Қазақстанның банк секторын дамыту мәселесін талқылады

11.06.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Пікірталастың бастамашысы әрі модераторы  Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев болды. Оған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова және қаржы-экономика сала­сын­дағы тәуелсіз сарапшы Ғалым Хұсайынов қатысты.

Сенат Төрағасы банк жүйесінің қазіргі тұрақ­тылығы жағдайында саланың негізгі міндеттері жаңа бейінді заңды тиімді іске асыру, бәсекелестікті ынталандыру, несиелеудің қол­жетімділігін арттыру және бизнес пен азамат­тарға сапалы қызмет көрсету екенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев бизнеске банктік кредит беруді жандандыру қажет екенін бірнеше рет атап өтіп, осы сектор­дағы өзге де өзекті мәселелерге назар аударған болатын. Саланы реттеудің заманауи құқықтық негізін қалыптастыру мақсатымен жаңа Банктер туралы заң қабылданып, күшіне енді. Сондықтан бүгін біз жаңа ережелердің іс жүзінде қалай жұмыс істеп жатқанын және олардың бәсеке­лестікке, несиенің қолжетімділігіне әрі жалпы экономиканың дамуына қалай әсер ететінін талқылап отырмыз. Халықаралық рейтингтік агенттіктер растаған жалпы көрсеткіштер елдің қаржы жүйесіне деген сенімнің сақталғанын көрсетеді. Алдағы жылдар­дағы банк жүйесінің міндеті – осы оң үрдісті сақ­тап, ілгері дамуды қамтамасыз ету және халық пен бизнеске сапа­лы қызмет ұсыну», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сарапшылар жоғары базалық мөлшер­леменің банк секторына әсерін де талқылады. Сонымен қатар Сенат Төрағасы борыш жүктемесінің та­бысқа қатынасы коэффициентін енгізу банктерге қарыз алушының тек ағымдағы төлемдерін ғана емес, барлық міндеттем көлемін бағалауға мүм­кіндік беретінін тілге тиек етті. Алайда бұл көр­сеткішті шамадан тыс қатаң қолдану, әсіресе, бөліп төлеу немесе микро­қарыздары бар адал азамат­тардың несие алу мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Сондықтан бұл мәселеде тепе-теңдікті сақтау аса маңызды.

Бұдан бөлек, қатысушылар бірқатар бағыт бойынша пікір алмасып, бірлескен жұмыстың негізгі міндеттерін белгіледі. Атап айтқанда, реттеу саясатын жетілдіру, ақша-кредит және фискалдық құралдарды үйлестіру арқылы ин­фляцияны тежеу мен несиелеуді қолдау арасын­дағы теңгерімді табу, сондай-ақ банк және фин­тех секторларын трансформациялау мәселе­леріне ерекше мән берілді.

Taldau Talks – ел дамуының өзекті мәселелері мен Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асырудың нақты қадамдары талқыланатын ашық диалог алаңы.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью