Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. Үміт Қазақстандағы алғашқы 10 күнінде қасқыр мен жабайы қабан аулаған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Қазақстанға жеткізілген жолбарыстың алғашқы 10 күндегі тіршілігі мамандардың тұрақты бақылауында болды.
"Мамандар GPS-қарғыбау арқылы оның қозғалысын бақылап, жүрген аумақтарына далалық тексеру жүргізіп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Мониторинг нәтижесінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны анықталды. Жолбарыс қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенген. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.
Мамандардың айтуынша, бұл Үміттің жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жағдайда өз бетінше тіршілік ете бастағанын көрсететін маңызды белгі.
Қазір жолбарыстың қозғалысы күн сайын қадағаланып, оның табиғи ортаға бейімделу барысы зерттеліп жатыр.