

Дегенмен, "депрессия туралы ашық айтатын адамдар саны біртіндеп артып келеді", дейді дәрігер. Бұл әсіресе ересектер психиатриясында айқын көрінеді.

"Стигма мәселесі, әрине, әлі де бар - психиатриялық мекемеге баруды көп адам әлі де жат немесе ұят нәрсе деп қабылдайды. Бірақ жалпы алғанда, саналы түрде көмек сұрауға дайын адамдардың көбейгені байқалады", - деді дәрігер.

Дегенмен әлі күнге дейін ауыр бұзылыстардың өзінде айналасындағылар адам жалған кейіп танытып, проблеманы ойдан шығарды деп санайтын жағдайлар кездеседі. Бұл тақырыптың жабық болуының салдары. 

Психиатриялық есепке қою және еңбекке жарамсыздық парағы

Көп жағдайда пациенттер бірінші кезекте "оларды есепке қоя ма немесе дәрігерге барғаны туралы біреу біліп қоя ма?" деп сұрайды. 

Дірігердің айтуынша, бұған алаңдаудың қажеті жоқ. 

"Депрессивті күйде бола тұра психиатрға жүгіну есепке қояды дегенді білдірмейді. Динамикалық бақылау тек қажет болғанда тағайындалады және пациенттің жағдайына байланысты. Есепке қою процесі күрделі және әркімге арналмаған. Депрессиясы бар пациенттер көбіне есепке қойылмайды", - деп сендірді психиатр. 

Ал еңбекке жарамсыздық парағына келетін болсақ, бәрі қарапайым ұйымдастырылған. 

1. Адам терапевттің жолдамасы бойынша немесе өз бастамасымен психиатрға барады. Дәрігер жағдайын бағалап, ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін жеңіл дәрежелі депрессияны анықтайды. Бұл жағдайда науқасқа стандартты үш күндік еңбекке жарамсыздық парағы рәсімделуі мүмкін. 
2. Егер адамда ауруханаға жатқызуды қажет ететін орташа немесе ауыр депрессия анықталса, құжат стационарда болған бүкіл кезеңге беріледі, бірақ диагноз немесе емдеу себебі еш жерде көрсетілмейді.

Алдын алу бойынша кеңес

Ксения Запунидидің айтуынша, депрессия көбіне өмір ырғағы және сыртқы қысыммен байланысты. Ол жүйкені тоздырып, қалыпты эмоционалды күй үшін қажетті нейромедиаторлар деңгейін төмендетеді.

Сондықтан психикалық денсаулықты сақтау және алдын алу үшін кешенді тәсіл қажет:

өмір салтын қайта қарау: тұрақты ұйқы, физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану,  тұрақты стресс факторларын азайту; қажет болса - дәрі-дәрмек пайдалану. 

Ең бастысы, депрессияны уақытында анықтау үшін маманға баруды кейінге қалдырмау керек, дейді психиатр. Ерте жүгіну емді дұрыс таңдап, депрессияның өмір сапасына әсерін азайтуға көмектеседі.

Мақала авторы:  Анжела Ким
Қазақ тілінде дайындаған: Айнұр Қапышева

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью