Қазақстанның адам саудасына қарсы күрес тәжірибесі ЕҚЫҰ конференциясында таныстырылды

21.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Іс-шарада қазақстандық делегация басшысы негізгі сессияда сөз сөйлеп, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлу, Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының директоры Мария Телалиан, ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі Кэри Джонстон, сондай-ақ Швейцарияның Әділет және полиция федералдық департаменті басшысының кеңесшісі Беат Янс секілді халықаралық сарапшылармен қатар пікір білдірді.

Станислав Василенко өз сөзінде бұл алаңның маңызын атап өтіп, Альянс адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық күш-жігерді үйлестіруге және адам құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.

Фото: Қазақстанның Австриядағы елшілігі

Оның айтуынша, адам саудасы – адам құқықтарын өрескел бұзатын, көбіне жасырын сипатта болатын ауыр қылмыстардың бірі. Осыған байланысты ол мәселені тиімді шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін, яғни халықаралық ынтымақтастықты күшейту, алдын алу шараларын дамыту, қылмыстарды анықтау мен тергеуді жетілдіру, сондай-ақ жәбірленушілерді қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету маңызды екенін жеткізді.

Конференция қатысушыларына Қазақстанда адам саудасына қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, еліміз адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты халықаралық келісімге қосылған, оның ішінде қазіргі заманғы құлдық түрлерімен күреске қатысты 13 құжат бар.

Сондай-ақ Қазақстанның 2003 жылы қабылданған ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы іс-қимыл жоспарына қосылғаны және оны іске асыруға бейілділігі атап өтілді. Қазіргі уақытта еліміз 2027–2029 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Конференция аясындағы «Тіршілік үшін қылмыстандыру: адам саудасының жасырын қырлары» атты арнайы сессияда қазақстандық сарапшы Сәкен Қабибулла сөз сөйледі. Бұрын өзі де адам саудасының құрбаны болған ол Мьянмадағы тәжірибесімен бөлісіп, осындай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда бала саудасы үшін Қазақстан азаматына 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью