Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жақында Қазақстан Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап, "бір қолға" берілетін кредиттер санын шектеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Қазақстан Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың несиелік жүктемесін шектеуді жоспарлап отыр, себебі соңғы жылдары тұтынушылық несие беру айтарлықтай өсті. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторының халыққа берген несиелері 25,067 триллион теңгеге жетті, оның 16,854 триллионы тұтынушылық қарыздарға тиесілі. Яғни, олар күнделікті құралға айналды: қазақстандықтар тек тұрғын үй немесе автокөлікті ғана емес, сонымен қатар телефондарды, техниканы, киім-кешекті, жиһазды, авиабилеттерді және акциядағы тауарларды қарызға жиі сатып алады. Бірінші несие бюросының деректері бойынша, 2026 жылдың басында 8,95 миллион қарыз алушыда 39,4 миллион несие болған, яғни бір адамға орта есеппен 4,4-тен келеді. Бұл ретте борышкерлердің 76,9 пайызының екі немесе одан да көп несиесі болған, бірақ сарапшылар мынаны баса айтады: қарыздардың саны ғана әлі қауіпті жүктемені білдірмейді, қарыз сомасы мен адамның табысы маңызды. Үш және одан да көп несие көбінесе 24-тен 40 жасқа дейінгі адамдарда — олар тұрмысын реттеп, ипотека, автонесие алатын ең белсенді жаста кездеседі. Бұл ретте қарыздар біркелкі емес бөлінген: қарыз алушылардың едәуір бөлігінің міндеттемелері салыстырмалы түрде аз, ал ең ірі борышкерлердің 10 пайызы бүкіл портфельдің жартысынан астамын құрайды. Сонымен қатар несиелер қымбат: 2026 жылғы наурызда халыққа теңгемен берілген қарыздар бойынша орташа алынған мөлшерлеме 20,9 пайызды, ал тұтынушылық несиелер бойынша 22,1 пайызды құрады. Отбасылық бюджеттерде қарыздар қазірдің өзінде айтарлықтай орын алады: 2025 жылы қазақстандықтардың ақшалай шығыстарының 6,5 пайызы несиелер мен қарыздарды өтеуге жұмсалды, бұл бір адамға жылына шамамен 84 мың теңгені құрайды. Бөліп төлеуге (рассрочка) байланысты жеке қауіп бар, ол психологиялық тұрғыдан несиеге қарағанда жеңілірек қабылданады, бірақ ол да көбінесе қарыз алу нысаны болып табылады және тауар бағасындағы немесе комиссиялардағы артық төлемді жасыруы мүмкін. Осы жағдайда реттеушілер шектеулер енгізуде: мерзімі ұзақ өткен адамдарға кепілсіз несие беруге тыйым салады, қарыз сомасы мен мерзімін шектейді, борыштық жүктемені есептеуді күшейтеді және қарыздың табысқа қатысты коэффициентін дайындап жатыр. Мәтіннің басты ойы — несиенің өзі жаман емес, бірақ ол үйреншікті тұтыну тәсіліне айналып, болашақ табыстың тым көп бөлігін алған кезде қауіп туындайды.
Басқаша айтқанда, азаматтардың борыштық жүктемесіне шектеу қойылмақ.
Қазақстандықтардың қарызы расымен де көп пе? Әңгіме тұтынушылық мақсаттарға алынған 17 триллион теңгеге жуық қаражат туралы болып отыр. Tengrinews.kz қазақстандықтардың кредиттік жүктемесіне қатысты деректерді зерттеп, "шағын ай сайынғы төлем" неге үлкен қаржылық мәселеге айналуы мүмкін екенін анықтады.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар "қазір сатып ал - кейін төле" қағидасымен өмір сүруге бейімделіп барады. Бұған мынадай мәліметтер дәлел болады:
Тұтынушылық кредиттер бірнеше жыл ішінде үш есеге жуық өсті. Бөліп төлеу қызметі банктердің тұтынушылық қарыз портфелінің төрттен бірін иеленіп отыр. Ал реттеуші BNPL-сервистер мен маркетплейстер үшін жаңа ережелер дайындап жатыр.Анықтама: BNPL-сервис - бұл ағылшынның Buy Now, Pay Later сөзінен шыққан "қазір сатып ал - кейін төле" форматындағы сауда түрі. Бұл жағдайда сатып алушы тауарды бірден алады да, оның құнын бөліп төлейді. Мұндай өнімдерді бөліп төлеу деп атайды, бірақ олардың шарттары өзгеше болуы мүмкін: кей жағдайда артық төлем болмайды, ал басқа жағдайларда өсімпұл, мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұлдар немесе деректерді кредиттік бюроға беру қарастырылуы мүмкін.
Кредит алу баяғыдай таңсық дүние болудан қалды. Жақын араға дейін қарыз тек пәтерге, көлікке немесе күрделі жөндеуге алынатын еді. Қазір телефон, шаңсорғыш, киім-кешек, әуебилеті, жиһаз, косметика, тұрмыстық техника, тіпті жай ғана "акциядағы заттарды" қарызға сатып алу оңай. Сауда жасау процесі жылдам әрі байқалмайтын күйге енді: екі рет бассаңыз болды - тауар сіздікі. Ақшасы - кейін.
Кредиттің өзі жаман нәрсе емес. Егер адам ақшаны не үшін алып жатқанын, қанша қайтаратынын және оның бюджетіне қалай әсер ететінін түсінсе, ол қалыпты қаржылық құрал бола алады. Бөліп төлеу де, егер ол төлемді артық шығынсыз бөлуге көмектессе, қолайлы болуы мүмкін.
Мәселе кредит немесе бөліп төлеу міндеттеме ретінде қабылданудан қалып, үйреншікті тұтыну әдетіне айналған кезде басталады.
Жақында бұл туралы Tengrinews.kz авторлық бағанында танымал экономист Руслан Сұлтанов жазған болатын. Ол қарыз алушылардың жасарып бара жатқанына - жаңа буынның бөліп төлеу мен кредитке өмір сүруге бой үйретіп жатқанына назар аударды. Оның пікірінше, ең қауіптісі - кредиттердің өсуі емес, жастар үшін қаржылық тұрақтылық пен табысына қарай өмір сүру дағдысы қалыптаспай жатып, бөліп төлеудің қалыпты жағдайға айналуы.
Редакция мұның бәрін нақты цифрлармен талдап көруді жөн көрді.
Қазақстандықтардың қанша "тұтынушылық" кредиті барҰлттық банк мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторының халыққа берген кредиттері 25,067 триллион теңгеге жеткен. Олардың үштен екісінен астамын дәл осы тұтынушылық қарыздар құрайды:
Инфографика ҚР Ұлттық банкінің деректері негізінде жасанды интеллект көмегімен жасалған
Ал халыққа берілген кредиттер көлемі бірнеше жыл ішінде былайша өсті:
2022 жылдың басында ол 10,038 триллион теңге болған. Ал 2026 жылдың сәуіріне қарай кредиттер көлемі 25,067 триллионға жетті. Тұтынушылық қарыздар портфелі дәл осы кезеңде 6,132 триллионнан 16,854 триллион теңгеге дейін өсті.Нақтырақ айтқанда, қазақстандықтардың банктерге қарызы айтарлықтай өсті - әсіресе күнделікті тұтынуға алынған қарыздар бойынша.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мынадай динамиканы бөлісті:
2021 жылы банктердің тұтынушылық кредит портфелі 40,1 пайызға өсіп, 6,1 триллион теңгеге жетті. 2022 жылы өсім 25,3 пайыз болды. 2023 жылы - 34,2 пайыз. 2024 жылы - тағы 33,5 пайыз. 2025 жылы өсім қарқыны 21 пайызға дейін бәсеңдеді. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1,2 пайыз болды.Реттеушілер мұны нарықтың "салқындауы" деп атайды. Шынында да, өсу қарқыны бұрынғыдай тым жоғары емес. Бірақ бәсеңдеуге қарамастан, тұтынушылық кредиттеу деңгейі әлі де ауқымды.
Бір орташа қарыз алушының қанша кредиті бар?Бірінші кредиттік бюро (БКБ) деректеріне сүйене отырып, адамдардың қанша қарызы бар екенін ғана емес, бір уақытта қанша кредиттік міндеттемесі бар екенін де қарастырдық.
БКБ талдау орталығы мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықтың бюроға ақпарат беретін барлық ұйым алдындағы қалдық берешегі 27,5 триллион теңге болған.
Бұл сома жеке кәсіпкерлердің кредиттерін қамтымайды, келесі төлем үшін есептелген сыйақыны ескереді және есептен шығарылған берешекті есепке алмайды.
Осы күнге қарай халықтың несие портфелі 8,95 миллион қарыз алушы және 39,4 миллион несие болады. Орта есеппен бір адамға 4,4 несиеден келеді.
Бір қарағанда бұл көрсеткіш алаңдатарлықтай көрінеді. Алайда Бірінші кредиттік бюро мынаны баса айтады:
Бірнеше несиенің болу дерегінің өзі несие жүктемесінің деңгейі туралы пайымдау жасауға жеткіліксіз. Мұндай бағалау үшін барлық несие бойынша қалған берешектің жалпы сомасын және адам табысының көлемін ескеру қажет.
Бұл – маңызды нақтылау. Бір қарыз алушының бірнеше шағын бөліп төлеу берешегі, ал екіншісінің бір үлкен несиесі болуы мүмкін. Ресми түрде біріншісі "көп несиесі бар" болып көрінгенімен, нақты жүктеме екінші адамда болуы ықтимал.
Сонымен қатар, қарыздар саны бойынша қарыз алушылардың құрылымына қарасақ, бір ғана несиенің болуы қазірдің өзінде сирек кездесетін құбылысқа айналғанын көреміз.
Инфографика Бірінші несие бюросының деректері негізінде жасанды интеллект көмегімен жасалды
Бір емес, екі немесе одан да көп несиесі бар барлық борышкерлердің үлесі 76,9 пайыз болды. Салыстыру үшін:
2025 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 76,2 пайызға тең болған. 2024 жылдың басында - 74 пайыз. 2023 жылдың басында - 71 пайыз.Басқаша айтқанда, бірнеше несиелік міндеттеменің болуы қазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналды. Бірақ бұл мұндай борышкерлердің барлығы қиын жағдайда дегенді білдірмейді. Бұл көбінесе несиелер, бөліп төлеулер, несие карталары және басқа да міндеттемелердің күнделікті отбасылық бюджеттің бір бөлігіне айналып бара жатқанын.
Кімдер бірнеше несие алады?Бірінші кередиттік бюро мәліметінше, үш және одан да көп несиесі бар қарыз алушылардың ең жоғары үлесі 24-тен 30 жасқа дейінгі - 68,1 пайыз және 31-ден 40 жасқа дейінгі (67,1 пайыз) қазақстандықтар арасында байқалады.
Бұл ретте екінші топ әлдеқайда көп: оларға қарыз алушылардың жалпы санының 27,4 пайызы тиесілі, ал 24-тен 30 жасқа дейінгі топқа - 17,2 пайызы тиесілі.
40 жастан кейін үш және одан да көп несиесі бар қарыз алушылардың үлесі біртіндеп төмендейді.
41–50 жас аралығындағы топта бұл көрсеткіш 61 пайызды құрайды. 51–60 жас санатында - 53,1 пайыз. 61 жас және одан жоғары - 35,4 пайыз.Бұл деректер дәл осы жас қарыз алушылардың жағдайы нашар дегенді білдірмейді. Бұл көрсеткіштер көбінесе адамдардың тұрмысты түзеп, техника сатып алатын, жөндеу жүргізетін, ипотека, автонесие алатын немесе бөліп төлеуді пайдаланатын ең белсенді шағында бірнеше несие міндеттемелері жиі кездесетінін көрсетеді.
Дегенмен, жоғарыда айтылғандай, экономист Руслан Сұлтанов бұны алаңдатарлық үрдіс деп санайды:
"Экономика үшін бұл өте күрделі белгі. Қарыз алушы неғұрлым жас болған сайын, қаржылық өмір салтына айналу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Адам әлі капитал, жинақ немесе тұрақты табыс қалыптастырып үлгермей жатып, тұрақты қарыз схемасына кіреді. Бұл тек банк секторының ғана емес, біздің қандай қоғам моделін қалыптастырып жатқанымыздың мәселесі. Тұтыну мен өсімнің бұрынғы деңгейін сақтап тұру үшін жүйеге көбірек жаңа несиелер қажет болады. Бірақ борыштық жүктеме неғұрлым жоғары болса, одан арғы өсімнің негізі соғұрлым әлсірей береді. Бұл экономиканы өте осал әрі тұрақсыз етеді".
Толық нұсқасын мына жерден оқуға болады: Жас қазақстандықтар қарызға өмір сүруге бейімделіп барады: мұның қандай қаупі бар?
Қарыздар тең бөлінбегенСондай-ақ БКБ қарыздардың біркелкі еместігіне де назар аударады. Қалған берешегі әр жағдайда миллион теңгеден аспайтын қарыз алушылардың жартысы халықтың несие портфелінің небәрі 5,8 пайызын ғана құрайды - бұл ақшалай түрде 1,59 триллион теңге.
Сонымен қатар ең ірі деген қарыз алушылардың 10 пайызы портфельдің 53,4 пайызын - 14,69 триллион теңге болып отыр.
Бұл маңызды: "қазақстандықтардың қарызға батуын" бәріне бірдей ортақ жағдай ретінде қарастыру дұрыс болмас. Адамдардың едәуір бөлігінің қарызы салыстырмалы түрде аз, ал берешектің негізгі сомасы қарыз алушылардың шағын тобына, яғни әлгі 10 пайызға тиесілі.
Бұл ретте 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықтың жалпы берешек сомасындағы төлемі 90 күннен және одан да көп мерзімге кешіктірілген несиелердің үлесі 7,7 пайыз болды.
Ақша қымбаттадыТағы бір маңызды тұс - қарыздардың құны. Ұлттық банк деректері бойынша, 2026 жылғы наурызда халыққа теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа алынған мөлшерлеме 20,9 пайыз болды. Тұтынушылық несиелер бойынша - 22,1 пайыз. Салыстыру үшін: ипотекалық несиелер бойынша - 10 пайыз.
Ұлттық банк былай дейді:
Қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме тек базалық мөлшерлемеден ғана құралмайды. Оған депозиттердің құны, инфляция, банк үшін ақшаның құны, несиенің мерзімі мен сомасы, маржа, төлемдердің жасалмау қаупі, операциялық шығындар, несие тарихы және клиенттің төлем қабілеттілігі әсер етеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, кредит бір ғана фактордың әсерінен емес, банктің ақша беру жағдайына байланысты қымбаттайды. Бірақ қарыз алушы үшін бұл бір ғана нәрсеге келіп тіреледі: мөлшерлеме неғұрлым жоғары және мерзім неғұрлым ұзақ болса, артық төлем де соғұрлым көп болады.
Бұл ретте мемлекеттік органдар қазақстандықтардың тұтынушылық несиелер бойынша орта есеппен қанша артық төлейтіні туралы бірыңғай статистика жүргізбейді.
Ал Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мәліметінше, төлемдердің соңғы сомасы, артық төлем мөлшері және басқа да параметрлер нақты қаржылық өнімнің шарттарына байланысты, өйткені банктер мөлшерлемелерді, комиссиялар мен тарифтерді заңдағы шектеулерді ескере отырып, өз бетінше белгілейді.
Яғни, "қазақстандықтар пәленше мөлшерде артық төлейді" деген сан жоқ. Бірақ әрбір қарыз алушы оны өзінің төлем кестесінен көріп жүр және мынаны түсінуі тиіс:
миллион теңгеге алынған несие миллион теңгеге тең емес.
Ол шарттарға байланысты 1,2 миллионға, 1,5 миллионға немесе одан да көп сомаға айналуы мүмкін. Адам төлемдердің соңғы сомасына неғұрлым аз қараса, ай сайынғы төлемге келісу оған психологиялық тұрғыдан соғұрлым оңай болады.
Қарыздар отбасылық бюджетке "енген"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы халықтың ақшалай табысы жан басына шаққанда орта есеппен жылына 1 455 065 теңге, ал шығыстары 1 292 914 теңге болған.
Қазақстандықтардың ақшалай шығыстарының құрылымында 6,5 пайызы кредитті/қарызды өтеуге тиесілі. Бұны ақшалай түрде есептесек, бір адамға жылына шамамен 84 мың теңге тек кредит пен қарызды қайтаруға кетеді екен.
Инфографика ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде жасанды интеллектінің көмегімен жасалды
Маңызды: бұл банктердің қарыз алушылар бойынша деректері емес, үй шаруашылықтары бюджеттерінің статистикасы. Ол нақты бір қарыз алушының бүкіл несиелік жүктемесін емес, қарыздардың халықтың орташа шығыстарында қандай орын алатынын көрсетеді.
Бұл қазірдің өзінде әлеуметтік мәселе: егер табыстың басым бөлігі ағымдағы өмірге емес, кешегі сатып алынған дүниелерді өтеуге кетсе, онда адамның болашағына - жинақтарына, еміне, біліміне, демалысына, күтпеген шығындарына мүмкіндік азаяды.
Ұлттық банк бұл тәуекелді тікелей атап өтеді. Реттеушінің сауалымызға берген жауабында былай делінген:
Неге бөліп төлеу несиеден қауіпсіз көрінедіТұтынушылық несиелеудің шамадан тыс өсуі үй шаруашылықтарының борыштық жүктемесін арттырады, оларды табыстың, жұмыспен қамтудың және мөлшерлемелердің өзгеруіне сезімтал етеді, ал ұзақ мерзімді перспективада экономикалық белсенділікті тежеуі мүмкін: адамдардың табысы ағымдағы тұтынуға емес, жинақталған міндеттемелерді өтеуге жұмсалады.
Бөлек әңгіме - бөліп төлеу. Психологиялық тұрғыдан ол несиеге қарағанда жеңілірек қабылданады. "Несие" деген сөз салмақты естіледі. Ал "бөліп төлеу" - зиянсыз сияқты. Әсіресе, жанында "0 пайыз", "артық төлемсіз", "кейін төле" немесе "0-0-24" деп жазылып тұрса.
Бірақ ҚНРДА мәліметінше:
Қазақстан заңнамасында бөліп төлеудің дербес қаржылық қызмет ретіндегі бірыңғай анықтамасы жоқ. Оның мәртебесі сатып алуды кім және қалай қаржыландыратынына байланысты. Егер бөліп төлеуді сатушының өзі өз қаражаты есебінен берсе, бұл сатып алу-сату шарты аясындағы төлемді кейінге қалдыру болып саналады және қаржылық қызметтерге жатпайды.
Ал егер сатып алуды банк немесе микроқаржы ұйымы қаржыландырса, онда бұл негізінен несиелеу: сатушы тауардың ақысын бірден алады, ал сатып алушы кейін қаржы ұйымымен есептеседі.
Бұл тұтынушы үшін маңызды айырмашылық. Егер бөліп төлеу банк немесе микроқаржы ұйымдары арқылы ресімделсе, ол жылдық тиімді мөлшерлемесі, төлем қабілеттілігін бағалауы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптары көрсетілген қарыз ретінде ашылуы тиіс.
Бірақ егер модель басқа болса, оның құны мөлшерлемеде емес, тауардың бағасында, комиссияларда, үстеме бағада немесе мәмілеге қатысушылар арасындағы серіктестік төлемдерде жасырылуы мүмкін.
ҚНРДА мұндай нюанстар стандартталмағанын және ЖТМ-мен салыстыруға келетін форматта ашылмайтынын мойындайды, сондықтан мұндай өнімдердің құны бойынша объективті статистика қалыптастыру қиын.
Анықтама: ЖТМ - бұл жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі. Ол тек номиналды мөлшерлемені ғана емес, сонымен қатар комиссияларды, төлемдерді және басқа да шығындарды ескере отырып, несиенің нақты құнын немесе салымның табыстылығын көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, дәл осы ЖТМ арқылы қарыздың соңында адамға қаншаға түсетінін түсінуге болады.
Бұл ретте бөліп төлеу ендігі шағын ғана сала емес. ҚНРДА деректері бойынша, банктердің тұтынушылық кредиттер портфеліндегі бөліп төлеудің үлесі 26 пайызды, яғни төрттен бір бөлігін құрайды.
Демек, бұл маркетплейстегі ыңғайлы батырма ғана емес, несие нарығының айтарлықтай бөлігі туралы сөз болып отыр.
"0 пайыз" - әрқашан нөл емесЕң сезімтал тұсы – "артық төлемсіз" деген уәде. Сауда және интеграция министрлігі сауалымызға берген жауабында мынаны еске салды: сатушы тауар туралы толық және шынайы ақпаратты, соның ішінде бағасын көрсетуге міндетті. Егер тауардың бөліп төлеу кезіндегі бағасы біржолғы төлем бағасынан өзгеше болса, бұл ақпарат тұтынушыға алдын ала және көрнекі түрде жеткізілуі тиіс.
2025 жылғы 10 қазаннан бастап Ішкі сауда ережелеріне түзетулер күшіне енді. Егер бөліп төлеу сатушының өз қаражаты есебінен ұсынылса, баға көрсеткішінде екі баға – тауардың біржолғы төлем кезіндегі құны және бөліп төлеуге сатып алу кезіндегі құны көрсетілуі тиіс. Аталған талаптар барлық сатушыға, соның ішінде бөліп төлеуді өз бетінше ұсынатын болса, маркетплейстер арқылы тауар сататындарға да қатысты.
Сондай-ақ Сауда министрлігі мынаны атап өтті:
"0 пайыз", "артық төлемсіз" деген жарнама немесе ұсыныс тұтынушыны адастырмауы керек. Егер бөліп төлеу кезіндегі тауардың нақты құны біржолғы төлемнен жоғары болса, бұл жалған ақпарат және тұтынушылардың құқығын бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін.
Бірақ мәселе мынада: бөліп төлеу тек қаржылық өнім емес, мінез-құлық үлгісіне айналып барады. Адам көбінесе қорытынды құнды салыстырмайды. Ол 300 мың теңгені емес, "айына 25 мыңнан" дегенді көреді. 600 мыңды емес, "50 мыңнан" дегенді көреді. Үлкен шығынды емес, кішігірім ай сайынғы төлемді ғана байқайды.
Мұндай төлемдер көбейген кезде мәселе ушыға түседі.
ҚНРДА бөліп төлеуді жаппай қолданудың тәуекелдері ретінде мыналарды атайды:
өз төлем қабілетін асыра бағалау, қаржылық тәртіптің төмендеуі, жасырын борыштық жүктеме, импульсивті тұтыну.Рәсімдеудің жеңілдігі және "нағыз кредит" сияқты сезілмеуі адамның бір уақытта бірнеше міндеттеме алуына әкеп соғуы мүмкін, ал кейін ол табысының едәуір бөлігі алдағы айларға бөлініп қойғанын аңғарады.
Мемлекет несие нарығын тежеуге тырысып жатырРеттеушілер тұтынушылық несиелеудің өсуін шектей бастады. ҚНРДА 2024 жылы несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң қабылданғанын хабарлады. Негізгі бағыттардың бірі - мерзімі өткен берешегі бар қазақстандықтардың қарызын одан әрі ұлғайтуға жол бермеу.
Қазіргі уақытта мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыз алушыларға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салынған. Банктердің кепілсіз тұтынушылық несиелерінің ең жоғары сомасы - 2 200 АЕК-тен (2026 жылы 9 515 000 теңге), ал микрокредиттер бойынша 1 100 АЕК-тен (2026 жылы 4 757 500 теңге) аспауы тиіс. Сондай-ақ кепілсіз тұтынушылық қарыз мерзімі де шектелген - ол бес жылдан аспауы керек.
Борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК)Қазіргі негізгі көрсеткіш - борыштық жүктеме коэффициенті. Ол реттеу тәжірибесіне 2024 жылғы тамызда енгізілді және әлі де мониторингте тұр.
ҚНРДА мәліметтері бойынша, қазір БЖК-ның максималды деңгейі 0,5 деңгейінде белгіленген.
Бұл қарыз алушының барлық міндеттемелері, соның ішінде жаңа несие бойынша жиынтық айлық төлемі оның табысының 50 пайызынан аспауы керек дегенді білдіреді. Егер асып кетсе, банк бас тартуға міндетті.
Жекелеген клиенттер үшін ережелер бұдан да қатаң. Мысалы, ойын бизнесіне белсенді қатысу белгілері бар тұлғалар үшін БТЖ деңгейі 0,25 мөлшерінде белгіленеді.
Қарыз алушы қарызының табысына қатынасы коэффициенті (ҚТК)Ал Қазақстан Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының қарызының табысына қатынасы коэффициентіне (ҚТК) шекті мәнді енгізуді жоспарлап отыр:
қарыз алушының 8 жылдық табысы деңгейінде.
Анықтама: қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ҚТК) қарыз алушының барлық несиесі мен микронесиесі, соның ішінде жаңа қарызы бойынша жалпы берешегінің оның жылдық табысына қатынасын көрсетеді. Бұл құрал қарыз алушының өз міндеттемелерін уақтылы өтеу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Тәуекелдер нашарлаған жағдайда Ұлттық банк сараланған шектеулер енгізе алады немесе ҚТК-ның жалпы деңгейін өзгерте алады.
ҚТК қалай есептеледіҚарыздың табысқа қатынасы коэффициенті қарыз алушының жиынтық міндеттемелері оның жылдық табысынан неше есе асатынын көрсетеді. Формуласы келесідей:
ҚТК = (ЖҚБ+ЖҚМ) / ЖЖТ
мұндағы:
БҚЖС - барлық қолданыстағы қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешектің жалпы сомасы, соның ішінде мерзімі өткен міндеттемелер; ЖҚМ - өтінім беріліп жатқан жаңа несиенің сомасы; ЖЖТ - қарыз алушының жиынтық жылдық табысы, ол орташа айлық табысты 12 айға көбейту арқылы анықталады. 8 нені білдіредіЕгер ҚТК 8-ге тең болса, бұл қарыз алушының жаңа несиені қоса алғандағы жалпы қарызы оның сегіз жылдық табысына дейін жететінін білдіреді.
Ұлттық банк бұл шараның (БТК) мақсаты жай ғана "қыспаққа алу" емес, халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайту, азаматтарды төлем қабілетсіздігі мен банкроттық қаупінен қорғау, қаржылық тұрақтылықты нығайту және банктерді жауапты несие саясатын жүргізуге ынталандыру екенін атап өтті.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру ережелері өзгереді. Банктер клиенттердің табысы мен борыш жүктемесін қатаңырақ бағалай бастайды. Ұлттық банк мәліметінше, борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) мен борыштың табысқа қатынасы коэффициентін (БТК) есептеу талаптары күшейтіледі.
Банктер зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыру жүйесінің деректерін ескеретін болады. Расталған табыссыз несие алу қиындай түседі.
Несие - әрдайым жаман емесНесиенің өзі кесір емес. Егер адам ақшаны не үшін алып жатқанын, қанша қайтаратынын, қалай төлейтінін және табысы уақытша азайған жағдайда не болатынын түсінсе, ол пайдалы құрал бола алады.
Бірақ ол жалақыға дейін күн көрудің, ақша жетпейтін затты "акциямен" сатып алудың немесе бір қарызды екіншісімен жабудың амалына айналғанда - бұл құрал емес, жеке бюджетті қайта қарау қажеттігінің белгісі.
Бөліп төлеу де әрдайым қауіпті емес. Кейде ол шынымен де ірі сауданы үстемесіз бірнеше айға бөлуге көмектеседі. Бірақ оның басты қаупі - жеңілдігінде. Ол бағаны шағын айлық төлемге айналдырып, сатып алуды психологиялық тұрғыдан жеңілдетеді.
Бірінші кредиттік бюроның деректері мәліметінше, қазақстандықтар үшін бірнеше несиенің болуы үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ несие санының көптігі әлі де болса қиын жағдайды білдірмейді. Ең маңыздысы - адамның жалпы қанша қарызы бар екені, табысының қанша бөлігін ай сайын беретіні және өзінде қаржылық қордың қалатын-қалмайтындығы.
Сондықтан кез келген бөліп төлеу немесе несие алар алдындағы басты сұрақ "Мен бұл төлемді ай сайын төлей аламын ба?" емес, басқаша болуы тиіс: "Мен барлығы қанша төлеймін және болашақ табысымның қанша бөлігі өткендегі сатып алулармен байланысты?"
Авторы: Рабиға Дүйсенғұлова
Дайындаған: Дина Шәріпхан