Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Air Astana жолаушылары тұмсығында қар барысының суреті бар шағын Embraer ұшағын жақсы білетін болар. Бір кездері оны ішкі рейстерде жиі кездестіруге болатын еді, алайда кейінгі кезде бұл таныс борт көзден таса болды. Жақында қазақстандықтар бұл ұшақ қайда кеткенін сұрастырған болатын, Tengri Travel мән-жайын біліп көрді.
Неден басталды?
Әлеуметтік желі қолданушылары ерекше ұшаққа назар аударған. Желі қолданушысы борттың суретін жариялап, ол қайда жоғалып кеткенін сұрады.
"Бұл бортты көрмегелі көп болды, қазір қайда ұшып жүр екен, өте қызық?", - делінген жазбада.
Скриншот: Threads
Пікір қалдырушылар Embraer-мен ұшқан сәттерін еске алды. Желі қолданушыларының айтуынша, ұшақ Алматы мен Шымкент арасындағы бағытты қоса алғанда, ішкі рейстерді жиі орындаған.
"Осымен Алматыдан Шымкентке ұшқанмын. Ұшақ кішкентай болғанымен, өте жайлы", "Ескі емес еді, жақсы Embraer-лер болатын", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Өзгелері Embraer E190-E2 моделі Air Astana үшін әуе кемесінің салыстырмалы түрде жаңа түрі болғанын және өңірлік маршруттарға өте қолайлы екенін атап өтті.
Әуекомпания не дейді?Біз әуекомпания баспасөз қызметіне хабарласқан едік, ондағылар әуе кемесі лизинг берушіге қайтарылғанын хабарлады.
"Қар барысы" арнайы ливреясы бар Embraer E190-E2 әуе кемесі лизинг берушіге қайтарылды және қазіргі уақытта оны Air Astana әуекомпаниясы пайдаланбайды", - деп атап өтті компания өкілдері.
Қайтару себебі - тасымалдаушының бірыңғай Airbus паркіне көшуі.
"Қар барысы" ұшақтарға қайта орала ма?"Ұшақ Air Astana әуе кемелері паркін жоспарлы түрде жаңарту және оңтайландыру аясында пайдаланудан шығарылды. Әуекомпания Embraer E190-E2 пайдалануды аяқтап, Airbus ұшақтары негізінде бірегейлендіруді жалғастырды", - деп хабарлады Air Astana.
Әзірге - жоқ.
Air Astana мәліметінше, қазіргі уақытта өзге әуе кемелеріне осындай арнайы ливрея салу жоспарда жоқ. Бұл ретте компания алдағы уақытта мұндай жобаларға қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Осылайша, қар барысы бейнеленген танымал ұшақ Air Astana флоты тарихының бір бөлігі болып қалды.
Айта кетейік, қазақстандық әуекомпаниялардың ұшақтары парктен шығарылғанда немесе операторы ауысқаннан кейін Қазақстаннан алыс жерлерде бірнеше рет байқалған. Жыл басында желіде АҚШ-тың Финикс қаласындағы жергілікті әуежайда Air Astana логотипі бар ұшақтың тұрған видеосы жарияланған болатын.
Ал ерекше атаулар мен арнайы ливреялар авиация мәдениетінің бір бөлігі болып отыр: мысалы, FlyArystan ұшақтарына белгілі қазақстандықтардың есімдері берілген. Лоукостер борттарына Роза Бағланова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Ғазиза Жұбанованың, сондай-ақ авиамеханиктен Airbus A320 штурвалына дейінгі жолдан өткен ұшқыш Аманғали Өзгелдиевтің есімі берілген.
Тағы оқыңыз: Танымал ұлттық аспаптарды ұшақ салонында тегін тасымалдауға рұқсат етілмек: бірақ шарттары бар
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу