Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы жинағы бір жыл ішінде 4,08 трлн теңгеге қалай өскенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Шілде айының басында қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 28,09 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 4,08 трлн теңгеге немесе 17%-ға артқан. БЖЗҚ мәліметінше, өсімнің негізгі себебі – зейнетақы шоттары санының тұрақты көбеюі.
"1 шілдедегі жағдай бойынша қорда 18,78 млн зейнетақы шоты ашылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,11 млн шотқа немесе 6,3%-ға көп. Оның ішінде салымшылардың 12,80 млн жеке зейнетақы шоты бар", – деді қор мамандары.
БЖЗҚ-да үш түрлі зейнетақы жарнасы бойынша шоттар ашылған:
міндетті зейнетақы жарналары бойынша – 11,36 млн шот;
міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша – 786,27 мың шот;
ерікті зейнетақы жарналары бойынша – 462,40 мың шот.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ-да жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша түскен мәліметтер есепке алынатын 5,97 млн шартты зейнетақы шоты ашылған.
Белсенді шоттар саны артты
Қорда ашылған кейбір шоттарға объективті себептерге байланысты тұрақты түрде жарна түспеуі мүмкін. Сондықтан халықаралық тәжірибеде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу деңгейін бағалау кезінде бір жыл ішінде кемінде бір рет жарна түскен белсенді жеке зейнетақы шоттары есепке алынады.
"2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай шоттардың саны 7,20 млн-нан 7,34 млн-ға дейін, яғни 150,3 мың шотқа өсті. Осыған сәйкес, бұл шоттардағы зейнетақы жинағының көлемі де артты. Алты ай ішінде олардың көлемі 20,95 трлн теңгеден 22,24 трлн теңгеге дейін, яғни шамамен 1,29 трлн теңгеге немесе 6,2%-ға ұлғайды", – делінген хабарламада.
Белсенді шоттардың басым бөлігі тұрақты еңбек қызметін атқарып, зейнетақы жарнасын жүйелі түрде төлейтін азаматтарға тиесілі. Олардың саны алты ай ішінде 6,77 млн-нан 6,93 млн-ға дейін өскен. Ал осы шоттардағы жинақ көлемі 20,10 трлн теңгеден 21,07 трлн теңгеге дейін артқан.
Жалдамалы қызметкерлер қанша жарна аударады
2025 жылғы есепке сәйкес, Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің 80%-ы, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 64%-ы жылына 6-12 рет зейнетақы жарнасын аударған.
"Жалдамалы қызметкерлер арасында жарналардың орташа мөлшері 43 661 теңгені құрады. Бұл республикадағы орташа жалақы деңгейіндегі табыстан төленетін жарна көлеміне сәйкес келеді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында бұл көрсеткіш 23 225 теңге болды. Бұл ең төменгі жалақыдан жоғары, алайда медиандық жалақыдан төмен табыстан төленетін жарнаны көрсетеді", – деді қор мамандары.
Қазіргі таңда жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігі үшін зейнетақы жарнасы тұрақты аударылып келеді. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында зейнетақы жүйесімен қамтылу деңгейі төмен.
Сарапшылардың айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұл санатты зейнетақы жүйесіне тарту бойынша кешенді шаралар қажет. Себебі базалық зейнетақы мөлшері де еңбек өтіліне байланысты есептеледі, ал еңбек өтілі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін міндетті зейнетақы жарналары негізінде айқындалады.
Бүгінде ең төменгі жалақыдан жарна төленетін шоттардың саны 838,3 мыңнан 652,4 мыңға дейін, яғни 22,2%-ға азайған. Сонымен қатар жоғары мөлшердегі табыстан жарна түсетін шоттардың саны артып отыр.