Қазақстанның бастамасы ЮНЕСКО тарапынан қолдау тапты

27.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Ұйымның жаңа Бас директоры Халед әл-Анани бастамашылық еткен «ЮНЕСКО-80» реформасын жоғары бағалады. Ол бұл үдерістің мүше мемлекеттермен, ұлттық комиссиялармен және ұйымның өзге де құрылымдарымен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитке көрсетілген қолдау мен алдағы «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі» халықаралық симпозиумына берілген патронаж үшін ЮНЕСКО-ға алғыс білдірілді.

Фото: ҚР СІМ

Сессия аясында ұлттық комиссиялардың дәстүрлі отырысы өтіп, онда ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова сөз сөйледі. Ол ұйымдағы жаңа бастамаларды қолдай отырып, білім беру, ғылым, мәдениет, коммуникация және ақпарат салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тиімді әріптестіктің маңызын атап өтті.

Фото: ҚР СІМ

Сессияның негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан бастамашылық еткен «ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының Ұйым бағдарламалары мен жаһандық басымдықтарын іске асыруға қосатын үлесін күшейту» туралы шешімнің қабылдануы болды. Құжатты әлемнің әртүрлі өңірінен 41 мемлекет бірлесіп қолдады.

Қабылданған шешім ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының қызметін үйлестіруді күшейтіп, оларды ұйымның стратегиялық бағыттарын ілгерілетуге кеңінен тартуға бағытталған. Бұл бастама БҰҰ-ның 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары үшін Халықаралық еріктілер жылы деп жариялауымен де үндеседі.

Сондай-ақ Атқарушы кеңес Алматыда өткен ЮНЕСКО клубтарының Ғаламдық жастар форумының қорытындыларын және 2030 жылға дейінгі даму Жол картасын мақұлдады. Айта кетейік, Қазақстан 2023–2027 жылдары ЮНЕСКО клубтарының Дүниежүзілік федерациясына төрағалық етеді.

Фото: ҚР СІМ

Бүгінде 95 елде 5 400-ден астам бастаманы біріктіретін ЮНЕСКО клубтары қозғалысы жастар шығармашылығын дамытуға, мәдениетаралық диалогты ілгерілетуге, инклюзивті білім беруді қолдауға және экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстанда бұл қозғалыс 2009 жылы құрылған ұлттық федерация аясында дамып келеді. Қазіргі таңда ол еліміздің түрлі өңірлеріндегі 236 клубты біріктіріп, жыл сайын 15 мыңнан астам жасөспірім мен студентті қамтиды.

Осыдан бұрын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына Қазақстаннан қандай мұралар ұсынылғанын жазғанбыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью