Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Мәжілісте қаралып жатқан заңның аясында қазақстандықтарға нөлдік баланспен бірнеше мессенджер мен қосымшаны пайдалануға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерді трафиксіз пайдалану қызметі енгізіледі.
"Бұл азаматтарға нөлдік баланс кезінде де негізгі мемлекеттік сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, eGov, e-Otinish, Aitu ұлттық мессенджері және өзге де қосымшалар", - деді Мәдиев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, заңда байланыс операторлары үшін бірқатар міндет бекітіледі. Атап айтқанда, олар қаржылық есептілікті, сондай-ақ, инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялайтын болады. Ал ұялы байланыс сигналының күшейткіштерін, яғни репитерлерді тек байланыс операторлары әкеле алады.
"Сосын төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін "112" қызметіне адамның орналасқан жерін айқындау мүмкіндігі өтеусіз берілетін болады", - деді вице-премьер.
Айта кетері, мәжіліс депутаттары заңды бірінші оқылымда қабылдады.