Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Халықтың әлеуметтік көңіл күйі адамдардың өз өміріне, материалдық жағдайына және болашаққа деген сенім деңгейіне қандай баға беретіні арқылы анықталды. Зерттеу нәтижелері осы көрсеткіштердің барлығы бойынша респонденттердің жауаптарында оң көзқарас басым екенін көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл мәліметтерді DATAmetrics компаниясы халықтың әлеуметтік көңіл күйін сипаттайтын әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін ұсынған. Олар азаматтардың өмір сапасына берген бағасын, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістер мен болашаққа деген деген сенім деңгейін қамтыған. Сонымен қатар бұл мәліметтер Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша, 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесінде анықталды.
Сауалнамаға қатысушылардың 63,3%-ы өз өміріне толық риза екенін айтса, тағы 31,9%-ы көп жағдайда қанағат білдіреді. Осылайша, респонденттердің 95,2%-ы өз өміріне оң баға береді. Ал 3,4%-ы өз өміріне онша риза еместігін, 1,1%-ы мүлде көңілі томайтынын білдірді.
Өз өміріне берілген оң баға отбасының материалдық жағдайын қабылдау деңгейінен де көрініс табады. Зерттеуге қатысушылардың үштен екісінен көбі (67,6%) отбасыларының материалдық жағдайы соңғы жылда жақсарғанын айтқан. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде көтерілгенін меңзеді.
Респонденттердің 25,5%-ы отбасының материалдық жағдайы өзгермегенін айтса, енді 6,6%-ы нашарлай түсті деп санайды.
Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі өз отбасының келешегіне сеніммен қарайды. Мысалы, он респонденттің шамамен сегізі (78,6%) бір жылдан кейін бүгінгі күннен жақсырақ өмір сүретініне сенеді. Оның ішінде 45,0%-ы өз жағдайы айтарлықтай жақсарады деп үміттенсе, тағы 33,6%-ы белгілі бір деңгейде жақсаратынына үмітті. Бұл азаматтарымыздың болашағынан жақсылыққа үмітті екенін көрсетеді.
Сондай-ақ 15,9%-ы өз отбасының тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп есептейді. Ал респонденттердің 3,4%-ы өз жағдайы төмендегенін айтқан.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері халықтың әлеуметтік көңіл күйінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң бағалаудың басым екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі өз өміріне риза, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалап, алдағы уақытта тұрмыс жағдайының жақсаратынына сенім білдірген.
Іріктеу Қазақстан Республикасы халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына, атап айтқанда тұрғылықты жерінің түріне (қала/ауыл), жынысы мен жасына қарай репрезентативті. Сенімділік ықтималдығы 95% болған жағдайда іріктеменің статистикалық қателік шегі ±1,1%-ға жеткен.
Айта кетейік, DATAmetrics компаниясы бұл зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі № ОСК-11-07/ЗТ-К-29 хабарламасы негізінде жариялап отыр.