Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуде. Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің биылғы алғашқы отырысын аша отырып, Серік Жұманғарин Кеңес мүшелері мен байқаушы елдердің өкілдеріне арнап сөз сөйлеп, Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын атап өтті.
— Қазақстан Президенті мемлекет басшыларына жолдаған үндеуінде ЕАЭО аясындағы ортақ жұмысымыздың басым бағыттарын айқындады. 2026 жылы экономиканың түрлі салаларында жасанды интеллект құралдарын енгізуге, Одақтың логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға, өзара саудадағы кедергілерді жоюға, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аудару ұсынылады, — деді ол.
Сонымен қатар ортақ процестерді толық көлемде жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қазіргі таңда бекітілген 77 ортақ процестің тек 42-сі ғана нақты жүзеге асырылған. Уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері өзара интеграцияланбай, Одақ ішінде тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету қиын.
Басым бағыттардың бірі ретінде «кедергісіз» транзит аталды. Бұл навигациялық пломбаларды кең көлемде қолдануды, бірыңғай транзиттік декларацияны енгізуді және кедендік баждарды төлеуді қамтамасыз етудің біріздендірілген тетіктерін пайдалануды көздейді. Аталған шаралар тасымалдың жылдамдығы мен құнына тікелей әсер етеді.
Сондай-ақ кооперациялық жобаларды дамытуға айрықша көңіл бөлінбек. Қазіргі уақытта Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей компанияларының қатысуымен бес кооперациялық жоба мақұлданған. Негізгі міндет — кооперация қоржынын кеңейту, бірлескен өндірісті ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және локализациялау деңгейін арттыру.
Өткізу нарықтарын кеңейту мақсатында үшінші елдермен сауда келісімдерін кезең-кезеңімен ілгерілету ұсынылды. Бұл келісімдер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнесі үшін тұрақты өсудің негізгі көздерінің бірі ретінде қарастырылады.
Айта кетелік Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы тауарлары негізсіз қысымға ұшырап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүдделерді қорғау үшін белсенді әрекет етуге кеңес берген еді.