Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Оңтүстік Кореяның Korean Air және Asiana Airlines әуекомпаниялары жолаушыларға Starlink арқылы тегін интернет ұсынбақ. 15 қыркүйектен бастап бұл қызмет тасымалдаушылардың жекелеген ұшақтарында пайда болады, деп хабарлайды Tengri Travel Korea JoongAng daily-ге сілтеме жасап.
Кімдер пайдалана алады?
Алғашқы кезеңде Korean Air төрт ұшаққа - үш Airbus A350-900 және бір Boeing 777-300ER бортына Starlink жабдығын орнатады.
Korean Air тобына кіретін Asiana Airlines әуекомпаниясы Starlink интернетімен он ұшақты - тоғыз Airbus A350-900 және бір A330-300 бортын жабдықтауды жоспарлап отыр.
Жаңа жабдықпен жарақталған ұшақтар негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америкаға, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияға қатынайтын орта және алыс магистральді рейстерді орындайды. Олардың кейбірі қысқа бағыттарда да қолданылмақ.
Интернет барлық класс жолаушыларына тегін болады.
Интернет қалай жұмыс істейді?Korean Air және Asiana Airlines мәліметінше, интернетке қосылу үшін жолаушыларға тіркелу немесе бөлек пакет сатып алу қажет емес. Тек "ұшақ режимін" қосып, бортындағы Wi-Fi желісіне қосылу және отырғызу талонындағы есім мен орын нөмірін енгізу жеткілікті. Қысқа жарнаманы көргеннен кейін Korean Air Wi-Fi немесе Asiana Airlines Wi-Fi порталдары арқылы интернет қосылады.
Әуекомпаниялардың мәліметінше, Starlink бұрынғы борттық Wi-Fi-мен салыстырғанда айтарлықтай жоғары жылдамдықты қамтамасыз етеді. Жолаушылар видео көріп, сайттарды пайдалана алады, онлайн ойындар ойнап, хабарлама алмасуға және бұлтты сервистермен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Дегенмен, дауыстық және видеоқоңыраулар, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер қолжетімсіз болады. Кейбір қауіпті немесе заңсыз сайттарға кіруге де шектеу қойылуы мүмкін. Әуекомпаниялар мұны қауіпсіздік талаптарымен және жолаушылардың жайлылығымен түсіндірді.
Қазақстанға қатынайтын рейстерде Starlink бола ма?Әзірге Starlink интернеті жекелеген ұшақтарда ғана жұмыс істейді, сондықтан оның болуы нақты рейске байланысты болмақ.
Korean Air 2027 жылдың аяғына қарай флотының басым бөлігін Starlink-пен жабдықтауды жоспарлап отыр. 17 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған Asiana Airlines интеграциясынан кейін тегін интернеті бар ұшақтар саны артуы тиіс.
Болашақта Starlink Алматы мен Сеул арасындағы рейстерде де пайда болуы мүмкін. Алайда әуекомпания бұл бағытта қызметті іске қосудың нақты мерзімін әлі атаған жоқ.
Бұған дейін Азаматтық авиация комитетінен (ААК) Қазақстанға қатынайтын рейстерде Starlink арқылы тегін интернет қашан пайда болуы мүмкін екенін сұраған болатынбыз.
Ведомство өкілдері әуекомпаниялардың спутниктік интернет провайдерлерімен, соның ішінде SpaceX-пен келіссөздеріне қатыспайтынын хабарлады. Starlink-ке қосылу, ынтымақтастық шарттары мен оны енгізу мерзімі туралы шешімді тасымалдаушылар өз бетінше қабылдайды.
Сондықтан Қазақстандағы рейстерде тегін интернет нақты қашан пайда болатыны әзірге белгісіз. ААК мерзім әуекомпаниялар шешіміне, жабдықтардың орнатылуына, қажетті тексеріс пен рұқсаттардың алынуына байланысты болатынын атап өтті.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу