Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 7 наурыз-Sputnik. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) халықаралық сарапшылары Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң баға беріп, оның тұрақты дамуы мен экспорттық мүмкіндіктерін атап өтті.
ФАО мәліметінше, Дүниежүзілік банктің бағалауына сәйкес ауыл шаруашылығындағы қосылған құн 11 миллиард доллардан асты. Бұл – тарихи тұрғыдан ең жоғары көрсеткіш.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық өнім экспорты да қарқынды дамып келеді. Алдын ала мәліметтер шамамен 27%-ға өскенін көрсетіп отыр.
"Бұл нәтижелерге ең алдымен, шаруашылықтардың түрлі санаттары үшін жеңілдетілген қаржы құралдарына қолжетімділіктің ұлғаюы арқасында қол жеткізілді. Бұл айналым қаражатына деген қажеттілікті тиімді қамтамасыз етуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашты", – делінген ФАО есебінде.
Сарапшылар Қазақстанның мал шаруашылығы саласының әлеуеті өте жоғары екенін айтты.
"Қазақстан жайылым аумағы бойынша әлемде төртінші орында, жайылымдық жер көлемі 184 млн гектарды құрайды. Бұл жайылымдар бірқатар стратегиялық артықшылықтар береді. Сонымен қатар қатал континенттік климаты кейбір мал ауруларының таралу жиілігін төмендететін табиғи профилактикалық фактор бола алады", – дейді сарапшылар.
Сонымен қатар ФАО мамандары ветеринарлық бақылауды күшейту және өнімнің қадағалану жүйесін дамыту шараларының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жалпы алғанда, ФАО Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға бағытталған күш-жігерін өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлес ретінде бағалайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында экономикалық тиімділік пен әлеуметтік міндеттердің арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екені айтылды.